Дегенмен, 25-тен асты деп қыздарды келсін-келмесін кәрі деу қисынсыз. Атауының өзі қандай жаман. Сондықтан, «кәрі қыз» атағынан құтыламын десеңіз:
1. Айналаға жағдайды жария етпеу. Көпшілік жасы 25-тен асқан қыздар «25-тен асып бара жатырмын», «маған күйеу тауып беріңдер», «әлі тұрмысқа шыққан жоқпын» деп ішкі жан айқайын сыртқа шығарып жар салып жүреді. Бұл үлкен қателік. Әлі тұрмыс құрмақ ойыңыз болса, ішіңізде бұл жағдай қыз-қыз қайнап жатса да, ешкімге білдірмеңіз. Әйтпесе, танысқысы келген жігіт алдыңызда кездескен кез келген жігітке қатысты сіздің жоспарыңыз бар екендігін ойлап, бірден теріс айналады. Тіпті, өзіңіз ойлап көріңіз, үйленбекші болған жігіт үшін "әй, мынау әлгіндегі күйеу тауып беріңдер деп жүрген қыз емес пе" деген атақтың өзі қандай. Қалай болғанның өзіңде бұл мәселенің сізді алаңдатпайтындығын, ешнәрсеге қарамастан бақыт күйінде екендігіңіз көріну қажет. Өз әлемінде өзінше бақытты болып жүрген адам ғана өзіне қызығушылық тудыра алады.
2. Комплекс. Жасым келді, уақыт өтіп бара жатыр деп мұңаймаңыз. Сіздің санаңызда қалыптасқан бұл комплекс ер адаммен танысып, араласу барысында үлкен келеңсіздіктер туғызады.Мұның салдарынан туындаған өзіңізге деген сенімсіздік, орынсыз сөз, артық әрекеттің өзі сізді оның алдында ыңғайсыз жағдайға қалдыру ықтималдығы жоғары. Әр құбылыстың өзіндік жақсылығы бар. Мәселен, сіз осы уақыт бойы білім алдыңыз, ел көрдіңіз, жер көрдіңіз, тәжірибе жинақтадыңыз. Ойлап қарасаңыз, ерте тұрмыс құрып екі-үші баламен алысып, тамақ істеуден қолы босамай азып кеткен келіншектер керісінше сізге қызыға қарайды, сіздің орныңызда болғысы келеді. Соны ескеріңіз! Қыз бала осыншама жаста тұрмыс құру керек деген шартты нәрсе. Ешқашан да кеш емес. Ең бастысы басыңыздағы бұл проблеманы ту етіп желбіретіп әрі-бері жүгіре беру емес, оны шешудің жолын қарастыру.
3. Талаптарыңызды қайта қарастырыңыз. Бірнеше жыл бойдақтық өміріңізде бірталай жетістіктерге жетіп, өміріңіздің сапасы артып, адамдарға қатысты том-том көзқарасыңыздың қалыптасқаны белгілі. Бірақ, барлығынан өзіңіздей болуды талап етудің қажеті жоқ. Сіздің тап өзіңіздікіндей жолдан өтуіңіз – бұл тек сіздің таңдауыңыз. Болашақ серігіңіз бір жігіттен қатты көңіліңіздің қалып, карьера қууыңызды, не іні-сіңлілеріңіз үшін жауапкершілік алып, соларды жеткіземін деп болған ұсыныстан бас тартып осыншама уақыт жүріп қалуыңызды өтінген жоқ.
4.Мінсіз болу қызық емес. Өсемін, білім аламын, жетілемін деп жан-жақты ізденгеніңіз анық. Бірақ, мінсіз болудың жолын қуу артық. Тек табиғи сұлулық, тек спорт, тек классикалық киім, тек зиялылық деп тіресіп, көзіңізде көзілдірік, үстіңізде сұр костюм, ал сөзіңіз бен ісіңіз қатып қалған ережеден тұрса, тоқтаңыз! Ойланыңыз. Ер адам ойынды, жұмбақты жақсы көреді. Бірбеткейлік пен өршілдігіңізді жұмсақтыққа алмастырыңыз. Сан қырлы, болжауға келмейтін, орнымен тентектеу, көңілге қонымды қылығы мен еркелігі бітпейтін сарқылмас қазына болуға асығыңыз.
5. Айналаңыздағы бойдақтар. Тұрмыс құрғандардың қатарына қосыламын десеңіз, айналаңыздағы бойдақтармен үйір-үйір болып жүруді қойғаныңыз жөн. Әрине, тұрмыс құрғандардың әні бөлек, сізге түсініксіз, қызықсыз: ата-ене, отағасы, бала, қазан-ошақ төңірегі. Бірақ, сіздің аңсап жүргеніңіз сол емес пе? Соларға жақын болыңыз. Солар айтып отырған нәрсеге құлағыңыз үйренсін, көзіңіз үйренсін. Тұрмыс құрған қыздармен ғана сіздің ойлау қабілетіңіз бен түйсігіңіз өзгереді. Солармен бірге айтылатын әңгіме ғана өміріңізге өзіңізге керек нәрсені тартады. Орыстарда «Подобное притягивается подобному» дейді. Сондықтан, үнемі өзіңіздің жағдайыңыздағы қыздармен бірге уақыт өткізіп, бір-біріңінің мұңдарыңызды тыңдау арқылы сол деңгейде қала беруден қауіптеніңіз.
6. Жаман әдет. Оңай эмоцияға берілетін, уайымшыл, көңіл-күйі ауа-райындай өзгеріп отыратын қыз балаға осыншама уақыт бір жағынан қызметте үлкен істің жүгін көтеріп жүру, екінші жағынан жанында ер адамның демеуі болмай сынып кетіп ішімдік ішу, шылым шегу секілді жаман әдеттерге бой ұратындығын түсінуге болады. Бірақ, есіңізде болсын ер адам өзі сол әдеттерден мақұрым болмаса да, оны қыз баланың бойынан көргісі жоқ. Соның ішінде, отбасылы боламын деген ер адам, ол ұрпағы үшін жанын беретін адам. Демек, ондай жігіт балаларының анасы ретінде сізге тоқталмасы анық. Бұған дейін қандай үлкен себептермен сол әдеттерге бой ұрсаңыз да тұрмыс құрамын деген мақсатқа жетемін десеңіз, бұл әдеттердің ауылынан алыстағаныңыз дұрыс.
7. Танысу орны. Әдепті қыз көшеде таныспайды деген қағида жоқ. Шын пейілімен ықылас білдірген жігітпен таныса беріңіз. Ол сіздің тағдырыңыз болып шықпасына кім кепіл?! Бірақ, жоғарыда аталған өзіңіздей бойдақ қыздармен таңға дейін түнгі клубтар мен кафеден шықпай күйеу іздемегеніңіз өзіңізге жақсы. Себебі, бұл жүрістің өзі өзіңізге қатысты жақсы пікір қалыптастырмайтындығымен бірге, сіз ойлағандай адам бұл жерлерде кездеспейді-ау. Дұрыс жігіттің көпшілігі күндіз асхана, дәмхана, мейрамханада түскі ас кезінде келіссөз жүргізіп, фитнесс клубта салауатты өмір салтын ұстанудың амалымен әлек екендігі анық.
Бақытты болыңыздар!
Динара Болат
©ak-kelin.kz