Қазақстан Республикасының «Жылжымайтын мүлікке құқықты мемлекеттік тіркеу туралы» Заңына енгізілген өзгерістерге сәйкес, 2013 жылдың 1-қаңтарынан бастап Қазақстан аумағында жылжымайтын мүлікке құқықты мемлекеттік тіркеу электронды түрде енгізілді.
Елімізде соңғы жылдары мемлекеттік органдармен мемлекеттік қызмет көрсетулерді автоматтандыру бойынша шаралар қабылданып, мемлекеттік қызмет түрлері электронды түрде көрсетіле бастады. Бүгінгі күні жылжымайтын мүлікке құқықты электрондық тіркеу қызметі Қазақстанның барлық өңірлерінде қолжетімді. Осы мақсатта Әділет министрлігінде жылжымайтын мүлік рәсімін оңтайландыру жөнінде шаралар қабылданып, азаматтардың жылжымайтын мүлікке құқықтарын электронды түрде тіркеу жүзеге асуда.
Осыған орай, заман талабына сәйкес «Е-нотариат» бірыңғай нотариалдық ақпараттық жүйесі қолданысқа енгізілді. Бұл жүйенің негізгі міндеттерінің ішінде нотариалдық құжаттарды есепке алу мен сақтауды қамтамасыз ету, жеке және заңды тұлғалар, жылжымалы және жылжымайтын мүлік туралы деректерді сәйкестендіру мен тексеруді жүзеге асыру; нотариустар, республикалық нотариалдық палата мен аумақтық нотариалдық палаталар, сондай-ақ бақылаушы мемлекеттік органдар арасындағы тиімді ақпарат алмасуды қамтамасыз ету қызметі бар.
«Е-нотариат» нотариустарға нотариалдық әрекеттер туралы уақытылы және нақты есептілікті қалыптастыруға мүмкіндік береді және әділет органдарының қызметкерлері үшін нотариустардың қызметін үйлестіру және мониторинг үрдісін жеңілдетеді.
Е-нотариат жүйесі нотариалдық келісімдерді жасаған кезде экономикалық қылмысқа жол бермей, алаяқтықты және Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылуының алдын алады.
Нотариуста келісім-шарт жасағаннан кейін азаматтарға ХҚКО-ға құжат тапсырып, Әділет органдарының шешімін күту міндетті емес. Электрондық тіркеу үшін азаматтардың электрондық сандық қолтаңбалары қажет емес. Тіркеу үшін ең бастысы ЖСН, Интернетке қолжетімділік, банк төлем карточкасы қажет екенін атап өткен жөн.
Енді, жылжымайтын мүлікке құқық белгілеуші құжатты рәсімдегеннен кейін нотариус бірден сол жерде құқықтарды тіркеуге өтініш бере алады. Ол үшін нотариус өтініш беруші туралы мәліметтердің нысанын толтырады, ҚР ӘМ әділет департаментіне жөнелтеді және өтінішті қабылдау туралы және төлемнің сомасы туралы хабарламаны алады. Нотариус бірегей нөмірмен хабарламаны басып шығарады және өтініш берушіге береді, одан кейін клиент электрондық үкімет порталында төлемді жүргізу қажет. Ол үшін өтініш беруші порталда тіркелуі керек, ал электронды қолтаңбаның қажеті жоқ.
Әділет департаментінің мамандары электрондық чекті алысымен, жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеуге кіріседі. Нәтижесінде құқықты тіркеу туралы хабарлама нотариусқа, сондай-ақ өтініш берушінің электрондық мекенжайына беріледі.
Жылжымайтын мүлік құқығын мемлекеттік тіркеу жүйесіне енгізілген бұл жаңалық әкімшілік кедергілерді жоюға, азаматтар үшін қолайлы жағдай туғызуға бағытталған.
Жылжымайтын мүлікке құқықтарды электрондық тіркеудің артықшылығы нотариуста мүлікті меншіктен шығару туралы шарт жасасқаннан кейін, Халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгінудің және әділет органдарының шешімін күтудің қажеті жоқ. Барлық қажетті ақпарат нотариустан тіркеуші органға «Бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйесі» арқылы автоматты түрде түседі, яғни меншік құқығын тіркеу уақыты бір жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады. Осылайша жылжымайтын мүлікті сатып алу және оған құқықты тіркеу бір жұмыс күнінен артық емес уақытта орындалады. Ал мемлекеттік тіркеу үшін салым «Электрондық үкіметтің» төлем шлюзы арқылы төленеді.
Тіркеуші орган электрондық түбіртек пен құқықтық кадастрдың ақпараттық жүйесіне құқық белгілейтін құжаттың электрондық көшірмелері келіп түскен соң жүргізілген тіркеу туралы Бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйеге хабарлама жолдайды.
Заңды және жеке тұлғалар үшін осындай рәсімнің артықшылығы – уақытты үнемдеуге және материалдық шығынын қысқартуға мүмкіндік береді.
Елбасының тапсырмаларын жүзеге асыру бағытындағы әділет органдары жұмысындағы өзгерістер мен жаңалықтар халық мүддесі үшін және әкімшілік кедергілерді жою, тіркеу рәсімін ықшамдау мақсатында енгізілді.
Қорыта келе, жылжымайтын мүлікке құқықты мемлекеттік тіркеу ісі заман талабына сәйкес жүргізіледі. Осыған орай қазіргі таңда жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу үшін электронды түрде түскен өтініштер саны күннен-күнге көбейе түсуде.
Әйгерім Тілегенова,
Алматы қаласы Әділет департаментіндегі
жылжымайтын мүлікті тіркеу басқармасының
жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу
жұмысын ұйымдастыру бөлімінің маманы
© economics.kazgazeta.kz