«Тәуелсіздік алған жылдары елімізде жағдай қиын болды. Күн көрудің өзі мұңға айналды. Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық институтта сырттай оқып жүріп, мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалім болып жұмыс істедім. 1994 жылдары мектепте жалақы 6-7 айлап берілмейтін. 26 жастағы жас маманмын. Содан диплом алудың қамымен бір ай Шымкентке кеттім. Үйге келсем, дастарқанда қара нан мен қара шайдан басқа түк жоқ. Кішкентай екі қызымның алдындағы әкелік парызым қайда? Бала-шағамды дұрыс тамақтандырып, дұрыс тәрбие бермесем не бітіріп жүрмін деген сұрақ маза бермеді. Сол жылы қорадағы жалғыз сиыр да қысыр қалған еді. Не де болса, соны сатып бір іс бастау керек деп шештім. Қысыр сиырды 5 мың теңгеге сатпақшы болдым. Ол ойым жүзеге аспады. Базар жабылар тұста өзбектің қариясы келіп: «2 мың теңгеге бер» деп тұрып алды. Амал жоқ, тапқан табысымның 500 теңгесін жүк көлігінің иесіне беріп, қалған 1,5 мың теңгеге үйге азық-түлік алдым. Сөйттім де бала-шағамды үйде қалдырып, Алматыға тарттым. Бастапқыда Кентау қаласында өндірілетін су қайнататын құрылғы, тағы сол сияқты ұсақ-түйек зат саттым. Осылай жүріп, алыпсатарлықты меңгеріп алдым. Бірде нағашым Қайрат базарда кілем сатуды ұсынды. «Барахолка» мен «Көк базарда» сатушы болып жүріп, кілемді қайдан және қалай әкелудің жолын сұрастыра бастадым. Бір жылдан соң Алматыдан үй сатып алып, отбасымды көшіріп алдым», – деп өткенін еске алды кәсіпкер Талғат Ысқақов. Аз уақыттың ішінде аяғынан тік тұрған азамат алдына кілем өндірісін қолға алу мақсатын қояды. Сөйтеді де Шымкентте «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы ашылғанын естіп, туған жеріне атбасын бұрады.
«Отандық өнім өндіру идеясы 2002 жылдан бері миымнан шықпай қойды. «Іздегенге - сұраған» демекші, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы ашылып, мемлекет тарапынан тоқыма, текстиль кластерін дамытуға көңіл бөліне бастаған шақта жер алып, «Бал-текстиль» ЖШС құрдым. Бұл істі жалғыз атқара алмайтынымды біліп, кілем өндірісінде 30 жылға жуық тәжірибесі бар ағайынды төрт түрік азаматының «КARTAL-сarpets» фабрикасымен серіктес ретінде келісімшарт жасадым. Осылайша 2013 жылдың қазан айында алғашқы өнімімізді шығардық. Бүгінде фабрикамыз жылына 2,3 млн шаршы метр кілем өндіреді. Қазір еліміздің түкпір-түкпірінде 400-ден астам сауда нүктеіміз жұмыс істейді», – дейді Талғат Ысқақов. Әу баста жалғыз ашатұяғын сатып, сауданың қым-қуыт тірлігіне еріксіз араласып кеткен кейіпкеріміздің бірде жолы болды, бірде тауы шағылды. Алайда сауданың заңдылығы сондай, ә дегеннен-ақ ешкім табыс кілтін таба алмайды. Бұл жолда жүз құлап, жүз тұрасың. Кейіпкерімізден «Кәсіпті тез арада игеріп алу үшін адамға ең алдымен не қажет?» - деп сұрағанымызда ол: «Ең бірінші – адалдық қажет. Ақша жүрген жерде адалдық болмаса нәтиже болмайды», – деп жауап берді. Бүгінде кілемді ұлттық нақыштағы ою-өрнекпен безендіре білетін мамандар жоқтың қасы. «Бал-Текстиль» ЖШС осы олқылықтың орнын мамандарын Түркияда оқыту арқылы толтырып отыр. «2014 жылы өңірге арнайы іссапармен келген елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бізге келіп, өнімдерімізге жоғары баға берді. Мемлекет басшы қазақы ою-өрнекті көріп, балалық шағын есіне түсірді. «Анам осындай сырмақ, тұскиіз тоқып, текеметті түрлі оюлармен безендіретін еді. Көз алдыма тура сол ою-өрнектер келіп тұр. Қазақтың ұмытылып бара жатқан өрнектерін қайта жандандырыпсыңдар», – деді елбасы. Президенттің фабрикамызға келуі бізге үлкен жарнама болды. Іле-шала швециялық «IKEA» компаниясымен ұзақмерзімді келісімшарт жасадық. Қазір өндірісте жеті заманауи тоқыма қондырғысы бар. Фабрика белгиялық «Van De Wiele», Германияның «M-Tec», Түркияның «Gurelmak», Тайваньдық «Emery» маркалы құрал-жабдықтармен жабдықталған. Қазір еуропалық стандартқа сай жібек кілемдер шығарып жатырмыз», – дейді.
«Бал-текстиль» ЖШС өз өнімдерін Ресей, Германия, Ұлыбритания, Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан, Әзірбайжанға да экспорттап жатыр. Отандық өнімнің бағасы импорттық кілемге қарағанда арзан әрі сапалы. Тұтынушы тарапынан беріліп жатқан баға да оң. «Бал-текстиль» өнімдері 2014 жылы республикалық «Алтын сапа» байқауында үздіктердің қатарынан көрінсе, 2016 жылы Швейцарияның Женева қаласында өткен Халықаралық BID сапа конкурсында «GOLD» номинациясымен марапатталды. Ал 2015 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша үздік салық төлеуші номинациясын жеңіп алды. «Біз өзімізді ғана ойлап қоймай, әлеуметтік сала бойынша да біраз шаруа атқардық. Туған жерім ОҚО облысы, Бәйдібек ауданы Жүзімдік ауылында спорт кешенін салып, жергілікті тұрғындарға тарту жасадық. Ал өзім 2016 жылы ОҚО бойынша әлеуметтік жауапкершілік аясындағы «үздік кәсіпкер» аталымының иегері атандым», – дейді кәсіпкер. «Бал Текстиль» кілем тоқыма фабрикасы Қазақстанның нарығын толық қамти алатынына сенімді болып отыр. Жоба толықтай іске асырылғанда 700 жұмыс орны ашылады. Өндірілген өнімнің 60%-ын ішкі, 40%-ын сыртқы нарыққа шығару жоспарланған. Қазіргі таңда фабрикада 240 адам жұмыс істейді. Жылына 5 млн шаршы метр кілем тоқып, 4 мың тонна полипропиленді кілем жібін өндіруге мүмкіндігі бар фабрика өткен жылы 3 млн шаршы метр кілем шығарды. Кілем фабрикасы бюджетке де қомақты қаржы құйып келеді. Мәселен фабрика мемлекетке 2013 жылы – 26 959 702 теңге, 2014 жылы – 212 602 480, 2015 жылы – 214 412 982, ал 2016 жылы – 346 747 515 теңге салық аударды. «Қазақ кілемі» деген бренд қалыптастыру – арманым. Қазақтың ою-өрнектеріне деген тапсырыс жоғары. Себебі әр оюда терең мағына жатады. Оны орнымен қолдану мәдениетін келер ұрпаққа үйретсем деймін», – деген пікірімен бөліскен Талғат Жүнісбекұлының өмір жолына үңілгенімізде, еңбекпен табылған нанның тәтті болатынына көз жеткіздік. Себебі адам баласы қандай да бір іс бастаудан тартынбаса, түбі табысқа кенелетіні сөзсіз.
Бұлбұл Болат
Дерек көзі: abctv.kz