Құрылтай Әнұранмен басталып, екі құрылтай арасында қаза болған 131 ақын-жазушыны бір сәт еске алу үнсіздігімен басталды. Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының Төрағасы Нұрлан Оразалин сөз сөйлеп, өткен ширек ғасырдағы жеткен жетістіктер мен кеткен кемшіліктерге тоқталды.
Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап мемлекет тарапынан жазушыларға ұдайы қолдау білдіріп келеді. Атап айтсақ, жыл сайын шығармашыл қызметкерлер мен мәдениет қызметкерлерін мемлекеттік қолдау мақсатында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендиясы берiледi. Сонымен қатар, екі жылда бір рет Қазақстан Республикасының әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығы тұрақты түрде табысталып келеді.
Бұған дейін Нұрлан Оразалин өзінің кезекті рет сайлауға түспейтінін мәлімдеген болатын. Ал жалпы жазушылар төрағалыққа көрнекті ақын Ұлықбек Есдәулетті құп көрген еді. Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ұлықбек Есдәулетті жазушылар қауымының басым көпшілігі қолдады.
Сонымен көптен күткен мәселенің де басы ашылды. 25 жылдан кейін Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы ауысты. Сабыр Адай, Сауытбек Абдрахман, Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Ермек Аманшаев бастаған алдыңғы буын ағалар мен қатар Бақытгүл Бабаш, Ақберен Елгезек, Әлия Дәулетбаева, Бақыт Беделхан, Ерлан Жүніс қатарлы жаңа толқынның барлығын қамтыған 151 адам одақ төрағасы атануға үміткер болған. Соның ішінен жаңа төраға болып Ұлықбек Есдәулет сайланды.