Себебі жүректе жан бар. Жан сезімтал келеді. Ішкі дауыс, интуиция дейсіз бе? Иә, иә, оның бәрі сіздің жүрегіңіздің үні! Тек аса мұқият тыңдай білу керек. Ғылымға сүйенсек, адам баласының басына күніне 30 000-ға жуық ой келеді екен. Бірақ мұны жүрек дауысымен шатастырмаған жөн. Ақыл мен жүректі ортақ баланста ұстай білген дұрыс па деймін. Бұл ғылымда зерттелген дүние. Американдық профессор Гэри Шворцовтың айтуынша, жүрек - электромагнитті энергияның қуатты генераторы. Жүректің магниттік қуаты мидың магниттік қуатынан 5000 есе күштірек. Соның негізінде адамның ойы, сезімі, үрейі, арман-қиялы мидан жүрек клеткаларына берілуі мүмкін. Бәлкім, осыдан шығар көпшілік адам ақылын жүрегіне бағындырып, сезімнің жетегінде кететіні..
Тағы бір қызығы, жүрек адал ағза. Өз сезімдеріне адал.
Біреу білсе, бірге беймәлім шығар - елімізде тұңғыш жүрек алмастыру трансплантациясы 2012-нің тамызында жасалған. Астанада. Ұлттық ғылыми кардиоxирургиялық орталықта. Бұл ұлттық медицинаның әлемдік деңгейге көтерілгендігінің айқын дәлелі, бұлтармас жетістік! Ең алғашқы реципиент (басқаның органын алушы) - 38 жастағы қостанайлық Жәнібек Оспанов деген азамат болған. Оның науқас жүрегін ауыстырғанда қызық өзгерістер байқалған. Әлгі донордың қасиет, мінез, ішкі толқыныстары жүрек арқылы Жәнібекке өткен. Міне, оның адалдығы! Ғажайып емей немене...
"Лүп еттің де жатырында анамның,
Жүрегім, сен менен бұрын жаралдың.
Менен бұрын маxаббатты сезініп,
Менен бұрын тіршілік боп саналдың" демекші, ана жатырында алдымен баланың жүрегінің "дүк-дүгі" естіледі екен! Осыдан кейін барып, басқа ағзалар қалыптасады.
Бұл ағзаның осындай сырлары көп. Алайда, көпшілік жүрегіне қамқор бола біле ме? Ұзақ және дені сау өмір кешкісі келген адам алдымен рухын таза сақтауы керек. Құзғын 100 жыл, қолтырауын 400 жыл өмір сүреді. Ал адам өмірінің орта есеппен 80 жылының 30-ы ұйқыға кетеді, 10-ы санасы жетілмеген мерзім десек, қалғанын ұқыптап пайдалану керек. Барлығы ниеттен басталады. Жүректеріңізге абай, сезімдеріңізге адал, ойларыңызға мұқият болыңыз деймін...
P.S. Айтпақшы, жоғарыдағы трансплантация жөнінде ғылыми мәліметтерді Сәуле Досжанованың «Өгей жүрек» атты әңгімесінен білдім. Оқуға кеңес беремін.
Құндызай
©ak-kelin.kz