«Көрмеге әлемнің 28 елінен 318 компания қатысып отыр. Көрме қонақтары қорғаныс өнеркәсібі кешені және ғарыш саласындағы соңғы жетістіктермен таныса алады. Бұл жолы электрондық жүйе мен байланыс және қару-жарақты басқару жүйесін дамытуға айрықша мән берілді», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы Қазақстанның тату көршілік пен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бейбіт саясат жүргізіп отырғанын атап өтті.
«Қорғаныс саласы мен Қарулы Күштердің әлеуетін дамыту – мемлекет басымдықтарының бірі. Орталық Азия бойынша бірегей саналатын «KADEX» халықаралық көрмесі бұл басымдықтарды іске асырудың тиімді құралы болып саналады», — деді мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті еліміздің қорғаныс өнеркәсібі кешенін дамыту үшін халықаралық көрмені өткізудің тиімділігіне тоқталды.
«Биыл көрмеге қатысу үшін әлемнің 40 елінен ресми делегациялар мен шетелдік 108 компания басшылары келді. Қол қойылатын іскерлік келісімдер мен шарттар отандық және шетелдік қорғаныс өнеркәсібі кешенінің кәсіпорындары арасындағы халықаралық кооперация мен серіктестікті дамытуға септігін тигізетін болады. Сондай-ақ, бұл инвестиция тартып, жалпы Қазақстан экономикасының экспорттық әлеуеті мен бәсекеге қабілеттігін арттыруға ықпал етеді», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Көрменің ашылу рәсімі аяқталғаннан кейін Елбасы «Қазақстан Инжиниринг» ұлттық компаниясының, Ресей мен Қытайдың павильондарын аралап көрді.