ЭКСПО-2017: Астана туристеріне арналған жадынама
05.07.2017, 17:06

ЭКСПО-2017: Астана туристеріне арналған жадынама

Астанаға қыдырып келетін туристердің басым көпшілігі 6 шілде - Қала күні қарсаңында келеді. Ауқымды іс-шаралар мен шоу-концерттер өтіп, көздің жауын алатын отшашулар атылып, қаланың тыныс-тіршілігі жанданатын кез осы. Silteme.kz порталы «ҚазАқпарат» ХАА сілтеме жасай отырып Астана туристеріне арналған кішігірім жадынаманы ұсынады.

Қос вокзал, қос әуежай терминалы

Биылдан бастап, Астанада екі темір жол вокзалы және екі әуежай терминалы бар.  Жаңа вокзалда Астанаға баратын пойыздардың 60 пайызына қызмет көрсетіледі және ескі вокзал басым ретте транзиттік пойыздарды және қала маңындағы аудандарға қатынайтын белгілі бір пойыздарды қабылдайды. Жаңа  вокзалдың жабық ғимаратына бір мезгілде 6 пойыз қатарынан кіре алады. Тәулігіне 35 мың жолаушыға қызмет көрсетуге қауқарлы ғимарат 26 жедел сатымен, 52 эскалатормен жабдықталған. Жалпы аумағы 126 мың шаршы метрді құрайтын алты қабатты ғимараттың бірінші және екінші қабаттарда 740 көлікке арналған автотұрақ салынған. Сыртқы вокзал аумағына да 700-ге жуық автокөлікке орын бар. Үшінші қабатта - перронға шығатын жолдар, төртінші қабатта - күту залы, бесінші қабатта - дәмханалар мен мейрамханалар және алтыншы қабатта - вокзал әкімшілігі орналасқан. Басты кіреберіс, билет кассалары, анықтама бюросы және сату орындарын вокзалдың төртінші қабатынан табуға болады. Вокзалдың қауіпсіздігіне де көп көңіл бөлінген. Ғимаратта адамдарды тексерістен өткізетін 16 кіреберіс бар. Оның үстіне ақылды жүйемен басқарылатын 510 камера орнатылған. Вокзал жолаушылар ағынын, кезегін, қауіпсіздігін, электронды билет сату процесін интеллектуалдық басқару желісімен қамтылған. Ал Астана әуежайы жаңа терминалының жалпы ауданы 47 мың шаршы метр. Бұдан былай, жаңадан салынған терминал «Т1» деп белгіленсе, ескі ғимарат «Т2» болады. Әуежайдың жаңа ғимаратында орналасқан автоматты терминалдар арқылы отырғызу талондарын қолма-қол алуға болады. Ондай қызмет жүктері аз жолаушылар үшін аса тиімді. Төлқұжат пен билет нөмірін енгізгеннен кейін тіркеудің кезегіне тұрмай-ақ ары қарай өте береді. Бұрын қызметтің бұл түрін тек «Эйр Астананың» жолаушылары ғана қолдана алатын. Енді, оны кез келген әуе компаниясының клиенттері пайдалана алады. Жаңа терминалда төрт кіреберіс бар. Ішінде жолаушыларды тіркейтін 26 бірдей орын және төлқұжат тексеретін 42 кабина орнатылған. Ал жаңа жүйенің арқасында қол жүктердің 1 200 данасын бір сағаттың ішінде өткізуге болады. Жүктерді өткізу жүйесінің басты ерекшелігі сол, қандай да бір қауіпті жүктер болса, оның барлығы автоматты түрде бірден басқа жолақпен кетеді де, қауіпсіз аймаққа шығарылады. Екінші қабатта толығымен дәмxаналар мен мейрамxаналар болады. VIP-аймақта дәретxаналармен бірге душқа түсетін орындар да бар.

Такси бағалары

Әдетте, қауіпсіздік пен жайлылықты алдыңғы орынға қоятын қонақтар алдын ала арнайы таксиге тапсырыс береді. Мәселен, Астананың ескі темір жол вокзалынан ЭКСПО көрмесіне дейінгі 14 шақырым жолды «ЭКО Такси» кроссоверлерімен 1900 теңгеге, седан көлігімен 650 теңгеге жүріп өтуге болады. «Zhebe taxi» компаниясының қызметі 700 теңгеден басталады. Одан бөлек, «Indriver», «Uber», «Яндекс. Такси»  сынды телефон қосымшалары арқылы өзіңізге ыңғайлы бағадағы такси қызметтерін таңдай аласыз. Жол бойында жолшыбай кезіккен таксиге отырғыңыз келсе, алаяқтықтан сақтаныңыз. Әккі жүргізушілер Венгрия азаматын алдаған секілді сізден 40 мың теңге сұрамаса да, екі көше жүргені үшін едәуір сомаңызды қағып алуы ықтимал. Мәселен, Астананың ескі темір жол вокзалынан  қаланың сол жағалауына бару үшін сізден 2000 теңге сұрауы мүмкін. Вокзал аумағынан шығып, Гете-Біржан сал көшелерінің қиылысына келсеңіз, дәл осы мекенжайға 700-800 теңгеге тасуға дайын көліктер табылады. Немесе, әуежайдан қалаға жеткізу үшін 4000-5000 теңге сұрағандарға келісім беруге асықпаңыз, мұқият іздесеңіз, 2500 теңгелік такси қызметін де таба аласыз. Ұялы телефонның көмегімен қаланың картасын зерделеп алуға тырысыңыз, себебі  жаяу жетуге болатын орынға такси ұстап, артық шығынға ұшырауыңыз мүмкін. 

Қоғамдық көліктер

Қоғамдық көліктер де қала туристері үшін маңызды орынға ие. Қала ішіндегі бағыттар бойынша 90 теңге, экспресс-бағыттарда - 150 теңгеге қатынауға болады.   Астана автобустарында электронды және қолма-қол төлем жүйелері қарастырылған. Сондай-ақ, ЭКСПО-2017 аясында қала қонақтары үшін шектеулі жол жүру саны бар көлік карталары шығарылған. Көлік карталарын сауда-ойын-сауық орталықтарындағы ASTRA PLUS дүңгіршектері арқылы, QIWI и Касса 24 төлем терминалдары арқылы немесе екінші деңгейлі банктер көмегімен ASTRA интернет порталы арқылы толтыруға болады. Сонымен бірге, «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізу күндері қаланың шалғай аймақтарын көрме орталығымен байланыстыратын 7 жаңа Shuttle Bus бағдары енгізілді. Мұны көше-жол желісінің жүктемесін төмендету үшін ұйымдастырып отыр. Енді №500 бағыт Халықаралық әуежай - «Нұрлы Жол» темір жол вокзалы, №501бағыт «Рахмет» ОСО - Клиникалық-оңалту орталығы, №502 - «Астана» М - «Арнау» ТК, №503 - «Алай» - «Арнау» ТК көліктік хабы №504 - «Достар-1» ТК - Клиникалық-оңалту орталығы №505 - «Нұрлы Жол» темір жол вокзалы - «Арнау» ТК, №506 - «Кеңмарт» ОСО - «Қазанат» ипподромы арасында қатынайтын болады. Сонымен қатар, №10, 12, 15, 18, 35, 37, 40, 51, 53, 70, 102, 303 қалалық бағыттарына қосымша 50 көлік үстемеленіп, бағдар күшейтілген. Қала қонақтарының түнгі уақыттағы жайлылығын қамтамасыз ету мақсатында Астана басшылығы 23:00-ден таңғы 07:00-ге дейін жүретін автобустарды іске қосты. Яғни, «Теміржол вокзалы - Халықаралық әуежай» арасында № 200 түнгі бағдар енгізілді. Бұл бағдар «Теміржол вокзалы - Біржан сал көшесі - Жеңіс даңғылы - Кенесары көшесі - Республика даңғылы - Қабанбай батыр даңғылы - Сарайшық көшесі - Тұран даңғылы - Достық көшесі - Қабанбай батыр даңғылы - «Пригородный» т/а - Халықаралық әуежай» арқылы жүреді. Жол жүру ақысы 150 теңге, қозғалыс аралығы: 30 - 60 минут.

