Сынақ жобасы аясында Астананың жол-патрульдік қызметінің инспекторларына 50 планшет және айыппұл қабылдайтын терминал берілді. Оның көмегімен полиция қызметкерлері хаттаманы электронды түрде рәсімдейді. «Хаттамаға инспектордың электрондық қолы қойылады және ол сол мезетте мәліметтер қорына түседі. Құқық бұзған жүргізуші планшеттегі стилустың көмегімен электронды түрде қол қойып, хаттамамен танысқанын растайды. Осыдан соң оған принтерден шығарылған хаттамамның қағаз нұсқасы беріледі, ал құқық бұзушының шынайы қолы қойылған екінші нұсқасы инспекторда қалады. Электрондық хаттама құқық бұзушының электрондық поштасына жолданады, ал оның ұялы телефонына СМС хабарлама түседі. Егер азаматтың интернетке шығатын смартфоны немесе мобильдің құралы болса, ол СМС хабарламада берілген сілтеме арқылы электрондық хаттаманы өзі көре алады», – деп ҚР бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Бағлан Бекбауов Е-айыппұл салу тәртібін сипаттап берді. Электрондық хаттаманың көшірмесін құқық бұзушы комитеттің qamqor.gov.kz қызметінен көріп, шығара алады. Жоба авторлары түсіндіріп өткендей, электронды түрде рәсімделген айыппұлды кез келген банкте интернет арқылы төлеуге болады. Қыркүйек айына қарай оны терминалдың көмегімен құқық бұзу фактісі орын алған жерде төлеуге мүмкіндік беру жоспарланып отыр. Одан әрі төлем жасалғаны туралы мәлімет автоматты түрде әкімшілік базаға түседі. Көлік иесіне түбіртекті мемлекеттік органға тапсыру қажет емес. «Бізде төленген айыппұлды сот орындаушыларға мәжбүрлі орындауға жіберген проблемалармен азаматтардың көпшілігі бетпе-бет келетіні жасырын емес. Бұл азаматты біраз әуреге салады. Оның себебі мемлекеттік органға айыппұлдың төленгені туралы мәлімет түспегендіктен, ол оны сот орындаушыға жібереді. Жаңа жүйеде айыппұлдың төленгені туралы ақпарат бірден мәліметтер қорына түсетін болғандықтан, жоғарыдағыдай кемшіліктердің алды алынып отырады», – деп сөзін аяқтады Бағлан Бекбауов. ЖҚЕ бұзғаны туралы хаттаманы рәсімдеу үшін құқық бұзушының ЖСН-ін енгізу жеткілікті, қалған ақпараттың барлығын жүйе шығарады. Егер интернет желісі болмаса, хаттама офлайн тәртібінде толтырылады. Астананың жол-патрульдік қызметін цифрландыруды әкімдік қаржыландырып отыр. Жыл соңына дейін елорда билігі тағы 150 планшет пен төлем қабылдау терминалын сатып алуға уәде берді. Ал қаланың барлық жол полицейлерін онлайн тәртібіне көшіру үшін 283 құрылғы қажет. Елорданы ғана емес, басқа өңірлердің жол инспекторларын цифрландыру да жоспарда бар. Бүгінде Қарағанды, Павлодар, Шымкент және Орал қалаларының жергілікті атқарушы органдары планшет сатып алуға ниеттеніп жатыр. «Мұны жалпы Қазақстанда іске қосу үшін 2971 планшет қажет болады. Оның жалпы құны шамамен 874 млн теңгені құрайды. Меніңше, мұның бәрін жергілікті бюджеттің есебінен іске асыруға болады, егер әкімдер қолдау көрсетсе, біз жұмысты осылайша жеңілдетеміз», – деді ҚР ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов. Өз кезегінде бас прокурор Жақып Асанов құқық қорғау жүйесін цифрландыруды жол-патрульдік қызметтен бастаудың себебі республика бойынша барлық әкімшілік өндірістің жартысы соның үлесіне тиетіндігімен түсіндірді. «Елімізде әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтыратын 64 мемлекеттік орган бар. Жылына шамамен 4 млн әкімшілік хаттама толтырылады. Оның 3 млн-ы әкімшілік айыппұлмен аяқталады, 20%-на ескерту жасалады, ал қалған 5%-ы өзге әкішілік өндіріп алу қызметтеріне жіберіледі. Мемлекет басшысы цифрлық технологияларды дамыту, оның ішінде оны құқық қорғау қызметіне енгізу міндетін қойды. Жасалып жатқан қадамдардың мақсаты бір – көрсетілетін қызметтің сапасын жақсарту, халықтың құқықтық тұрғыдан қорғалу деңгейін жоғарылату және халықтың сенімін арттыру. Бұл бірінші қадам ғана, себебі бізде 64 мемлекеттік орган бар, барлығының жұмысын цифрлық тәртіпке ауыстырғымыз келеді», – деп түйді сөзін бас прокурор.
Әйгерім Сүлейменова, Динара Қуатова
Дерек көзі: abctv.kz