Ұлттың адаспай, ұлт болып қалуы, қоғамның ырғақты дамуы, мемлекеттің өркендеуі – соңында келіп әйелге, келешек ана болар қыздардың қалай тәрбиеленетініне байланысты болмақ. Дана халқымыз: «Қыз өссе – елдiң көркi, гүл өссе – жердiң көркi», «Шешесі отырып, қызы сөйлегеннен без», «Қызым саған айтам, келінім сен тыңда» демекші, ата-бабаларымыз қыз баланың тәртібі мен тәлім тәрбиесін жоғары бағалап, қыздарды адамгершілікке, ізгілікке, әдеп-тілікке, ар-ұяттылыққа, нысаптылыққа, мәдениеттілікке, тәртіптілікке, еңбекшілдікке, сұлулыққа, сымбаттылыққа баулып отырған. Әрбір ата-ана Алла Тағаладан жақсы перзент беруін тілейді. Сол баланы тәрбиелеу, оны жетілдіру өте маңызды. Ұлттың құндылықтарын, салт-дәстүрді ұрпақтан-ұрпаққа сақтап тасымалдап отыратын да әйел баласы.
Дініміз Исламда бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөледі. Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Кімде-кім үш қыз өсіріп, оларға жақсы тәрбие берсе және оларды (жақсы жерге) тұрмысқа берсе, жақсылық жасаса, Алла Тағала ол кісіні жәннатына кіргізеді». (Әбу Дәуіт, Әдеп).
Қазақ халқы бала тәрбиесіне өте көп көңіл бөлген. Баланың ана құрсағында пайда болуына, оның өмірге келуіне, оның алғашқы қадамына, алғаш атқа отыруына, алғаш жолға шығуына арналған жеке-жеке әдет-ғұрпымыз, жол-жоралғыларымыз бар. Халқымыз сонымен қатар бала тәрбиесіндегі ананың ролін өте жоғары бағалаған. Тіліміздің өзін ана тілі деп атауы-аналарға көп жүк артады. Аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін көрсетеді. Ана – барлық өмірдің бастауы. Ол адамды өмірге әкеледі. Ол адамды адам етіп тәрбиелейді. Ол адамды өзінің тілінде, ана тілінде сөйлетеді. Сондықтан ертеңгі ана, бүгінгі қыздарымызды тәрбиелеу ананың және барша қауымның міндеті.
Халқымыз «Қызға қырық үйден тыю, қала берсе қара күңнен тыю» деген мақалға қаншама философиялық ой сыйғызған. Яғни қыз бала тәрбиесіне тек қана анасы ғана жауапты емес, бүкіл ауыл, ру жауапты болып отыр. Қыз баланы құрметтеу, олардың алдында дөрекі сөйлемей, ізетті болу – халқымыздың игі дәстүрлерінің бірі. Міне, осындай тәрбиелік мәні зор дәстүрлерді атадан балаға мирас етіп қалдырып отырған. Қыз баланы кішкентайынан төрге шығарып отырған қазақ оның болашақтағы Ел анасы боларына кәміл сенген. «Ұзын арқан, кең тұсауға» түсіп кеткені айдан анық. Даналар сөзінде «Келіннің шашына күн тисе, кіндігіне у тиеді», – деген. Ізеттілік, көргенділік нәресте кезінен ана сүтімен бойға сіңеді:
-Қатты күлмеу,
-айқайлап сөйлемеу,
-үлкеннің жолын кеспеу,
– ыдыс аяқты салдырлатпау,
-есікті теуіп ашпау,
-босағаны кермеу,
-ұсынған кесені төмен қарап беру,
– үлкендерден жоғары отырмау тәрізді тіпті қыз баланың отырысына, жүрісіне, аяқ басқанына, киім киісіне, қимыл-қозғалысына, дауыс ырғағына дейін мән берудің өзі қыз бала тәрбиесіне аса зор мән беріп, көңіл қоюдың жауапкершілігін сездіреді. Қыздарымыз осындай ұлтжандылығымен, өздеріне тән нәзіктігімен, сүйкімділігімен және рухани тазалығымен ерекшеленуі тиіс. Ар-намысын жоғары ұстай білген қыз ғана жұрт алдында әрдайым абыройлы, сыйлы болған.
©Дайындаған : Амантай Тойшыбайұлы