- Елдос, сізбен финалда ұшырасқан ресейлік атлет Беслан Мудранов журналистерге берген сұхбатында: «Сметов өте жылдам қимылдайды. Бірақ соңғы минуттарда шаршап қалады екен, соған қарай дайындалдым», депті…
- Жоқ, бекер әңгіме. Мен шаршаған жоқпын және оны көрсеткен де емеспін. Бұған дене күші дайындығым мен шеберлік шыңдауым, психология тұрғысындағы ахуалым - бәрі жақсы болғаны айғақ. Сондықтан финалда керісінше жанып тұрдым. Бұл менің жеңіске деген ынтамды арттырып, қарқынымды күшейе түсті. Соның әсерімен өзіме көбірек сеніп, эмоцияға беріліп кетіппін. Менің жеңіліске ұшырауыма тікелей себепкер болған да сол.
- Демек, өкінішіңіз де жоқ емес қой?
- Олай деп айта алмаймын. Мен үшін Олимпиада сәтті өтті. Көңілім толмайтын, өкінетін жерім жоқ. Тек сәттілік жетіспеді. Сонда да болса, өз күресіме тәнтімін. Екінші орынға жете алмағандар да жетіп-артылады. Оған мен жеттім. Ендеше, табысыма қуаныштымын. Бұл - әзірге менің спорттағы ең үлкен жетістігім. Енді Токиода бұдан да биік белеске шыққым келеді. Рио тұғырында өткен марапаттау сәтінде ендігі жолы мойныма қалайда алтын медаль тағылуы керек екенін іштей айтып, қатты толқып тұрдым. Мұны жүзеге асыруға толық мүмкіндік бар деп білемін.
- Татами үстінде ең көп жүгінетін әдісіңіз қандай?
- «Балуанға оң-терісі бірдей» деп жатады ғой. Мен де екі жақтан бірдей келе беремін. Осыған орай тәсіл екі жақтан да жасалады. Негізі, мен белгілі бір түбегейлі әдістерге телініп қалатын балуан емеспін.
- Қарсыластарыңызбен өмірдегі қарым-қатынасыңыз қандай?
- Мен олармен өмірде қарсылас емеспін. Бәрімен де сәлеміміз түзу, реті келгенінше араласамыз, бір-бірімізге жан сырымызды жайып салмасақ та, белгілі бір тақырыптарда өзара пікір алмасып жатамыз. Мұның бәрі сыйластыққа келетін нәрсе. Араларында дос санауға тұратындары да бар.
- Жарысқа шығатын кезіңіз жақындады ма?
- Келесі жылдың ақпан айында Германияның Дюссельдорф қаласында халықаралық «Grand Prix» турнирі өтеді. Ендігі сайыстарымды сол турнирден бастаймын.
- Әлгінде Токиоға барғыңыз келетінін айттыңыз. Ал спортшылық мансабыңыз аяқталғаннан кейін қайда барасыз?
- Шынымды айтсам, бұл жайында әлі дұрыстап ойланып көрмеппін. Әзірге спортшылық мансабымды жалғастыра бергім келеді. Сол үшін де алдағы Олимпиадаға осы бастан дайындала беруім керек. Басқа ештеңені ойлап қажеті жоқ. Одан пайда келмейді. Тек залалы тиюі мүмкін. Менің бар мақсатым - тезірек спорттық бабыма келіп, одан әрі жетіле беру.
Әңгімелескен: Әйгерім ТОҚСАНБЕК
Дерек көзі: egemen.kz