16.06.2017, 16:37
ЭКСПО-2017: Қазақстан-Америка бизнес-форумы жаңа межелерді белгіледі
Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында қазақстандық мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар өкілдері мен екі елдің бизнес өкілдерінің қатысуымен Қазақстан-Америка бизнес-форумы өтті, деп хабарлайды ҚР ИДМ баспасөз қызметі.
Іс-шараның басты мақсаты – Қазақстан экономикасының басым секторлары: машина жасау, денсаулық сақтау, құрылыс және ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі салаларына американдық компанияларды тарту, мұнда АҚШ тәжірибесі біздің кәсіпкерлер мен өндірушілеріміз үшін аса пайдалы болмақ.
Екі елдің іскер топтары мен мемлекеттік қызметкерлері қатысқан шарада Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек АҚШ-тың Қазақстанға ең көп инвестиция салып келе жатқан ел екенін айта келіп, алдағы уақытта өзара іскерлік қатынасты одан сайын дамытуға шақырды.
«Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтың бір мүшесі ретінде кедендік шекарасы жоқ 180 млн-нан астам халқы бар, сыртқы тауар айналымы шамамен 1 трлн долларға жететін ірі нарықтың бір бөлігі», - деген министр Қытай нарығына да Қазақстан арқылы еркін шығу мүмкіндігін таныстырды.
Форум жұмысына СІМ, ИДМ, ДСМ, ҰЭМ, ҚМ, ЭМ, Ақмола облысы әкімдігінің басшылығы, Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі, АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі қатысты. Қатысушылар ұлттық компаниялардың (Самрұқ-Қазына, ҚазақИнвест, ҚазАгро, СҚ «Фармация», АХҚО), бизнес өкілдерінің, сондай-ақ ірі американдық компаниялар өкілдерінің жұмысын талқылады.
Министр Жеңіс Қасымбектің айтуынша, Қазақстанда инвестиция тарту үшін барлық қолайлы жағдайлар жасалған. Бүгінде Қазақстанда 10 арнайы экономикалық аймақ пен түрлі салаларға бағытталған 20-ға жуық индустриалды аймақ жұмыс істейді. АЭА қатысушыларына рұқсат беру процедураларын жеңілдету және жеңілдіктер топтамасы қарастырылған. Сонымен қатар, үш мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылуда, атап айтар болсақ, «Нұрлы жол» - көліктік-логистикалық, индустриалды, энергетикалық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған. «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы және 2020 жылға дейін индустриалды-инновациялық дамыту бағдарламасы - ол қайта өңдеу саласында жоғары технологиялық экспортқа бейімделген өнімді өндіруге бағытталған. Мұнда түрлі мемлекеттік қолдау шаралары бар: несие бойынша пайыздық үстемақыны субсидиялау, сервистік қызмет көрсету, инвестициялық және салықтық артықшылықтар.
Министр өз сөзінде мемлекет тарапынан ірілі-ұсақты бизнесті қолдау үшін ұсынылған осы мүмкіндіктердің шетелдік кәсіпкерлер үшін де, соның ішінде америкалық іскер адамдар үшін де ұсынылатынын айтты.
Қазіргі таңда елімізде түрі салаларда америкалық капиталдың қатысуымен бірлескен 500-ге жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Соңғы он жылда Қазақстанға тікелей инвестиция ағымы 265 млрд доллардан асып жығылған.
ҚР-да белгілі компаниялармен қатар (General Electric, Schlumberger, Citi, MasterCard, Coca-Cola және т.б.) Астанаға алғаш рет американдық IT-компаниялардың өкілдері де (IBM, Autodesk) келді. Сондай-ақ, Форум аясында екі елдің бизнес өкілдерімен екіжақты келіссөздер жүргізу жоспарланып отыр (В2В).
Американдық бизнес өкілдері осы сапарында ЭКСПО-2017 көрмесін аралап, кезекті Астана Экономикалық Форумының жұмысына қатысуға да ниетті екенін айтты.
Форумды ұйымдастырушылар – Халықаралық түсіністік үшін іскерлік кеңес (Business Council for International Understanding), ҚР-ның АҚШ-тағы Елшілігі және АҚШ-тың ҚР-дағы Елшілігі.
Пікір жазу
Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.
Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін, мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.
E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13