Қоғам қайраткерлерін еске алып, бір минут үнсіздік сақтау шариғатқа қайшы ма?
16.02.2017, 11:38

Қоғам қайраткерлерін еске алып, бір минут үнсіздік сақтау шариғатқа қайшы ма?

 

Аса мейірімді, ерекше рақымды Алланың атымен бастаймын.

Барша мадақ атаулы әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың асылы пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасы мен сахабаларына салауат пен сәлем болғай!

Ислам діні адам баласын тірі күнінде де қайтыс болғаннан кейін де құрметтеуге шақырады. Ол жайында Алла Тағала:«Расында Біз адам балаларын қадірлі еттік. Оларды құрлықта және теңізде көліктерге мінгіздік және оларға адал ырыздықтар бердік. Оларды Өзіміз жаратқан көп нәрседен абзал еттік»[1], - дейді

Мұсылман кісінің бойынан табылуы тиіс жақсы қасиеттің бірі – өзіне жасаған игілігі үшін алғыс айта білуі. Ол жөнінде хадисте: «Адамдарға алғыс айта алмаған адам Аллаға шүкір ете алмайды»[2], – делінген.  Сондай-ақ, кісінің өзге адамдардың дәрежесіне, пайымдау деңгейіне түсіп, олармен сол деңгейде қарым-қатынас жасауы, ел арасындағы абыройлы тұлғаларға құрмет көрсетуі де мұсылманшылықтың талабы.

Ғалымдар мен ел арасында беделі бар жандарға сый көрсетуге шариғат рұқсат еткен. Кейбір ғалымдар мұндай іске «мустахаб» деген үкім берген. Имам Бухари мен имам Муслимнің Сахих жинақтарында Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ансарларға Сағыд ибн Муаз келген сәт орындарынан тұрып, құрмет көрсетулері туралы айтылған. Осы хадиске түсініктеме берген имам әл-Бәйһәқи: «Ансарлардың Сағыд пен Талхаға сый-құрмет ретінде орындарынан тұрып, құрмет көрсеткендері секілді іске - дінде рұқсат берілген. Құрмет көрсетілген жан, өзін соған қашанда лайық сезінбеуі керек. Құрмет көрсетілмеген жағдайда ренішін білдіруіне немесе шағымдануына болмайды»,[3] – дейді.

Имам Нәуәуи осы хадисті түсіндіріп:  «Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мырзаларыңызға немесе ардақтыларыңызға орындарыңыздан тұрып, құрмет көрсетіңіздер», – деген сөзінен игі адамдар келген сәт адамдардың құрмет ретінде орындарынан тұруының жақсы іс екенін білеміз. Көптеген ғалымдар мұны мұстахаб амал санаған. Мұны құптайтын хадистер көп. Ал ашық тыйым салған еш хабар келген жоқ. Мұндай хадистер мен ол жайында айтқан ғалымдардың сөздерін жинақтадым және осы жайында (яғни адамдардың бір кісіге құрметпен орындарынан тұру ісіне) тыйым салынған деп ойлаған ғалымдар сөзіне жауап қайтардым»,[4] – дейді.

Алайда бұл пікірлер тірі адамдарға құрмет көрсетуге қатысты айтылған. Ал тірі кезінде халқына ардақты болған кісінің дүниеден өткеннен кейін оған құрмет ретінде орыннан тұру да рұқсат екеніне дәлел келген. Бірде Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қасынан мәйіт көтерген адамдар өтті. Сол кезде Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) орнынан тұрды. Сонда бір сахаба: «Олар бір яһудидің мәйітін алып бара жатыр», – деді. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ол адам емес пе?»[5] – деді. Ибн Хажар «Фатхул Бәри» кітабында: «Пайғамбардың: «Ол адам емес пе?» – деген жауабы әрбір адамның мәйітіне құрмет көрсетуді білдіреді», – дейді.

Үкім:

Ғалым кісіге, немесе шейіттер рухына немесе еліне пайдасы мол игі адамдарының рухына құрмет ретінде тұрып, бір сәт үнсіздік сақтау шариғатқа қарсы іс емес және ол бидғат саналмайды.

 ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі

Дерек көзі:muftyat.kz

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер