Си Цзиньпин. Қарапайым еңбеккерден – әлемдік ел басшылығына
04.12.2017, 15:23

Си Цзиньпин. Қарапайым еңбеккерден – әлемдік ел басшылығына

 Қытай Халық Республикасының Төрағасы, Қытай Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Бас хатшысы Си Цзиньпиннің өмір жолы silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталының бетінде...

Қазақстан мен Қытай арасындағы терең достық қарым-қатынас, екі елдің жұмыс байланысы өте тығыз әрі іскер байланысқа негізделген. Си Цзиньпин Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевпен болған халықаралық кездесулерде қазірге дейін 15-ке жуық жүздескен екен. Бұл халықаралық қарым-қатынаста өте аз кездесетін жағдай. Си Цзиньпиннің қазақ еліне деген құрметі өткізілген әр түрлі кездесулерде айқын аңғарылады.

Халықтың қайнаған ортасында шыңдалған тұлға

Си Цзиньпин (1 маусым 1953 жылы, Фупин уезі, Шэньси провинциясында туған) – Қытай Халық Республикасының мемлекет басшысы (2013 жылғы 14 наурыздан бері), Қытай мемлекеттік және саяси қайраткері, Қытай Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Бас хатшысы.

Си Цзиньпиннің өмірбаяны Қытайдың хан деп аталған көне ұлысынан тарайды екен. Болашақ саясаткер Пекинде 1953 жылдың маусымында дүриеге келген.

Балаң Си Цзиньпиннің әкесі Си Чжунсюнь 1960-ыншы жылдарға дейін Аспанасты елінің билеушісі Мао Цзэдунның өзі жетекшілік еткен топ қатарында болған. Әкесінің партиядағы тұғырлы қызметте болуы арқасында Си Цзиньпиннің балалық шағы бақытты өтеді де, тек 1962 жылы жағдай күрт өзгереді. Си Чжунсюньді Хэнань провинциясына жер аударады. Ал баланы, әкесінен кереғар ақыл-ойлар жұқтырмасын деген мақсатпен, басқа провинция – Яньчуаньге жөнелтеді.

Айдауда өткен жылдар Си Цзиньпиннің тағдырындағы ең ауыр жылдарға айналады. Бала аштықты да бастан кешіреді, үңгірде өмір сүріп, тамағын тауып жеу үшін тынымсыз жұмыс істеуге душар болады. Осындай қиыншылықтар жеті жылға шейін созылады да, болашақ саясаткердің мінезін бекітіп, жігерін жани түседі, сондай-ақ коммунистік идеялар бекемдегін одан әрі қалыптастырады. Си Цзиньпин қарапайым халықтың тағдырын солардай сезінеді, өйткені олар, Си Цзипиньнің өзі сияқты, асқан қиыншылықтармен күн көріп жатқан еді сол кездері.

1975-інші жылы Си Цзиньпин Қытайдағы аса беделді саналған Циньхуа университетіне оқуға түседі. Жас жігіт химия-технология бөлімшесін таңдағанымен, Си Цзиньпинге мамандығы бойынша жұмыс істеуге мүмкіндігі болмайды.

Ол 1974-ші жылдан бастап компартия қатарында.

Қытай басшысының бастапқы 20 жылға жуық еңбек жолына қысқаша тоқталар болсақ, болашақ әлемдік деңгейдегі беделді саясаткер 1983 жылы Хубэй провинциясының Чжэндин уезінің хатшы орынбасары, 2000 жылы Фуцзянь провинциясының губернаторы және 2002 жылы Чжэцзян провинциясының басшысы болып жұмыс атқарған. Осы жылы Си Цзиньпин Коммунистік партия Орталық комитетінің мүшесі құрамына енгізіледі. Міне, сол жылдары-ақ сыйлы саясаткер өзін жемқорлықпен ымырасыз күрескер ретінде танытып, халықтың сенімі мен құрметіне бөленеді.

Соның айғағындай, Қытай Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің 18-ші жиналысындағы алғашқы пленумында Си Цзиньпин партияның Бас хатшысы болып сайланды.

Си Цзиньпин басшылығымен Қытай Коммунистік партиясы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету және халықтың әл-ауқатын жақсарту барысында елеулі жетістіктерге жетті.

