Бұл туралы ҚР Үкіметінің баспасөз орталығындағы баспасөз конференциясында ҚР инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек айтты, деп хабарлайды primeminister.kz сайтына сілтеме жасай отырып silteme.kz.
Оның айтуынша, соңғы 7 жылдың ішінде әуе көлігімен транзиттік жолаушылар ағыны шамамен 20 есеге артқан: 2010 жылы 20 мың адамнан 2016 жылы 478 мың адамға дейін өсім байқалған.
Жеңіс Қасымбек «Primeminister.kz» журналистінің азаматтық авиациядағы транзитті дамыту туралы сұрағына жауап бере отырып, авиациялық транзит Қазақстан экономикасының маңызды құрамдас бөліктерінің бірі болып табылатынын атап өтті. Себебі, әрбір транзиттік жолаушы Қазақстанда шамамен 600 доллар қалдырады.
«Егер барлық көлік шығындарын алып тастайтын болсақ, транзиттік жолаушы елімізде жарты тәулік немесе тәулік уақыт болатын болса, Қазақстанда кем дегенде 200-250 доллар қалдырады», - деді министр.
Қазақстанның әуе кеңістігі арқылы өтетін транзиттік ұшу көлемі жыл сайын 6-7%-ға артып жатыр. Қазақстан арқылы өтетін жолаушылар ағыны негізінен мына бағыттарда: Қытайдан Еуропаға, Ресейге және Түркияға, Еуропа мен Үндістан, ОША арасында, Украина мен Өзбекстан арасында, Қырғызстан мен Оңтүстік Корея, Еуропадан Оңтүстік-Шығыс Азия аралығында байқалады.
«Биыл шет мемлекеттердің 130 мыңға жуық әуе көлігі Қазақстан арқылы ұшады деп күтудеміз. Қазақстан арқылы әуе транзитін жүргізудің тартымдылығын арттыру үшін Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы аясында 2017 жылдың соңына дейін 600 мың транзиттік әуе жолаушыларын, ал 2020 жылға дейін шамамен 1,6 млн адамды тасымалдау көзделген», - деді Ж. Қасымбек.
Аталған көрсеткіштерге қол жеткізу үшін пилоттық режимде ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу кезінде қазақстандық әуе компанияларымен Астана және Алматы әуежайлары арқылы келетін ҚХР азаматтары үшін 72 сағаттық визасыз режим енгізілген. Елімізге ұшудың тартымдылығын арттыруға ЭЫДҰ, ЕО елдеріне, БАӘ, Малайзия, Сингапур Республикасы мен Монако Корольдігінің (барлығы 45 ел) азаматтарына визасыз режимнің енгізілуі елеулі ықпалын тигізетін болады.
ЭКСПО кезінде Астанада ашық аспан режимінің енгізілуі оң септігін тигізіп жатыр – халықаралық бағыттардың жиілігі артты. Мысалға, ұшақтар Пекин мен Лондонға күн сайын ұша бастады. Соңғы айда 9 жаңа бағдар ашылды.
«Оң өзгерістер бар. Біз осы нарықта үлкен транзиттік ел ретінде лайықты орнымызды аламыз деп есептейміз», - деді Ж. Қасымбек.