Қайда тұрақтауға болады?

Қала қонақтары үшін уақытша аялдауға болатын ең тиімді нұсқа - жалдамалы пәтер. Соңғы деректерге сәйкес, Астанада 1 және 2 бөлмелі пәтерлерді 8-15 мың теңге аралығында табуға болады. ЭКСПО ауданындағы пәтерлер әрине, қымбатырақ. Бірақ, қаланың ескі бөлігіндегі пәтерлерді орта есеппен күніне 7-8 мың теңгеге жалдап тұруға болады. ЭКСПО-2017 көрмесіне байланысты Астана қонақ үйлерінің бағасында аздаған өзгерістер орын алды. Бұған дейін «Астана Конвенш Бюро» ЖШС елорда қонақ үйлерімен ЭКСПО-2017 кезінде қызметтері үшін бағаларын көтермеу туралы меморандум жасасқаны хабарланған еді. Бюро өкілдерінің сөзіне сенсек, ЭКСПО қарсаңында әлемдік отельдер желісі өз қызметтерінің бағасын 20% қымбаттатқан. Ал, елорда қонақ үйлерінің бағасы өзгермеген. Халықаралық ЭКСПО көрмесі қарсаңында Астанада барлығы 182 қонақ үй меймандарды қабылдайды. Қонақ үй қоры 13 мың жатын орынды құрайды. Олардың бағасы қонақ үйдің жұлдызы мен орналасатын адам санына қатысты өзгеріп отырады. ЭКСПО кезінде ең арзан уақытша баспана - хостелдер де жұмыс істейді. Оның тәуліктік құны 5 мың теңгеден аспайды. Астана Ішкі саясат басқармасының мәлімдеуінше, қазіргі уақытта Астанада 3,9 мың орындық 92 хостел жұмыс істейді. Бұған қоса елордалық оқу орындарының 18 жатақханасы және өзге өңір тұрғындарының орналасуына арналған 6-8 орындық жеке ұйымдар бар. Олардың орта бағасы тәулігіне 3000 теңге. Жатақханалардағы орындарды бөлу және алдын ала брондау мақсатында бірыңғай брондау жүйесі жұмыс істейді. «Астана Конвеншн Бюро» ЖШС-де барлық хостелдердің орналасқан жері, жатын орындардың бағасы, ұсынылатын қызметтер жөніндегі толық ақпараттар бар және қажет болған жағдайда, олар тұрақтау үшін орындарды іздеп-табуға көмектеседі.

Тамақтану орындары

Астанадағы дәмханалар мен кофеханалардың орташа чегі 2000-5000 теңгені құрайды. Көңіл көтеретін орындардың құны адам басына 4000-10000 теңге аралығында және әдеттегідей, сол жағалаумен салыстырғанда оң жағалаудағы мекемелердің бағалары арзанырақ. Егер күнделікті тамақтану үшін бұл бағаларды қымбатсынсаңыз, қала бұрыштарындағы асханалар желісіне немесе кез келген ойын-сауық орталықтарының фуд-корт зоналарына бара аласыз. Онда халыққа қолжетімді бағада алуан түрлі асхананың тағамдары ұсынылады. Ауа райының күйіп тұрған шағында көше тағамдарына жоламауға тырысыңыз және инфрақұрылымы жасалған тамақтану орындарына ғана баруға кеңес береміз. Көшеден сусын мен балмұздақ, поп-корн сатып аларда да орынның тазалығына мән беруді ұмытпаңыз.