 

Әке махаббаты – ұлға дарыса игі

ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға және қазақ халқына деген айрықша қарым-қатынасына әкесі Си Чжунсюньнің Ганьсу өлкесі Ақсай-Қазақ автономды уезі басшысының орынбасары болған Сағидолла есімді қазақпен достығы ықпал етуі мүмкін.  Ганьсу өлкесі жергілікті музейдегі қазақ отбасы мен Си Цжуньсюньнің суреті бар.

Си Чжуньсюнь Қытай Компартиясы Орталық комитеті Солтүстік-Батыс бюросының хатшысы болған кезінде, 1950 жылдары Ақсай-Қазақ автономды уезін Ганьсудың Дуньхуан уезінен бөлек шығару жұмыстарына басшылық жасап, оның одан ары дамуын бақылауда ұстаған. Сол кездегі Ақсай-Қазақ автономды уезі бастығының орынбасары қазақ Сағидолла Ганьсу өлкесінің әкімшілік орталығы Ланьчжоу қаласына үш рет барып, Си Чжуньсюньмен кездескен.

1958 жылдың 29 қыркүйегінде Си Чжуньсюнь көрші өңірлерді аралап жүріп, тосыннан Ақсайға келген және ол Ақсай-Қазақ автономды уезін дамыту мәселесіне арналған жиын өткізген. Түскі астан кейін қоштасар кезде Сағидолланың отбасымен суретке түскен. 2013 жылдың 13 қазанында Си Чжуньсюньнің жұбайы Ци Синьнің шақыруымен Сағидолланың ұлы 58 жастағы Бақыт  ҚХР Төрағасы әкесінің 100 жылдық мерейтойына арналған шараға қатысып, оның анасының үйінде қонақта болды және қазақтың ұлттық киімін сыйға тартты. Ендеше, Си Цзиньпиннің қазақ халқына деген құрметі әке қанымен берілген...

Сол өлкеде өмір сүрген адамдар әлі күнге дейін Си Цзиньпинді асқан жылы естеліктермен еске алады. «Ол кісі, дейді куәгерлер, 1969 жылы Бейжіннен Шаньси өлкесінің солтүстігіндегі Ян Чуан аудандық коммунистік үлкен отрядына зиялы жас болып барды. Ауыл қыстақта 7 жылғы жапалы тұрмысымен шыңдалып шықты. Бұл арада ол ненің әділ, ненің шындық екені – іс жүзінен іздеу  екендігін шынайы түсінді, «бұқара» деген атаудың түпкілікті мәні жөнінде ішкерілей ой жүгіртті. Қалың қауыммен қоян-қолтық еңбек етті».

Жас жігіт өзіне сенім артып, сомдалды. Әкесі Си Чжуньсюн оған шынайы дәріптеу, басқалармен ынтымақтаса білу керек екенін бала кезінен-ақ құлағына құйып отырады екен. Ол ержетіп, адамдармен араласып, қоғамға шыққанан кейін, бұл жөніндегі түсінігі тіпті тереңдей түсті. Осы себептен бе екен, Си Цзиньпиннің қарапайым халықпен тез тіл табысуы және халықтың да оны тым жақын санайтындары?

 

Балғын шақтан – бекем басшыға айналуы

Халық өзара береке-бірлікте болғанда ғана жұмысты ойдағыдай істеуге болатынын, берекенің қаймағы бұзылып, араға іріткі түскенде, ісің кері кететінін байқады ол. Сондықтан Шаньси  өлкесінің қиыр шетінде, жат жерде жүрген күндерде ынтымақты бойтұмар етті.

Ауылдың қарадүрсін, жапағатты тұрмысында болған кездерінде, көпшілікпен еңбек істеп, тұрмысқа төселеді балғын жігіт. Соның арқасында еңбек өткелінен сүрінбей өтті ол. Содан бастап Си Цзиньпин жолдастың жатағына жергілікті халықтар арасында оған қыдырып келетіндер де көбейді. «Сол кездерде бұл кісінің жатағы ауылдың орталығына айналған еді», деседі халық. Әр күні кеште келетіндердің аяғы үзілмейтін. Олар өткен-кеткенді сыр шертісіп, қызықты әңгімелер айтып, әңгіме көркін қыздыратын. Кейін келе, сол ауылдың басшысы да ол кісіден ақыл кеңес сұрайтын болды, «жастардың көз аясы кең, білетіндері бізден көп», дейді ауыл бастығы.

