Түрік президенті мәлімдемесінде Путинге, дос орыс халқына, Карловтың отбасына қайғырып көңіл айтты. Ресей мен Түркия ынтымақтастығы туралы баса айтқан Ердоған бір апта бұрын ғана Карловтың өз резиденциясында болғанын айтты. Карлов бір апта бұрын Татарстан президентінің Түрік президентімен жолығуында бірге болған.
Ал, Түркияның экс-президенті Абдулла Гүл Twitter-де орыс тілінде мәлімдемелер жасап, Ресей халқына көңіл айтты. Мәскеуге жеткен Түркия Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу да Мәскеуден мәлімдеме жасады. Ол елшіге жасалған қастандықты айыптап, Карлов қазасы үшін Ресей халқына көңіл айтты. Оның сөзінше бұл қастандықты ұйымдастырғандар Ресей мен Түркияның жаңа нығайған ынтымақтастық қатынасына көлеңке түсіргісі келеді. Бұндай пікірді қастандықтан кейін Дипломаттың денесі жеткізілген аурухана алдында журналистерге сұхбат берген Анкараның мэрі Мелих Гокчек те "бұл қастандық Түркияның Ресеймен қарым-қатынасын бұзуды көздеген" деп мәлімдеген еді. Сондай-ақ, Ресейдің Сыртқы істер министрі баспасөз хатшысы Мария Захарова да ресми мәлімдеме жасады.