Білімді де білікті, ойы ұшқыр отандасымыз халықаралық қаржы орталығында өзінің іскерлігімен ерекше көзге түскен екен. Өмірден ерте өтсе де, даналығымен дараланған жерлесіміздің есімі Америка, Ұлыбритания, Үндістан, Сингапур, Жапонияда елдеріне етене танымал.
Вашингтондағы Бүкіләлемдік банктің штаб пәтеріне кіру оңай емес. Стратегиялық маңызды нысан бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін жабық. Міне тап осы орында қазақ қызының есімі ерекше дәріптеледі. «Не үшін?» дейсіз ғой. Себебі қандасымыз банктің дамуына зор үлес қосқан. Халықаралық қаржы орталығына сіңірген еңбегі ерен. Мұны бәрі мойындайды.
Алма Оразалинова Мәскеу мемлекеттік университетінде, Массачусетс технологиялық институтында білім алған. Сондықтан банк басшылығы оған аса маңызды жобаларды сеніп тапсырып, іскерлік қабілетін жоғары бағалады. Нәтижесінде отандасымыз жүктелген кез келген тапсырманы тап-тұйнақтай орындап, ұжымында зор абырой-беделге ие болды. Алайда бейнетінің зейнетін көру маңдайына жазбапты. Ауыр дертке шалдыққан Алма бұдан екі жыл бұрын көз жұмды.