Мен жат елдерде жүрсем де қазақ екенімді ұмытқан емеспін
17.02.2017, 21:02

Мен жат елдерде жүрсем де қазақ екенімді ұмытқан емеспін

Жәмила Стехликова 2007-2009 жылдарда Чехияның Адам құқықтары және аз ұлттар жөніндегі министрі болды. Биыл өтетін Чехия парламентінің сайлауында үміткер ретінде тіркелді. Сондай-ақ, үстіміздегі жылы болатын Чехиядағы президент сайлауында да қазақ қызы жайлы есітіп қалуымыз әбден мүмкін.

– Жәмила ханым, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жа­һандық бәсекеге қабілеттілік» Жол­­­дауын қалай қабылдадыңыз?

– Бұл жолғы Жолдаудың жөні бөлек. Себебі, жаңғыру тек экономикаға ғана қатысты айтылған жоқ. Биліктегі өзгерістер бейбіт жағдайда жүргізілуі үшін саяси институттардағы жаңғыру жайы да сөз болды. Мен Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қажетті шараларды дер кезінде қабылдайтынына сенемін. Егер, ТМД аумағын алып қарасақ, экономикалық өсім және хал­қы­ның әл-ауқаты жағынан Қазақстан екін­ші орында. Бірінші орында тұрған Бал­тық жағалауы елдеріне Еуроодақ кө­мектесіп тұрады.

– Сіздің Чехия үкіметінің мү­ше­сі бо­лып жүрген кездеріңіз тек че­хия­лық­тардың ғана емес, қазақ қо­ға­мы­ның да назарында болды…

– Мен саясаттан қол үзген жоқпын. Мен мүше болған саяси ұйым оппо­зи­циялық партия болғандықтан, Чехия үкі­меті құрамында емеспін. Қазір Еу­ро­па мазасыз күйде. Біздің партия мигрант­тарды Ангела Меркель сияқты Еур­опаға шақырғандықтан, халық тарапынан қолдау жағы кемшін. Басты ұстанымымыз – қоршаған ортаны қор­ғау, елді мекендердің жойылып кетуіне жол бермеу.

Саясатта жүргендіктен, жергілікті тұр­ғындармен жиі кездесемін, өзге партиялармен де келіссөздер жүргіземіз. БАҚ-тағы саяси дебаттарға қатысамын. Соңғы кезде саясат тақырыбында деректі фильм­дер түсіруді қолға ала бастадым. Фильм түсірудің ауыр екенін енді сезініп жүрмін.

– Сіз әлеуметтік желілердің че­хия­лық блогында белсендісіз. Тарихи Ота­­­ны­ңыз – Қазақстан екенін жан-жа­­­ғыңыздың бәрі біледі. Сіз қазақтың жат жердегі бір қызы ретінде тарихи Ота­ныңызға деген көзқарасыңызды, Қазақ елінің кішкентай бөлшегі еке­ні­ңіз­ді қалай білдіресіз?

– Менің тамырым – қазақ жерінде. Мен – қазақпын! Әкем, ағайын-туыс­тарым, достарымның бәрі Алматыда тұ­ра­ды. Мен жат елдерде жүрсем де қазақ екенімді ұмытқан емеспін. Сол себепті, Қазақ еліндегі кез келген оқиғаға бей-жай қарамаймын.

Елден тым жас кезімде кеттім. Аза­мат­тық болмысыма еуропалық, че­хия­лық құндылықтарды жылдардың өзі таңбалады. Жаныма жақыны – қа­зақ менталитеті екенін ешкімнен жа­­сыр­маймын. Бұл жерде қарама-қай­шы­­лықтардың болуы мүмкін емес. Қазақстан уақыт өткен сайын еуропалық құн­дылықтарға бет бұрып келеді. Бұл жай­л­ы сіздерге барынша жиірек айту керек!

Мен әлеуметтік желінің – Прага, Брюссель блогынан жиірек көрінемін. Бі­рақ жүрегім қазақ жерінде, сіздермен бір­гемін. Қазақ жеріндегі әрбір оқиғаны жү­ре­гімнің сүзгісінен өткізу – мен үшін қалыпты жағдай. Әртүрлі саяси оқи­ға­ларға қатысты саясаткерлердің пікірін жиі оқимын.

