ҚР Премьер-Министрінің ОҚО жұмыс сапары аясында ЖҚШ мәселелері қаралды
22.08.2016, 23:05

ҚР Премьер-Министрінің ОҚО жұмыс сапары аясында ЖҚШ мәселелері қаралды

ҚР Премьер-Министрінің ОҚО жұмыс сапары аясында ЖҚШ мәселелері қаралды mgov.kz

ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Қ.Айтуғанов Түркістан қаласындағы «Мамлакат» ЖҚШ жұмысымен таныстыру барысында ҚР Премьер-Министрі К.Мәсімовке ауыл тұрғындарының жұмыспен тиімді қамтылуын қамтамасыз ету және жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін пайдалану арқылы АӨК өнімдерінің көлемін арттыру шаралары туралы баяндады.

Бүгінгі таңда Елбасының тапсырмасына сәйкес жаппай кәсіпкерлікті дамытуды жандандыру бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігімен ауыл тұрғындарының жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету және қайта өңдеу кәсіпорындары қуаттылықтарының жүктемесін арттыруда жеке қосалқы шаруашылықтардың рөлін арттыру жұмыстары басталды.

Осыған баса назар аударған бірінші Вице-министр ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту үшін «2020 жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында 11,5 млрд. теңге қарастырылғанын атап өтті. Сондай-ақ, құрылатын ауыл шаруашылығы кооперативтерін қаржыландыруға «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ қаражаты есебінен 7,3 млрд. теңге көлемінде қаражат көзделген.

Оның айтуынша, осы бастаманың аясында республикалық ауқымды айтпағанда, тек Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстары бойынша жыл соңына дейін 26 сүт қабылдау пункті, 782 жуық отбасылық бордақылау алаңын құру жоспарланған. Өз кезегінде, бұлар ауылдық округтер ауқымындағы ауыл шаруашылығы кооперативтеріне біріктірілетін болады.

«Бұл жоба үш жыл бойы тәжірибеден өтіп, өз жемісін беруде. Алғашқы рет осы оңтүстік өңірінде сынақтан өткізілгеніне де баршаңыз куәсіздер. Бүгінгі жұмыстар соның заңды жалғасы. Біз бас қосып отырған «Мамлакат» жеке қосалқы шаруашылығы да кооперацияға кіріп, мал басы санын арттырып, бастама табыстылығының нақты дәлеліне айналып отыр. Өнімдерін де қиналмай сатып отырғанын көріп отырмыз. Бұл өзгелерге үлгі боларлық дүние», – деп атап өтті ол.

Бұдан бөлек, сол кездегі облыс әкімі А.Мырзахметовтың бастамасымен жүзеге асырылған сындарлы жобаның бүгінде Оңтүстік Қазақстанда мықты азық-түліктік кешеннің негізін қалағаны айтылды. Яғни, үш жылда бордақылау алаңдары 8 мыңға, отбасылық сүт фермалары 2 мыңға жетіп, олардан 68 мың тонна сүт, 63 мың тонна ет өндірілді және де ең бастысы, 27 кооперация құрылып, 12 488 тұрақты жұмыс орны ашылды. Ендігіде, әбден пісіп жетілген, кәсіп ашудан бөлек, ауылдың әлеуметтік ахуалын түзеуге бағытталған бірден-бір тиімді жоба бүкіл Қазақстанға жол тартып отыр.

Қ.Айтуғановтың хабарлауынша, ағымдағы жылдың басынан бастап «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы ел аумағындағы жеке қосалқы шаруашылықтар базасында ұсақ тауарлы өндірісті дамытуға 10,8 млрд. теңге көлемінде қаражат бөлінген. Қаржыландырылған өтінімдердің саны 4,4 мыңға жуық.

Алдын ала болжам бойынша, аталған шаралар 2,5 жылда 190 мыңға жуық жеке қосалқы шаруашылықты қамтып, 67 мыңнан астам тұрақты жұмыс орынының ашылуына септігін тигізуге тиіс. Бұл қосымша 380 мың тоннадан астам сүт өңделіп, 100 мың тонна ет өндіріледі және 32 мың адам жеке кәсіпкерге айналуға мүмкіндік алады деген сөз.

Қазіргі уақытта барлық жұмыстарды жүйелендіру үшін Ауыл шаруашылығы,  Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрліктері және облыс әкімдіктері арасында үшжақты іс-шаралар жоспарларына қол қойылды.

Ауыл шаруашылығы министрлігінде барлық өңірлерге шығып, ауыл тұрғындары арасында ұсынылып отырған шаралардың басымдылығын, ұйымдастырылатын ауыл шаруашылығы кооперативтерінің оңтайлы жақтарын және ауыл шаруашылығын мемлекет тарапынан қолдау бағыттары бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізетін арнайы жұмыс тобы құрылды. Сондай-ақ, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту механизмдерін жүзеге асыру бойынша аудандық және ауылдық әкімдерді жүйелік негізде оқыту жүргізілетін болады.

Айта кетейік, «ЖҚЖК 2020» аясында жеке қосалқы шаруашылықтар базасында ұсақ тауарлы өндірісті дамытуға 3-6 млн. теңгелік несиелер қарастырылған. Атап айтқанда, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы шағын мал бордақылау алаңдары мен сүт қабылдау бекеттерін қаржыландыру мақсатында арнайы «Береке» және «Бірлік» несиелеу бағдарламаларын жүзеге асыру басталды.

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер