Астанада «ЭКСПО–2017» көрмесiнiң ұйымдастырушылар кеңсесiнде «Астана ЭКСПО–2017» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есiмов Қазақстан Республикасында аккредиттелген 50-ден астам дипломатиялық миссия басшыларымен кездестi.
Кездесу барысында басқарма төрағасы «Болашақ энергиясы» тақырыбында өткiзiлетiн халықаралық мамандандырылған көрменi ұйымдастыру жұмыстарымен таныстырып өттi. Оның мәлiмдеуiнше, бүгiнгi таңда секция комиссарларының 98-i тағайындалды. Мемлекеттер мен халықаралық ұйымдарды қоса алғанда 82 қатысу келiсiмшартына қол қойылды.
«Халықаралық қатысушылар павильондары үстiмiздегi жылдың қазан айының аяғында 100 пайыз аяқталатын болады. Бұдан кейiн бiз инсталяция және басқа да жұмыстарды жүргiзу үшiн қатысушыларға павильондарды беретiн боламыз» дедi өз сөзiнде Ахметжан Есiмов.
Сонымен қатар, ұлттық компания басшысы атап өткендей, бүгiнде «Астана ЭКСПО–2017» ҰК» АҚ қазақстандық және шетелдiк серiктестермен 125,5 млн. еуроның келiсiмшарттары мен меморандумдарына қол қойды. Астанада халықаралық мамандандырылған көрменiң құрылысы белгiленген кесте бойынша жүргiзiлуде. «Астана ЭКСПО–2017 ұлттық компаниясының» төрағасы Ахметжан Есiмов осылай деп мәлiмдедi.
Оның айтуынша, қазiргi уақытта құрылыс жұмыстары 85 пайызға аяқталды. ЭКСПО павильондарының құрылысына 13700 жұмысшы және 560 техника жұмылдырылған. ЭКСПО көрмесiнiң танымалдығын арттыру, әлем назарын көрмеге аудару мақсатында әлемдiк БАҚ өкiлдерiнiң қатысуымен бiршама халықаралық шаралар өткiзiлуде. Мәлiметке сүйенсек, масс-медия бойынша аудиторияны қамту 221 млн. адамды құрапты. Жыл соңына дейiн бұл көрсеткiштi 500 миллионға жеткiзу көзделуде.
Айта кету керек, «ЭКСПО – 2017» көрмесiнiң басталуына небәрi 8 ай қалды. Ол 2017 жылдың 10 маусымы – 10 қыркүйегi аралығында өтедi. Көрмеге әлемнiң 100-ден астам мемлекетi мен көптеген халықаралық ұйымдар қатысады деп күтiлуде. Аумағы 175 гектарды алып жатқан, қаланың қақ ортасында орналасқан көрмеге 5 миллионнан астам жергiлiктi және шетелдiк туристер келедi деп болжанып отыр. Сондай-ақ, осынау әлемдiк деңгейдегi ауқымды шара барысында Астанада 3 мыңнан астам түрлi мерекелiк, мәдени, ойын-сауық кештерi ұйымдастырылады.
Жуырда Астанада халықаралық туристiк форум өткiзiлдi. «Астана ЭКСПО–2017» ұлттық компаниясы» АҚ туризм департаментiнiң директоры А.Шайжүнiсовтiң айтуынша, форум аясында бiрнеше ақпараттық турлар ұйымдастырылып, 100-ден аса шетелдiк туроператорлар ел өңiрлерiн аралапты. Осы саяхаттарда шетелдiктерге Қазақстанның басты туристiк нысандары таныстырылған. Атап айтқанда, қонақтарға Жiбек Жолы бағыты, Батыс және Шығыс Қазақстан, сонымен қатар, Жетiсу аймақтарының ең көрiктi жерлерi көрсетiлдi. Жалпы, туристiк бағыттардағы елiмiздiң тарихи, табиғаты сұлу аймақтары 73 учаскеге бөлiнiп, арнайы тiзiмге енгiзiлген. Астанадағы көрмеге келушiлер осы учаскелердiң барлығын тамашалайтын болады. Ресми дерек бойынша, «Астана ЭКСПО–2017» ұлттық компаниясы» тарапынан көрменiң 74 мың билетiн сатып алу жөнiнде 5 iрi келiсiмшарт жасалды. Аталмыш билеттер туроператорлардың турпакеттерiне енгiзiледi.
Ә.Нұржігітұлы