Мәдени шаралар

Астана күні қаланың түрлі аудандарында мерекелік бағдарламалар әзірленген. Мәселен, 6 шілде күні Қалалық алаңда «Motor-Roller» и «UMAY» топтары  ашық аспан астында рок-концерт өткізеді. «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығының жанында «Көшпенділер қаласы» тарихи-этнографиялық, мәдени-ойын-сауық кешені ашылған. Онда орта ғасырлық қаланың тұрмысы көрініс тапқан. Сондай-ақ, Астананың 19 жылдығына Олимпиада чемпионы Евгений Плющенко да үлкен сый әзірлеуде. 6 шілде күні «Барыс Арена» сарайында әлемнің үздік мәнерлеп сырғанаушылары - Евгений Плющенко, Ирина Слуцкая, Никита Михайлов, Анастасия Мартюшева, Нодар Маисурадзе, танымал канадалық фигурист Эмануэль Сандю және өзге де спортшылар «Щелкунчик» шоу-ертегісін қояды. Билет құны 1000-3000 теңге аралығында. 6 шілде күні 15:00-де «Жастар» сарайы алаңында Астана әкімінің Кубогына «Бәрі де ән шырқайды!» атты караоке чемпионатының ақтық сайысы өтеді. 15 үміткердің арасынан үздік деп танылған вокалшы әкім Кубогы мен ақшалай сыйлыққа ие болады. Сондай-ақ, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында 5 шілде күні Мариин театры гастрольдері аясында Дж. Вердидің «Симон Бокканегра» операсы, 6-9 шілде күндері Мариин театры Ф.Мендельсонның «Жазғы түн құшағындағы ұйқы» балеті өтеді. «Астана Балет» театры 5-6 шілде күндері Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының гастрольдері қойылады. Мерекелік күн ауқымды отшашумен аяқталады. Отшашу 23:00-де қаланың үш нүктесінен - «Хан Шатыр» СОСО, Есіл өзенінің жағалауынан және Абылай Хан мен Пушкин көшелерінің қиылысқан тұсынан атылады.

ЭКСПО жеңілдіктері

Биылғы мереке күндері Астанаға сапарлап келген әрбір қонақ ЭКСПО-2017 көрмесіне соқпай кетпейді. Жылдың айтулы оқиғасына айналған «ЭКСПО-2017» көрмесі ТМД елдері аумағында алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Мұнда үш ай бойы «Болашақтың энергиясы» тақырыбында баламалы энергия көздерін табу жөнінде жаңа тәжірибелер мен тың ұсыныстар көрсетіледі және 2,4 миллион қонақ келеді деп жоспарланған. Павильондар таңғы тоғыздан кешкі 21:30-ға дейін жұмыс істейді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бір ғана «Нұр Әлемді» толық аралап шығуға 3-3,5 сағат уақыт кетеді. Ал тұтас павильондармен таныс болу үшін көрмені 4 тәулік аралауға тура келеді. 6 шілде - демалыс күні болып есептелгендіктен, ЭКСПО аумағына кіру билеті 6 мың теңгеден сатылады және 7 шілде күні қайтадан 4 мың теңгеге арзандайды. ЭКСПО аумағына мүгедектер, ҰОС ардагерлері, 6 жасқа дейінгі балалар және жетім балалар тегін кіре алады. Ал 6-17 жас аралығындағы балаларға, зейнеткерлерге, студенттер мен көп балалы аналарға ЭКСПО билеті 50 пайыз жеңілдікпен сатылады. Тағы бір атап өтерлігі, Қала күніне орай, ЭКСПО-да мерекелік акция жұмыс істейді. Яғни, 1-10 шілде күндері Астана тұрғындары мен қонақтары көрмеге үш билет сатып алса, төртінші билет тегін беріледі. Демалыс күндері 17 жасқа толмағандар көрмеге тегін кіре алады. Ал 12 жасқа толмаған балалар тек ата-аналарымен ғана, құжаттарын тексеру арқылы кіргізіледі. Сондай-ақ, кешкі сағат 18:30-дан бастап «Кешкі билетпен» кіруге болады. «Кешкі билет» құны жұмыс күндері 2 мың теңге, демалыс күндері - 3 мың теңгені құрайды. Акциядан тыс 50 мың теңгелік арнайы абонементті сатып алған адам ЭКСПО аяқталғанша көрме аймағына еркін кіріп-шыға алады.

Дерек көзі: ҚазАқпарат

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер