ҚР Инвестициялар және даму министрі ЭЫДҰ стандартына сәйкес елдің инвестициялық климатын жетілдіру бойынша жұмыстарды жалғастыруда.
Бұған дейін ЭЫДҰ инвестиция жөніндегі Комитеті ЭЫДҰ Кеңесіне Қазақстанды қатысушы ретінде шақыру шешімін қабылдады. Кеңестің шешімі биыл наурыз-сәуір айларында белгілі болады деп күтілуде.
Барлық инвесторлар үшін «Бір терезе» қағидасы енгізілді (300-ден астам мемлекеттік қызмет). Бүгінде ол үлкен сұранысқа ие болып отыр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, 5500-ден астам өтініш келіп түсті және шамамен 8000 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Қазір инвесторларға қолдау көрсететін автоматтандырылған жүйені әзірлеу бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Сонымен қатар, Инвестициялық омбудсмен институты қызмет етеді.
Инвестиция тарту бойынша жұмыстар жоғарғы деңгейде күшейтілді. Атап айтқанда, басымдыққа ие 10 елде (АҚШ, Ұлыбритания, Италия, Оңтүстік Корея, Иран, Жапония, Германия, Франция, Қытай, Үндістан) инвестиция тарту бойынша арнайы кеңесшілер белгіленді, сонымен қатар, шетелде «Kaznex Invest» АҚ-ның 5 аймақтық фронт-кеңсесі ашылды (АҚШ, Германия, Түркия, БАӘ, ҚХР).
«Kaznex Invest» АҚ базасында Инвестиция жөніндегі «Кazakh Invest» мамандандырылған ұлттық компаниясы құрылады, ол Үкіметтің атынан мақсатты ТҰК және ірі инвесторлармен келіссөздер жүргізеді.
«Аймақтық деңгейде облыс әкімдерінің басшылығымен инвестиция тарту жөніндегі Кеңес құрылды. Қазір Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, экспорт және инвестиция тарту жүйесін қайта форматтау бойынша жұмыстарды бастадық»-деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.