Рас, Қазақстан жайлы аз жазамын. Себебі, «Тұрмысқа шыққан қыз шиден тыс­­қары» деген сөз бар. Қазақ елінің іш­кі саяси жағдайы билік басында жүр­ген азаматтарымыздың еншісінде. Ал мен Қазақстанымның геосаяси рөлі, абы­ройы мен беделі жайлы жиі жазғым ке­леді. Себебі, мұны сырт көз бірден бай­қайды. Мысалы, Алматыда өткен Уни­версиада жайлы Еуропаның, АҚШ-тың телеарналарының хабар таратқанын көр­дім.

– «Саясат әйелдің қолы емес» дей­тін пікірге басымдық беретіндер көп. Жұ­байыңыз сіздің таңдауыңызға қалай қа­рады? Қазір өзіңізге, отбасыңызға кө­ңіл бөлуге уақытыңыз бар ма?

– Жұбайым менің таңдауыма оң қа­рай алмады. Себебі, ертеректе саясатта бағын сынамақ болып көрген еді. Бірақ сайлауда жолы болмады. Содан ба, саясаттағы азды-көпті жеңістеріме оң көзбен қараған жоқ, саяси партиялар­мен келіссөздеріме, саяси дебаттары­ма да қолдау білдірмеді. Себебі, олардың 95 пайызы еркектер еді. Мен министр бол­ған кезде ажырастық. Сенесіз бе, Чехияда пат­риархалды көзқарас басым. Егер үйіңде кез келген зат орнында тұрмаса немесе дастарқан мен тоңазытқыш азық-түлікке толып тұрмаса, еркектер үшін ақырзаман орнағандай болады. Қазір жолдасым толерантты. Себебі, қазір мен­де үйге, бала-шағаға көбірек көңіл бө­летін уақыт бар.

– Әйелдердің билік басында болуы қо­­ғам үшін тиімді деген де пі­кір бар. Өйт­­кені, олар әлеуметтік бағ­дар­ла­ма­лар­­ға қатысты мәселелерді тү­бі­рі­нен та­­ни­тын көрінеді. Сіз бұған не дейсіз?

– Әйел мен еркектің табиғаты екі бөлек. Әйелдің табиғаты жеке басына не­месе мансабына байланып қалмаған. Олар жан-жағына қалай көмектесу ке­ректігін немесе өз міндетін абыроймен атқару жөнінде көбірек ойланады. Саяси топтарда – партиялар мен пар­ла­ментте әйелдер көбірек болса, ол жер­дің атмосферасынан шуақ шашылып тұрады. Саясаткер ретінде айтарым, жеке мүддесіне басымдық беретін әйел­дерге саясатта орын жоқ. Өйткені, әйел мен саясат – бір-біріне кереғар ұғымдар.

– Чехияда министр боламын деген тұлғаларға қойылар талап қандай? Сіз мемлекеттік құрылымдағы тәжі­ри­­беңіздің аздығынан қиналған жоқ­сыз ба?

– Чехияда билік баспалдақтарына тө­мен­нен жоғары қарай сайланады. Менде тә­жірибе болды. Алғашқыда үкіметтік емес ұйымдарда, содан соң саяси салада қызмет еттім. Менің саяси мансабым ең төменнен басталды деп айта аламын. Әуе­лі партия мүшесі боласың, одан кейінгі тағдырыңды өзіңнің ерік-жігерің, содан соң партия шешеді.

– Сіздің Чехияның экс-президенті, мар­құм Вацлав Гавелге деген сый-құр­­­метіңіз жайлы оқығанмын. Де­ге­н­­­мен, Чехияның қазіргі билік ба­сын­да жүр­ген азаматтарымен бай­ла­ны­сы­ңыз қандай?

– Чехославакиялық, кейін чехиялық саясатта Вацлав Гавелдің тұлғасы маған көп әсер етті. Қазір ол арамызда жоқ. Бі­рақ мен оны ұстазым деп айта аламын. Менің оның ықпалынсыз саясатқа ке­лу-келмеуім екіталай еді. Саясатпен ай­налыспақ ниетіме қолдау білдірді. Аза­мат­тық алуыма көмектесті. Министр бо­лып жүрген кезде де көп көмектесті. Қа­зір де В.Гавел көзқарасындағы сая­саттану­шымын. Чехияның қазіргі пре­зиденті Милош Земан Еуроодақтың емес, Қытай мен Ресей векторына ба­сым­дық береді. Көзқарастарымызда айыр­машылық болса да сыйластығымыз тү­зу.

Біздің саяси партия Чехияның президент сайлауында өз үміткерін ұсынады. Ол үміткердің мен, яғни Жәмила Сте­хликова болуы да әбден мүмкін. Мен бұ­дан өзге ештеңе айта алмаймын. Соң­ғы жаңалық наурыз айының со­ңын­да, ұжымдық келісім негізінде бел­гі­лі болады.

– «Стехликоваға Қазақстанда үкі­мет­тік блоктан қызмет ұсынылған еді. Бірақ ол келіспеді» дегенді естідім. Б­ұ­ған не себеп болды?

– Журналистерден ештеңені жасыра алмайсың! Иә, ондай ұсыныс болды. Маған сенім көрсетілді. Бірақ мен өзімді оған лайықты көрмедім. Себебі, шет елде тұрамын, қазақ тілін меңгеру деңгейім тойда, мерекелерде тілек айтуға ғана же­теді. Маған ұсыныс жасалған кезде мем­лекеттік тілді қызметте жүріп мең­ге­ру­ге болатыны айтылған.
Мысалы, мен осыдан 10 жыл бұрын Чехияның білім министрі болу туралы ұсынысты да қабылдаған жоқпын. Өйткені, Чехияда тұрсам да чех ті­лін қазақша акцентпен сөйлеймін. Сай­ла­у­да біздің партия жеңіске жетіп, Чехияның Адам құқықтары және аз ұлттар жөніндегі министрі болу туралы ұсынысты қабыл алдым. Тілдегі акцентім де кедергі келтірген жоқ.

– 2014 жылы Еуропарламентке үміт­кер ретінде тіркелдіңіз. Алдағы жос­парыңыз қандай?

– Биыл Чехия парламенті мен Чехия пре­зиденті сайлаулары өтеді. Құдай қа­ласа, Чехия парламентінен үміткер ре­тін­де бағымды сынаймын. Жоғарыда айт­қанымдай, біздің партия президент сай­лауына да қатысады. Нақты кімді ұсынатынымыз наурыз айының аяғында белгілі болады.

– Чехиядағы қазақ диаспорасы ту­ралы әңгімелеп берсеңіз. Олармен ара­ласып тұрасыз ба?

– Иә, Чехияда қазақ ұлтының өкілдері бар­шылық. Олардың басым көпшілігі мен тәрізді жергілікті азаматқа тұрмысқа шығып, қалып қойған қыздар. Біз жиі болмаса да кездесіп тұрамыз. Менің Орынбордан келген қазақ құрбым бар. Қазақстанда туып-өспесе де менің қазақша тілімді жөндеуге шамасы же­теді. Содан соң жергілікті ЖОО-ны бі­ті­ріп, Чехияда қызметте қалып қойған қа­зақ жастары көп. Олардың көпшілігі бой­дақ. Үйге келіп, әңгіме-дүкен құрады. Өте тәрбиелі балалар. Орталарындағы үлкені ретінде «үйленсеңдер келінді Қазақстаннан алып келіңдер» деймін. Менің ақыл-кеңесімді тыңдай ма, жоқ па, білмеймін. Жүрекке әмір жүрмейтінін өз тағдырымнан білемін ғой…

– Чехиядағы қазақстандық дип­ло­ма­­тиялық корпус өкілдерімен араласып тұрасыз ба?

– Әрине. Қазақстанның Чехиядағы ел­шісімен жиі кездесіп тұрамын. Біздің ортақ жобамыз бар. Ол жоба Екінші дү­ниежүзілік соғыста хабар-ошарсыз кет­кен қазақстандық жауынгерлер жай­лы мә­ліметтер жинау, олардың туыс­қан­да­рын іздестіру ісіне байланысты.

– Қазақстанда достарыңыз бар ма?

– Менің елде достарым көп! Олар – Мұрат Әуезов, Қазбек Бейсебаев, Айдос Сарым, Асқар Құмыран, Мұрат Нұғманов… Елге барған сайын бір-бірімізбен сағынысып көрісеміз.

Әңгімелескен
Гүлбаршын САБАЕВА,
журналист

Дерек көзі: egemen.kz

 

 

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер