Модель бизнесі: бары мен жоғы
22.05.2018, 18:03

Модель бизнесі: бары мен жоғы

Әлемде модельдік бизнес ХІХ ғасырда пайда болған. ХХ ғасырда бизнес ретінде қалыптасып, дамыды. «Модель» ұғымы қолданысқа енбей тұрғанда, 1890 жылы ақсүйектің қызы Люсиль ханым «модель» үйін ашқан екен. Батыстан бастау алған бизнес бізге ХХІ ғасырда бір-ақ жетті. Жеткенмен, әлі де дами қойған жоқ. 

Қазір модельдік бизнес дамып жатқан уақыт. Сән әлемінде Қазақ­станнан шыққан санаулы есімдер ғана дүниежүзіне таныл­ған. Косметика тапшы кеңес за­манында табиғи сұлулығымен тамсандыр­ған бірді-екілі мо­дель­дер жайлы деректер де мардымсыз. Тәуелсіз ел болғалы Руслана Коржинова, Александра Сатарова, Алена Субботина, Би­бісара Шәріпова, Азила Жанғұт­динова, Алекс Алексеевалардың есімі аталады. Әсел Сағатова, Қарлығаш Мұ­хамеджанованы косметикалық бұйымдардың жарнамасынан көріп қаламыз. Шетел модельдерін шаң қаптырған мінсіз ауру Руслана Коржинова 1987 жылы Алматыда өмірге кел­ген. Сән әлемінің шыңы санала­тын Парижді бағындырған Рус­лананың ғұмыры ерте үзілді. Жастайынан әлемге танылған ол небәрі 20 жасында Нью-Йоркте Манхэттенде орналасқан 9 қа­баттағы пәтерінің терезесінен құлап, қаза болады. Өлімінің се­бебі әлі күнге жұмбақ. Кей дерек­терде «көреалмайтындар қастан­дық жасады» дейді. Бірақ мұхит­тың арғы жағындағы жұмбақ өлімнің ақ-қарасын әлі ешкім ашып айтқан жоқ. Алматыда тұра­тын туыстарымен тілдесуге тал­пындық. Туысы «Руслана біз үшін мәңгілік тірі» деп қысқа қайы­рып, өкініш­пен аяқталған мансап, аянышты тағдыр, құпия өлімнің кілтін өзі­мен бірге ала кеткен Руслана туралы естелік айту ауыр деп кесіп айтты. Бойы – 174 сан­тиметр, «85-58-86,5» өлшемді ару әлемдік брендтердің бет-бейнесі болып тарихта қалды.
Модель десе, көз алдымызға аққу мойын, аршын төс, ат жақты, бота тірсек хас сұлулар, шымыр денелі, «гламурный» жігіттер елес­тейді. Кейінгі 10-15 жылда жастар арасында модель болуға жапа-тармағай ұмтылыс бар. Әлеуметтік желілерде белсенді, танымал қыз-жігіттер модель ретінде киім-ке­шек, косметика, тұрмыстық ұсақ-түйек заттарды жарнама­лайды. Шетел­дің модельдері келіп, Ас­тана, Алматы, Шымкент қалала­рын­да сән апталықтарын жиі өткі­зіп тұрады. Жуырда осын­дай сән апталығы Шымкентте өтті. Еуро­палық дизайнерлердің коллекция­сын тамашалауға келген жергілікті жұрт «бетін басып, тұра қашқан». Себебі, тым ашық-шашық киім үлгілері шымкент­тік­терге ұнама­ған. Әлеуметтік желіде Айсұлу Асан есімді көрермен «Шым­кент – ыс­тық қала» деп жаз­дық коллекция – ашық-шашық киім үлгілерін әкелген болар. Бірақ көзге ерсі көрінген коллек­циялар жапырақ байлап алған Африканың жабайы тайпаларын елестетті. Шымкентте жабық, етек-жеңі кең киімдер болмаса, бір жапырақ матаны іліп жүру сән емес» деп жазды. Сән апталығының ұйымдастырушысы Айдархан Қалиев: «Бұл – тренд. Қазақстан тұрғындарына арналған арнайы коллекциялар. Киімдер 2018-2019 жылдардың қысы мен күзіне ар­налған. Шымкенттің тұрғында­рына да ұнайды деп үміттенемін» дейді. Бірақ шетелде болмаса, Шымкентте киіп жүре алмайтын киімдер көрерменге ұсынылған. Жалаңаш денеге етік пен жемпірді іліп алып, киіп жүре беру тренді көпшілікке ұнамаса керек. Тіпті көр­сетілімге қатысқан модель Ме­рей Айымбетова «Етікті ел ішінде киіп жүру ұят. Көшеге киіп шыға алмайтын шығармын» деді. Кері­сін­ше, сән апталығында шетелдік­терді отандық дизайнер Дина Нұрәлиева таңғалдырған. Ол 2005 жылғы «Қазақстан аруы», 2009 жылы «Әлем аруында» бағын сынап, үздік ондықтан көрінген. Сән көрсетеміз деп келген еуро­палық дизайнерлер қазақ қызда­рының сұлулығына, қазақша ою-өрнектермен әдіптелген ерекше киім үлгілеріне тамсанып қайтқан. Сонымен қазір тележүргізуші де, актриса да, актер де, орындаушы да – «модель». Бірақ кәсіби мо­дельдер санаулы. Неліктен? Себебін іздеп көрдік. «Қазақстанда модельдік бизнес бар ма?» деген сауалға сән әлемінде жүрген жан­дар жауап берді.

Диана Молдияр, дизайнер-модельер: 

Тәні сұлу «қуыршақ» –  модель емес
– Модель – сән әлемін бағын­дырған, дұрысында, мойындатқан адам. Бірақ модель болу оңай емес. Еуропа, Ресейдің ең беделді сән апталықтарына қатысып жүрмін. Әлі күнге алғаш сән апталығына қа­тыс­қанда, қиналғаным есімнен шықпайды. Жаздың күні тонды жарнамалайтын сән апталығы өтетін болды. Шіліңгір шілдеде бір күнде 8-9 түрлі тонды 15-20 рет киіп, ала таңнан қара кешке дейін көрсетілімге дайындалдық. Жүріп келе жатқанда, құндыз тонның белдігі сусып түсіп қалып, еңбегім еш кеткен. Осы апталықтан соң маған модель болуға ұсыныс жа­саған дизайнер­лер көбейді. Бірақ ата-анам рұқсат бермеді. Дизайнер болуды жөн көрдім. Ұлттық киім­дер тігуді қолға алдым. Модельді сыртқы түрінен бұрын ішкі дайын­дығына қарап таңдаймын. Мә­се­лен, сұлу, ұзын бойлы, келбетті қыз-жігіт­тердің болмысы ұлттық киімге үй­леспесе, қуыршаққа ұқ­сап тұ­рады. Жасандылыққа ешкім сен­бейді. Тән сұлу­лы­ғы­мен қатар жан сұлулығы өте маңыз­ды деп айтар едім.

Гауһар РАХМЕТӘЛИЕВА,
«Қазақстан аруы – 2006» байқауының бас жүлдегері:
Халықаралық агенттіктің өкілдігін ашу керек
– Қазақстанда модельдік биз­нес әлі лайықты деңгейге көтеріле қойған жоқ. Қазіргі таңда жан-жақты жарнамаларға, көрсе­ті­лімдерге (показ) көбіне актерлер, әншілер, тележүргізу­шілер, спорт­шылар түседі. Өкі­ніш­ті-ақ… модельдік бизнесті де дамытатын, жарнама­лайтын ұйым болса екен деген ой келеді. Менің ойымша, осы са­ланы дамыту үшін түрткі бола­тындай, біздің елде xалықара­лық модельдік агенттік­тің өкіл­дігін ашу керек. Іріктеу ұйымдас­тырып, сыннан өткен мо­дельдерді шетелге оқуға, тәжірибе алмасуға, көрсе­тілімдерге жіберу керек деп ой­лаймын.

Құралай Нұрқаділова, дизайнер:
Сән – мәдениет, талғам, өнер!
– ТМД көлемінде алып қарасақ, Кеңес өкіметінің кезінен «Қазақстанның дизайнері», «Ре­сейдің дизайнері», «Белорусь дизайнері» деген ұғым болған жоқ. Кеңес заманында киім тігу фаб­рикалары болды. Жеңіл өнеркәсіп жаппай дамып жатты. Бірақ сән әлемі деген жеке-дара ұғым ретінде дамымады. Мақта Өзбек­станнан, мата Латвиядан тасы­малданатын. Біркиер киім­дерді Мәскеу мен Қазақстанның ірі қалаларындағы фабрикаларда тігетін. 20-25 жыл бұрын «Қазақ­станның дизайнері» деген түсінік жоқ еді. Қазақстанда тігілген киім­дерге сұраныс бертінде қалып­тасты. Концерт, танымдық кон­ференцияларда көрсетілімдер жасадық. Ізденіп, халықаралық жиын­дарға қатысатынмын. Шетелде біздің еңбегіміз жоғары бағаланады. Қазір жас дизай­нер­лерге оңай. Өз атынан киімдер желісін ашып, сату, насихаттауға мүмкіндік көп. Әлеуметтік желі, теледидар арқы­лы жарнамалау да қолжетімді. Ұлт­тық үлгіде киіну – тренд. Қа­зақ­стан­дық дизайнер­лердің сән үй­ле­рін ашып жатқа­нына қуанамын.

Арман Сәдуақас, 
модельдік агенттіктің менеджері: 
Модельдерді қорғайтын заң керек
– Қазақстанда модельдің жұмысы, еңбекақасы, құқығы, мүддесін қорғайтын арнайы заң керек. Әрбір сұлу модель болуға ұмтылады. Сән әлемінде жұлдызы жарқырап, танылып келе жатқанда шетелге кетіп қалады. Өйткені Еуропада модельдерге жақсы жағдай жасалған. Ол жақта кәсіп деп қарайды. Құқығын қорғайды. Тіпті танымал модельдер күзет­шімен жүреді. Табысы күнкөрісіне жеткілікті. Біздің мекемедегі әрбір модельмен келісімшарт бар. Олардың жұмысы, өмірі, қауіп­сіздігі үшін жауаптымыз. «Модель­дердің көбісі жеңіл жүрісті қыздар» деген түсінік – жансақ пікір. Жеке өмір мен жұмыс – екеуі екі бөлек дүние. Мысалы, түнгі клубтан шықпайтын, ішімдікке әуес, шаршап-шалдығып жүретін, спортпен айналыспайтын қызда сұлулық болмайды. Күтімсіз бет-жүзінің кемшілігін косметикамен түзей алмайсыз. Модельдердің әрбір минуты санаулы, жоспар­ланып қойған. Уақытылы тамақ ішу, спортпен айналысу, дайын­дық, түсірілімге қатысу, тынығу, жол жүру сияқты тығыз шаруалары өте көп. 2-3 минуттық бір көр­сетілімге 12-13 сағат дайындалып көрген адам түсінеді. Еңбекқор болмаса, екінің бірі табандылық таныт­пайды.

