Депутаттың айтуынша, мұның құнын қымбаттатып қойсақ, бюджетке түсім де артады
"Халық қалаулыларының ұсынысы жүргізушілерді қызықтырып қойғандай. Өйткені, елімізде қымбат көліктерге ғана емес, вип-нөмірлерге де әуес жүргізушілер жетерлік. Тіпті, 001, 777 деген секілді бағалы нөмер алу үшін жарты миллион теңгесін аямайды. Енді жұрттан осылай ерекшеленгісі келетін автосүйгіштер көлігіндегі нөмірдің орнына өз есімін жазып жүруі мүмкін" деп мәселені байыптаған арна тілшісі.
Сондай-ақ, Омархан Өксікбаев: "Бізде де байлар бар өзінің атын жазып алғысы келетіндер. Неге оны енгізбеске? Онда оның бағасын бюджетке қомақты қаржы түсетіндей көлемді қояйық. Ертеңгісін атын жазып алып жүретін адам болса, жүре берсін. Бұл нөмір машинаның жеке айқындайтын белгісі. Сондықтан ол жерде тұрған артықшылық ештеңе көріп тұрған жоқпын" деп атап өткен.
Халық қалаулысы осындай бастаманың сәтті іске асатынына сенімді көрінеді. Өйткені, үш жыл бұрын вип-нөмірлерді саудалауды бастаған Ішкі істер министрлігі осы уақыт ішінде 16 мыңға жуық бағалы нөмір сатқан екен. Бұл бюджетке 5 жарым миллиард теңге табыс түсіріпті. Енді жүргізушілер есімін жазып жүрсе түсім бұдан да арта түспек деседі.
Мамандар көлік нөміріне жүргізуші есімін жазу туралы ұсыныс талай рет жасалғанын айтады. Бірақ, әркез қандай-да бір себептермен бұл қолдау таппаған. Сондықтан мұндай ережені баяғыда енгізу керек еді деген пікірде.