Сөз сойыл (қызықты оқиғалар)...
02.04.2018, 11:27

Сөз сойыл (қызықты оқиғалар)...

Ұлыбританияның ханзадасы Чарльз Кембриджде оқып жүргенде қасында оққағары жүріпті. Ол қайда барса да оққағары қасынан бір елі қалмапты. Ғылыми отырыстарда да, пікірталастарда да бірге жүреді екен. Оқу аяқталар сәтте ұстаздар оққағарға Чарльзбен бірге емтихан тапсыруды ұсыныпты. Нәтижесінде, Чарльзден де көп балл жинаған оққағар дипломды болыпты.

 * * *

Француз жазушысы Ги де Мопассан Эйфель мұнарасын ұнатпапты. Дегенмен ол түстікті дәл осы мұнараның мейрамханасынан ішетін көрінеді. Оған «Неге?» деген сұрақ қоюшыларға: «Осы жерден ғана мен Эйфель мұнарасын көре алмаймын», дейді екен.

* * *

Белгілі жазушы, айтыскер ақын Баянғали Әлімжан Астанада бір үлкен ғимараттың қабырғасындағы басқы әріптері түсіп қалған «...ық-түлік» деген сөзді көріп: – Әп-әдемі сөз еді – азық-түлік, Әуелде оны дұрыс жазып тұрып, Артына түсіп қалған екі әріпті Артына қағар ма еді қызық қылып! – деген екен.

* * *

Жаңа жылда шаһарлардың бәрінде тырсылдатып аспанға фейерверк ататыны белгілі. Сондай күннің ертеңіне күкірт сасыған қорғасын ауаға қарап тұрып, Баянғали: – Күштінің арты диірмен тартады деуші еді атам қазақ. Қазіргілердікі фейерверк атады! – деген екен.

Осындай да бар кісі Парақор деген «кәсіпкер»,

Айтады кейде ашық «Бер!».

Бір бума берсең, бұйырып,

Дейді «Давай, ашып бер!».

Келеді-ау санап алғысы,

Қалтаға сосын салғысы.

Топқа түскен тұлпардай,

Қатардан жоқ-ау қалғысы...

Осындай да бар кісі,

Пейілі тым тар кісі.

Жай халықтың жібермес,

Көз жасы мен қарғысы.

Кім не айтады?..

Білімдінің сөзін құйып аласың,

Үлгілінің сөзіне ұйып қаласың.

Отпен ойнасаң, күйіп қаласың,

Сезімдімен сөйлессең, сүйіп қаласың.

Суайтпен сөйлессең, сеніп қаласың,

Сеніміне сезбей еніп қаласың.

Сұғанақпен сөйлессең, «елтіп» жібереді,

Сыбайласымен «сапарға» ертіп жібереді...

Аңшымен сырлассаң, бөрібасар сұрайды,

Алқашпен сырлассаң, шөлбасар сұрайды...

Көбікауызбен сөйлессең, «сабақ» береді,

Сабақты бірнеше сағат береді...

Жемқормен сөйлессең, «жол-жобаны» айтады,

Өзіне пайдалы мол жобаны айтады...

Жұмысшы жалақысын алмағанын айтады,

Алу үшін амалдың қалмағанын айтады...

Баспанасы жоқтар безіп кеткенін айтады,

Пәтер үй іздеп, кезіп кеткенін айтады...

Біреу жәрдем сұрап арызданғанын айтады,

Біреу банкке көп қарызданғанын айтады...

Басқа да баршылық...

Қазыбек ӘШІРБЕКҰЛЫ

Қызылорда

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер