Мұнан бөлек, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ пен «РТ-Инвест көлік жүйелері» ЖШС арасында да меморандум жасалды. Сол арқылы компания өкілдері тасымалдаушыларға ыңғайлы жағдай жасау және шекарадан кедергісіз өту мақсатында Қазақстан аумағындағы транзиттік көліктерге орнатылған «Платон» төлем жинау құрылғысын жан-жақты қарастыруға келісті.
«Бүгінгі құжаттарға қол қоюымыз біздің компаниялар үшін ұзақ мерзімді және өзара тиімді негізде стратегиялық бизнес әріптестік құрудың және даму кезеңінің басталуын білдіреді», - деді Е.Қизатов.
Ал Ресейдің Көлік министрі Максим Соколов мұндай келісімге қол қою өте маңызды шара саналатындығын баса айтты.
«Платон» жүйесі операторы мен «ҚазАвтоЖол» ҰК арасындағы ынтымақтастық біздің мемлекеттер аумағында ортақ көлік кеңістігін құруға мүмкіндік беріп, тауар айналымын арттыру үшін кедергілерді жояды және тауарлар жеткізу жылдамдығын арттырады», - деді ол.
Айта кетерлігі, Қазақстан мен Ресей автомобиль жолдарын жобалау, қайта жаңғырту, жөндеу және техникалық қызмет көрсету бағыттары бойынша ынтымақтасуға ниетті. Сонымен қатар ірі өңірлік инвестициялық жобалар бойынша жолдардағы ғылыми-техникалық әзірлемелер мен интеллектуалды көлік жүйесін енгізу әрі пайдалану саласында ынтымақтастықты дамытуды жоспарлауда.