Жуырда ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 — 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында «Текті сөздің төресі- терме» республикалық жыршы-термешілер байқауын ұйымдастырды. Байқау бүкіл республиканы қамтыды. 14 облыстан және Астана, Алматы қалаларынан облыстық, қалалық деңгейде өткізілген байқаулардың жеңімпаздары, яғни барлығы 16 үміткер қатысты, - деп хабарлайды alashgazeti.kz.
Республикалық кезеңнің аясында байқауға қатысушылар өз білімдері мен шеберліктерін «Ел бірлігі туралы»; «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы туралы»; «Тілдің Қазақстан халқын топтастырудағы маңызды рөлі туралы»; «Мәңгілік ел идеясы туралы» тақырыптар бойынша сынға салды. Жыршы-термешілердің жұмысы мен жеңімпаздарын халық өнері шеберлерінен, қоғам қайраткерлерінен, қоғамдық ұйымдардың өкілдерінен құрылған қазылар алқасы бағалап, анықтады.
Нәтижесінде Бас жүлдені Алматы қаласынан келген Уатқан Шаттық қанжығасына байлап, 300 000 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлықпен марапатталды. 1-орынды иеленген Есназар Эльвира (Солтүстік Қазақстан облысы) 250 000 теңгені, 2-орынды иеленген Оразов Фархат (Батыс Қазақстан облысы) 150 000 теңгені, 3-орынды иеленген Баймырза Зульфия (Астана қаласы) мен Төлебай Жарасқан (Қызылорда облысы) 100 000 мың теңгені өз қоржындарына басты. Сондай-ақ тиісті дипломдар табысталды. Байқауға белсене қатысқан үміткерлерге алғысхаттар мен ақшалай сыйақы берілді.