Қазір қарасаң, 15 жастан бастап осы сары топырақты ауылға келіп, 22 жаста осы ауылдан кеткенше, дихан халықтың ойынан шыққан. Алға басқан әр қадамның бәрінде халыққа жаратқан мол үлестер жатыр. Адам жұмыс істеуде төменгі сатыдан таңдауды көп дәріптейді, өйткені бұл кісінің бастан кешіргенінің барлығы берік таным мен сенім, айқын халықтық майдан, өскелең тарихи борыш, шынайы нақты стиль, батылдықпен жаңалық жарату рухы, ғылыми әдісі сынды асыл парасатты мінезі шыңдалып, өз жолына сенімді қадам мен мақсатты ізденісі де айқындала түсті оның.

 

Қазақстан мен Қытай діңгегі – тарихи достастық

Қазақстан мен Қытай арасындағы терең достық қарым-қатынас, екі елдің жұмыс байланысы өте тығыз әрі іскер байланысқа негізделген. Си Цзиньпин Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевпен болған халықаралық кездесулерде қазірге дейін 15-ке жуық жүздескен екен. Бұл халықаралық қарым-қатынаста өте аз кездесетін жағдай. Си Цзиньпиннің қазақ еліне деген құрметі өткізілген әр түрлі кездесулерде айқын аңғарылады.

Қытай – Қазақстан халықтарының ұзақ тарихи достық қатынасы бар. Әлемге әйгілі «Жібек Жолы» екі ел халқының қоян-қолтық қатынасын әлі күнге дейін жалғап келеді. Экономиканы дамыту – Қытайдың қазіргі алға қойып отырған басты міндеті. Бұл міндетті орындау үшін бейбіт тұрақты халықаралық орта қажет. Сол үшін Қазақстанмен бейбіт тепе-тең саясат ұстану, нақты принциптер негізінде қарым-қатынас – дамыту Қытай сыртқы саясатының басты бір құрамы. Қытай Қазақстанмен қатынасын дамытуға ерекше назар аударып, осыны сыртқы қатынастарындағы ең басты орынның біріне қойып отыр. Қазақстан мен достық қатынасты жақсарту Қытайдың батыс, солтүстік аймақтарындағы тыныштық пен осы аймақтың экономикасын дамытуға септігін тигізетіні белгілі.

Биылғы 14-15 мамыр аралығында Бейжіңде өткен «Бір белдік-бір жол» халықаралық ынтымақтастық саммитінің ашылу рәсімінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты Қытай төрағасы Си Цзиньпин ерекше мәртебемен қарсы алды.

Бүгінде Қытай мен Қазақстанның қарым-қатынасы жаңа тарихи сатыға көтерілді, алдымыздан жаңа мүмкіндіктер ашылуда. Жинақталған бағалы тәжірибе мен өткен 20 жыл ішіндегі ынтымақтастық байланыстар біздерге одан әрі де ілгері жылжуға ырғақты серпін береді. Біз, екі елдің азаматтары да, өзара сенімнің, өзара тиімділік пен бірлесіп дамудың жоғары рухын басшылыққа ала отырып, ынтымақтастықты барлық деңгейлерде және барлық бағыттарда біздің стратегиялық әріптестігімізді одан әрі дамыту тұрғысынан нығайта түсуіне септігімізді тигізсек – нұр үстіне нұр болар еді.

Серік Кененбай,

журналист.

Бейжің – Астана.

 

Автор туралы: Серік Кененбай 1962 жылы 28 қарашада ҚХР-да Құлжа каласында дүниеге келді. 1986 жылы Ұлттық мемлекеттік институттың филология факультетін бітірген. Қоғамдық негізде Қазақстан қазақша күрес қауымдастығының вице-президенті, Азия Қазақ күресі қауымдастығының президенті.

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер