Әрі қарай әңгіме былай өрбіді:
- Босануға дайындық қалай?
- Сақадай саймын, босандыратын дәрігермен келісіп қойдым.
- Ғаламтордан өзіңе керек мәліметтерді оқыған шығарсың?
- Иә, құрсақтағы бала қай аптада қалай жетіледі, бәрін білемін, оқыдым.
Мұндай кезең менің де басымнан өткен. Тоғыз ай бойы өзіңмен біте қайнасып кеткен кішкентай тіршілік иесімен кездесер сәтіңді асыға күтесің. Бөпеңді қолыңа алып, емірене иіскеуді аңсайсың. «Кімге ұқсайды екен? Әкесіне ме, әлде, маған ба» - деп, ішіңдегі шарананың түрін көз алдыңа елестеуге тырысып, қиялға берілесің. Ең қызығы, басты нәрсе - сәби жарық әлемнің есігін ашқаннан кейінгі өмір туралы ойланбайсың. Себебі, шыр етіп дүниеге келіп, кіндігі кесілген сәттен бастап, оның басқа, сенің басқа адам екеніңді тұмса ана түсіне қоймайды. Шәкәрім қажы айтқандай:
«Анадан алғаш туғанда,
Жыладым неге дауыстап?
Кіндікті кесіп, қиғанда,
Анамнан кеттім алыстап».
Расында да, енді ол сізден бөлек тіршілік иесі. Бірақ, өте дәрменсіз, сіздің күтіміңізге, мейіріміңізге аса мұқтаж. Осы жерден пәлсапалық ойларды тежей тұрып, перзентханадан шыққан бетте сәбимен бірге өмір сүруге қалай дайындалу керек? Осыған тоқталсақ. Өз тәжірибеммен бөлісе отырып, мен тұңғышын дүниеге әкелетін аналарға төмендегідей кеңестер берер едім.
Босанғанға дейін:
1. Алғашқы кезде қажет болатын нәрселерді өзіңіз дайындап қойыңыз. Сәбидің киімі, жаялықтары, дәрі-дәрмек, тіпті жуынатын астауы мен сабынына дейін. Сондай-ақ, өзіңіздің киіміңіз, гигиеналық заттар, т.б. Көптеген халықтарда алдын-ала дайындықты жаман ырымға балайды. Өз басым ол ырымға сенбеймін. Қазақта туылатын балаға атасы алдын-ала ағаштан бесік жасаған. Әжесі бесіктің жабдықтарын тіккен. Оның бәрі бір күнде дайын болмайтын дүние екені ақиқат қой. Қазір, қолыңыз бос кезде асықпай, өзіңіз таңдап алып, кішкентай киімдерді жуып, үтіктеп, әбігерленудің өзі бір ғанибет. Яғни, бір оқпен екі қоянды атасыз: өзіңізге көтеріңкі көңіл-күй сыйлайсыз және отбасының барлық мүшелерін күні ертең нәресте туған сәтте басталатын қарбаластан құтқарасыз. Бұл маңызды шаруаны кімге сеніп тапсырсаңыз да, міндетті түрде бір нәрсені ұмытып кететіні және өз ойыңыздағыдай жасай алмасы анық. Маған әйелдер консультациясында дәрігер берген шағын кітапша жақсы көмектесті. Бәрін сол тізім бойынша жасадым. Ол тізімге арнайы бөлек мақалада тоқталамыз.
2. Қырық күнге жететіндей тамақ дайындай беріңіз. Үйді тазалап, кірді жуып, бірқатар шаруаны онсыз да тындырып қойған шығарсыз. Әрбір болашақ анада «ұя жасау» синдромы болатынын психологтар әлдеқашан дәлелдеген. Және бұл сезім тек адам баласы ғана емес, тіпті хайуандардың да ұрғашысына тән. Иә, тұңғыш босанып отырған жас анаға нәрестенің әжелері (анаңыз, енеңіз) көмекке келгенмен, ас пісіру, дастархан жасау, шәй құю - сіздің міндетіңіз боп қала береді. Сондықтан, қажетті азық-түліктерді де алдын-ала алып қойыңыз. Тоңазытқыш пен кебежеңізді тез бүлінбейтін азықтарға толтырыңыз. Жүктіліктің соңғы айлары да оңай емес, дегенмен, ертең бұл күніңізге зар болып қалатыныңызға мен кепіл. Бұл іске арнайы уақыт бөлудің қажеті жоқ, күнделікті кешкі, түскі асты молырақ етіп әзірлеп, бір бөлігін жартылай дайын күйінде сақтай беріңіз. Котлет жасасаңыз, жартысын пластик ыдысқа сап, мұздатқышқа қойыңыз. Түшпара түйсеңіз де солай. Кеспенің жартысын сорпаға салып, екінші жартысын кептіріп алыңыз. Еттің шандыр, бездерін алып тастап, бір тамаққа жететіндей етіп турап, оны да бөлек-бөлек целлофан пакеттерге салып, мұздатқышқа тастаңыз. Тауық, балықты да тазалап, бөлшектеп қойыңыз. Картоптан басқа көкөністерді турап, қатырып тастауға болады (сәбіз, пияз, қызылша, тәтті бұрыш, асқабақ). «Туған әйел туырлығын жейді» деген мәтел бар. Ертең-ақ бұл еңбегіңіздің жемісін өзіңіз көресіз.
Босанғаннан кейін:
1. Баланы бесікке бөлеңіз. Өзі тербелетін заманауи электронды бесік болса тіпті жақсы. «Бесіктің маңызы жайлы не білеміз» атты мақалада бұл туралы толық жазылған.
2. Өзіңізге ыңғайлы жағдай жасаңыз. Бала емізетін орын екеуіңізге де жайлы болу керек. Кеңес үкіметі тұсында жарық көрген бір кітапта мынандай сурет бар:
Яғни, ең ыңғайлысы, нәрестені қолға ұстап отырып емізу және аяқтың астына аласа орындық немесе қатты жастық қойып қою. Белгілі бір себептермен дәрігер босанғаннан кейін отыруға рұқсат етпесе, суға жүзгенде мойынға киетін үрлемелі дөңгелекті орындықтың үстіне қойып, соған отырыңыз.
Баланы жатқызатын орын үйдің кез-келген бұрышында дайын тұруы керек. Мысалы, бесікті ас үйге көтеріп апара алмайсыз. Сіз тамақ ішкенде ол жылайды. Міндетті түрде. Дәлелденген нәрсе. Бір қолыңызбен бала тербетіп тұрып, екінші қолмен тамақ пісіру де өте ыңғайсыз. Сондықтан, шезлонг, люлка, балалар арбасы көмекке келеді. Жағдайыңызға қарай, бұлардың тым болмаса біреуін, ал негізінде, бәрін алуға тырысыңыз. Немесе «не сыйлайық» деп әлекедей жаланып отырған туған-туыс, дос-жарандарыңыздың біріне қолқа салыңыз. Тағы бір тамаша тәсіл - баланы арқаға немесе омырауыңызға байлап, таңып алу. Азия мен Африканың көптеген елдерінде кеңінен тараған. Қазіргі таңда таңғыштың түр-түрі бар. Олар дәріханалар мен балалар дүкенінде сатылады. Слинг немесе эргорюкзак деп аталады. Нәрестені слингке салып, емханаға, дүкенге, қонаққа баруға болады. Үйде ол екі қолыңыздың бос болуына мүмкіндік береді.
3. Екі нәрсені мықтап жадыңызда ұстаңыз: тамақ және ұйқы. Нәрестені жарытып емізу үшін сіздің қарныңыз тоқ, қайғыңыз жоқ, ұйқыңыз қанық болу керек. Дастарханға отырмас бұрын, алдымен сәбиді емізіп, тойдырып қойыңыз. Жаңа туған сәби тәулігіне 18-20 сағат ұйықтайды. Онда күн немесе түн деген ұғым жоқ. 20 сағатта қанбайтын қандай ұйқы дейсіз ғой? Құс ұйқы. 20 сағаттың ішінде ол да 20 рет оянады. Ал сіз сағат сайын оянып үйренбегенсіз. Аналар туралы «түн ұйқысын төрт бөлген» деген сөз содан қалған. Бала ұйықтап жатқанда кір жуып, киім үтіктеп, үй шаруасымен айналыспаңыз. Сіз де жатып тынығып алыңыз. Әйтпесе, көп ұзамай-ақ күш-қуатыңыз сарқылып, босанғаннан кейінгі күйзеліске ұшырауыңыз да мүмкін.
4. Баланы таза ауаға көбірек шығарыңыз. Тіпті, қыста босансаңыз да, - 20-дан асатын қатты аяз бен боранды күндерден басқа уақыттың бәрінде серуенге шығыңыз. Ол далада жүргенде не басқа бөлмеде болғанда ұйықтайтын бөлмесінің терезесін ашып, желдетіп алыңыз. Нәресте ағзасына оттегі жетіспеуі өте қауіпті. Таза ауамен тыныстап келген сәби тоя тамақтанады, ұйқысы да тыныш болады.
5. Жауапкершілік жүгін жеңілдетіңіз. Көмекшілеріңіздің көп болғаны жақсы. Ата-әжелерін, әкесін бала күтіміне араластыра беріңіз. Бұрын үлгеретін шаруалардың бәрін әлі де өзім атқарамын деп, босқа тыраштанбаңыз. Шектен тыс кірпияз болудың да қажеті жоқ. Нәрестенің киімі мен жаялықтарын кір мәшинесіне салып, балалар ұнтағымен жуып көріңіз. Ешқандай аллергия белгілері байқалмаса, солай жуа беріңіз. Тек қана қолмен, тек қана балалар сабынымен жуып, іші-сыртын үтіктеу - артық жұмыс. Тамақ әзірлеуді біраз жеңілдететін мультипеш сатып алыңыз. Есіңізде болсын, енді сіз жалғыз емессіз. Бір кішкентай адамның өміріне жауаптысыз. Ендеше, дәл қазіргі уақытта ең бастысы - сәбиіңіздің сізге, сіздің оған бейімделуіңіз.
6. Емізуден бас тартпаңыз. Қазақта «уызына жарыған» деген тамаша сөз бар. Ананың ақ сүтін еміп өскен баланың денсаулығы мықты, ата-анасына деген махаббаты айрықша болады. Жауапкершіліктен мүлдем қашып, бала тәрбиесін басқа адамға тапсыру - босанған әйелдер депрессиясының аса ауыр түрі.
Шыны керек, мен өзім бұл мақаладағы бірінші тармақтан басқа ешбірін жүзеге асыра алмадым. Себебі, 4-5 бала тапқан жеңгелерім, құрбыларым бола тұра, бұл туралы маған айтатын адам табылмапты. «Көре-көре көсем боласың» деген осы, бұл жазбам алдағы уақытта "қазір бәрін есте сақтай алмаймын, тәптіштеп жазып шықты" деп өтінген сөз басындағы құрбымның ғана емес, сіздің де, өзімнің де әжетіме жарайды деген үміттемін.
Нәзира Ермаханқызы
©ak-kelin.kz