Биыл шаруа қожалықтарды кооперативке біріктіру жұмыстары жалғасатынын айтқан аймақ басшысы, құрылатын кооперативтерде 2 700 тонна ет, 34 200 тонна сүт, 6 мың тонна жеміс, 5 мың тонна көкөніс дайындау жоспарланып жатқанын жеткізді.
«Сонымен қатар, облыста жаңадан 3 173 шағын мал бордақылау алаңы, 731 жанұялық сүт фермасы, 15 шағын құс фермасы, 7 балық шаруашылығы ашылады деп күтілуде. Атқарылатын жұмыстардың нәтижесінде ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 595,3 млрд. теңгеге, өсім 3,9 пайызға жететін болады», - деді Ж.Түймебаев.
Бұдан басқа әкім облыста «Сүт кластерін» және кооперативтерді дамытуға ықпал ететін модульді бекеттер жасалып, оларды кәсіпкерлерге қосымша кепілсіз және алдын-ала төлемсіз лизингке беретін бағдарлама жасалынғанын атап өтті. Сонымен бірге ауыл-аймақтардағы тұрғындарды жаппай кәсіпкерлікке тартып, отбасылық бизнесті дамыту үшін сүт өнімдерін шығаратын, жеміс-жидектерді кептіретін, мал союға арналған модульді бекеттер орналастыру жоспарлануда.