Дамира Оспан, модель: 
Модельдің «зейнет жасы» 25 емес
– Қазақстанда модельдік биз­неске соңғы 7-8 жылда көңіл бө­лінуде. Бізде модельдерге қойы­латын талаптар шетелдегідей қатаң емес. Мүмкін, Еуропада­ғыдай сымбатыңа қойылатын қатаң талаптар болса, модельдер арасында бәсеке болар ма еді. Бір көрсетілімге шыққанға 100 АҚШ доллары төленсе, шетелде 1000-2000 доллар алады. Модельдің табиғи сұлулығы жоғары бағала­нады. Секс-құлдыққа көбінесе, таныстарының сөзіне сенгендер душар болады. Алаяқтардың арбауымен шетелге барып, тұзаққа түседі. Заң жүзінде келісімшарт, жалақы көлемі, міндеттері, шетел­дегі модельдік агенттік жайында толыққанды білмей тұрып, шетел­де «модель боламын» деу – бос әуре. ТМД-да модельдік бизнес әлі дами қойған жоқ. Орта Азияда әдемі қыздар көп. Бірақ модельдік бизнес жүйелен­беген. Шетелде модельдердің қауіпсіздігі, еңбегі, табысы, ден­саулығы, барлығы заң жүзінде қорғалады. Көрсетілімге тапсырыс беріп, ақшасын төлемей жалтара­тын­дар болса, полициядан көмек сұрай алады. Бізде «модель поли­цияның көмегіне жүгініп, әділдік тауыпты» дегенді естімедім. Шетел­де модель туралы заң болған соң, бәрі заңды. «Модельдің бәрі шалқып өмір сүре ме?» деп жиі сұрайды. Тек сән әлемінің шыңына шыққандар болмаса, барлық модель бай емес. Танымал брендтің киімін, қымбат иіссуын жарна­маласа, оны модельге басы­байлы бере салмайды. Модель – бар болғаны бренд жарнамасының жаршысы. «Модельдің бәрі ақыл­сыз» деу де – ақылға қонымсыз дү­ние. Ақылсыз адам ешқашан жетіс­тікке жете алмайды. Оның ішінде жаны рухани бай адамның ғана тәні сұлу көрінеді. Көзінде нұры жоқ пессимистен модель шық­пайды. Ол қалай брендті жар­нама­лайды? Ақылға сыймайды. Қазір «Мо­дель­дің зейнет жасы – 25» деген пікірдің дәурені өткен. 35-40 жасында 20-дағы модель­дерден сұлу, сымбатты арулар көп. Айтарым, зейнетке шығу – әркім­нің өз қолында. «Қартайса», 25 жа­сында демалысқа кетеді. Жас көрінсе, 45 жасында да модель бола береді.

Ақмарал Амангелдіқызы, психология ғылымдарының докторы:
Еліктеу жасөспірімдерді өкінішке ұрындырады
– Меніңше, соңғы уақытта әлеуметтік желінің ықпалы басым болғандықтан, жасанды сұлулыққа жаппай ұмтылыс бар. Әсіресе, әлі өзіндік пікірі қалыптасып үлгер­меген жастар тез еліктейді. 13-18 жас аралығында жасөспірімдер фи­зиологиялық тұрғыдан өсіп жеті­леді. Әлеуметтік желі, теле­дидар, түрлі-түсті журналдағы модельдерге еліктеп, жасөспірім шақтағы толықтығын кемшілік деп түсінеді. Ата-анасынан жасы­рып, арықтауға арналған дәрі-дәрмек ішеді. Өкінішке қарай, мұндай дәрілер дәріханаларда емін-еркін сатылады. Осының салдарынан жасөспірімдер ауруға шалдығады. Әсіресе, қыз балаларға анасы көп көңіл бөлгені абзал. Қыздарға шашының түсі, орташа бойы, толықтығы ұнамайды. Осындай өтпелі кезеңде анасы қызына дүниенің ең сұлуы екенін ұғындырса ғой. Сол кезде ғана жасөспірім қыз комплекстерден арылады. Жасанды сұлулықтың жарға жығатынын түсіне бастайды.

P.S. Қазіргі кезде тым жүдеу модельдерді насихаттауға Франция, Чили, Испания, Италия, Израильде тыйым салған. Себебі, модельдерге еліктеп, дертке шалдыққан жас қыздар көбейген. «Еліктеймін» деп опық жегендер мәселесі біздің елде де бар. Жастар арықтаймын деп ауру таппас үшін арулар «шетелде модель боламын» деп секс-құлдыққа түспес үшін арнайы заң қабылдау қажет болар.

 

 Майра ЖАНЫСБАЙ

Дереккөз: aikyn.kz

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер