Көбінесе қыз-келіншектер "диета" десе елең ете түседі. Кез келген нәрсенің екі жағы бар, жақсысы да, жаманы да бар. Диетаның жақсы жағы, нақты бір ауруға шалдыққанда көмегі ұшан-теңіз. Ал, арықтау мақсатында ұстайтын диетаның пайдасынан зияны көбірек. Ондай диетаның да түр-түрі бар.
Үнемі арықтап жүруге болмайды!
Себебі, адамның ағзасы ойыншық емес, диетаның зияны сол, жанға да, тәнге де ауыр соғады. Физикалық та, моральдік-психологиялық жағынан да адамды титықтатады. Денсаулыққа да зиян! Не істеу керек?
Артық салмақ расында да мазаңызды алса, өмір сүруіңізге кәдімгідей зиянын тигізе бастаса, дәрігерге, тым болмаса диетолог маманға жүгінгеніңіз жөн! Өз бетіңізше, тағамдардың бір түрлерінен тыйылып, не болмаса тамақты мүлде тыйып тастау, одан қалса жарнамадағы неше түрлі препараттарды алып өз бетіңізше пайдалану - ең алдымен өміріңізге қауіп төндіреді! Денсаулығыңызға орасан зиянын тигізеді. Сол себепті сауатты, саналы түрде кіріскеніңіз жөн бұл мәселеге! Жеуге мүлде болмайды дейтіндей тамақ атымен жоқ! Адам ағзасына бәрі қажет! Ешқандай тамақтан арықтау үшін бас тартуға болмайды.
Жалпы, арықтауды мақсат етпегеніңіз жөн! Дене сымбатыңызды қалыпқа келтіру, денсаулығыңызды жақсарту - міне осыларды мақсат еткен жөн!
Ешқандай стандарттарды қуу қажет емес! Өз жасыңызға лайықты, статусыңызға сәйкес, өзіңізге жайлы салмаққа жетуді мақсат еткен жөн!
Ал, енді дұрыс тамақтанудың жағдайына көшейік.
Дұрыс тамақтану дегеніміз, жалпы тірі табиғаттың өмір сүру ырғағына бірден-бір сай келетін тамақтану түрі екен. Шығыстың әйгілі нақыл сөзі бар ғой, "Таңғы асыңды өзің іш, түскі асыңды досыңмен бөліс, кешкі асыңды жауыңа бер", - деген. Сол сөз нақ осы дұрыс тамақтанудың қағидаларымен сәйкес келеді. Шындығында да, түнде табиғаттың өзі мүлгіп, өлі тыныштық орнап, адамның бар ағзасы демалып, ұйқыға кететін уақыт. Тіпті түн мезгілінде жанып жатқан оттың өзінің бәсеңдеп, бейне бір ұйқыға кеткен секілді күйге енетінін байқаған боларсыздар. Адам ұйқыда жатқанда, оның тәнінде де осындай тыныштық орнағандықтан, оның өмірге қажетті процестеріде баяу ырғақта жүреді. Жүрек соғуы бәсеңдейді, тыныс алуы ұзағырақ болады. Ағзадағы зат алмасу да өте баяу жүреді.
Сол себепті де, жатар орынға тамақ жеуге болмайды. Себебі, тамақ түнгі уақытта қорытылмай, таң атқаннан кейін ғана қорытыла бастайды. Ал түні бойы асқазанда тұрған тамақ, айтпаса да түсінікті, адамды улай бастайды. Кешкі астан кейін кем дегенде екі жарым-үш сағат өткеннен кейін ғана жатқан жөн.
Ал таңертең тұрғанда, асты бірден ішуге болмайды. Өзіңіз қалай ұйқыңызды аша алмай тұрған болсаңыз, ағзаңыз да, тамақ ішуге әлі дайын емес деген сөз. Ашқарында алдымен су ішкен дұрыс, ыстық та, суық та емес, жылы су. 200 грамдай жылы су ішіп, тек жарты сағат өткеннен кейін ғана, таңғы асты ішуге болады. Күніне үш рет толыққанды тамақтану, екі рет тіскебасар жеу керек. Әрбір 2,5-3 сағат сайын, жиі-жиі тамақтанып, әр тамақтанудың алдында жарты сағаттай бұрын бірер стакан су ішіп отырса, онда зат алмасу процесі жақсы жүргендіктен, ағзада артық шлактар да жиналмайды. Тәттіні шектеп, қант орнына бал немесе кептірілген жемістерді, тек сағат 16-ларға дейін пайдаланған жөн. Нанды да шектеп, тек ірі сұрыпты бидай, қара бидай немесе кебек нандарды жеуге болады. Ал кешкі асты неғұрлым ерте ішіп, жатар алдында қарыныңыз ашып тұрса, бір стакан айран ішіп алуға болады.
Осы қарапайым ережелерді сақтай отырып, артық салмағыңыздан оңай да тез арыла аласыз.
Артық салмақтан арылуды сауатты ұйымдастыра білесіз бе?
Артық салмақтан арылу мәселесіне психологиялық көзқарас. Диета ұстау неге зиянды?
Не себепті артық салмақтан арылу кей адамдар үшін шешімі қиын мәселеге айналады?