Бірінші кезекте Тұран және Сүйінбай көшелері тексерілді. Сүйінбай көшесін визуалды тексеру кезінде асфальттардың шытынағаны бірден көзге түсті. Одан әрі осы көшеден орталық қызметкерлері жол жамылғысының сынамасын алып, көптеген кемшіліктерді анықтады: жолдың астына цемент қолданылмаған, жол қабатының қалыңдығы талапқа сай емес болып шықты және т.б.
Одан кейін, тексеріс Тұран көшесінде жалғасын тапты. Бұл нысанға «Компания АИС - Астана» ЖШС жауапты, барлығы 12 көше, жобаның жалпы құны 2 млрд теңгені құрайды.
Осыған дейін «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалы осы көшелерден 60-тан астам сынама үлгілерін зертханада тексеріп, 13 материалдың жобалық талаптарға сәйкес келмейтіндігін анықтады. Бірнеше өрескел ескертулерге тоқталсақ:
Табиғи құм-қиыршық тас орнына ұсақталған құм салынған. Жол жиегі және арықтардың салынуы жоба талаптарына сай емес. Ортаңғы және жоғарғы қабат арасында битум эмульсиясы салынбаған.Жол сапасын арттыруға негізделген 20-дан астам ескертулер мердігер ұйым тарапынан күні бүгінге дейін ескерусіз қалып отыр.
Сондай-ақ, мердігер компания Республика көшесінде 640 метрге жөндеу жұмыстарын жүргізу керек болған, іс жүзінде тек 440 метрге ғана асфальтобетон салған. Алайда құжат бойынша барлық қаражат игерілген.
«Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК Бас директорының м.а. З.Сагинов қоғам белсенділерімен ұйымдастырылатын рейдтер алдағы уақытта да еліміздің барлық аймағында жалғасын табатындығын айтты. Қазақстан азаматтарын жол саласындағы жағдайға бейжай қарамай, бірлесіп жол сапасын арттыруға атсалысуға шақырды. Осы мақсатта кез келген өтініш пен ұсыныстар бойынша +7(7172)739-739 нөміріне хабарласуға болатынын атап өтті.
Анықтама:
Естеріңізге сала кетейік, «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК енді республикалық жолдардың сапасын тексеріп қана қоймай, жергілікті және ауылдық жерлердегі жолдардың, көшелердің де сапасын тексеретін болады. Аталған кәсіпорын, осы жылдың наурыз айында жолдардың сапасын тексеретін аймақтық «Облжолзертханаларын» біріктіру арқылы құрылған.