Біз сені ұмытпаймыз, Жүке!
31.08.2017, 22:17

Біз сені ұмытпаймыз, Жүке!

Қайран Жүкең! Қайран Жұмабек!

Оның өмірден өткеніне де қырық күн толғалы жатыр. Қазақтың біртуар азаматы, біздің бетке ұстар курстас досымыз Жұмабек 

Кенжалинді енді қайтып көзбе-көз көре алмаймыз дегенге көңіл шіркін әлі де сенбейді. Өйткені өлімге қияр жан емес еді-ау Жұмабек!..

Сонау студенттік шақтың өзінде, ҚазМУ-дің журналистика факультетінде оқып жүрген кезде-ақ біз оны Жүке дейтінбіз. Үлкеніміз де, кішіміз де солай атаушы едік. Бұл біздің баршамыздың оған деген құрметіміздің белгісі іспеттес атау болатын.

Жүкең шынында да арамыздағы сыйлы, құрметті, абыройлы азамат еді. Бұл құрмет оған жайдары мінезі, биік адамгершілігі, терең білімдарлығы, ерінбейтін еңбекқорлығы арқылы келген болатын. Жүкеңді курстастар ғана емес, басқа да студенттер, оқытушылар да жақсы көрді, жақын тартты. Оқуда да, қоғамдық жұмыстарда да алғырлығымен, тиянақтылығымен, белсенділігімен көзге түскен оның беделі барған сайын биіктей түсті. Солайша оған ылғи да үлкен сенім артылатын.

Міне, сол сенімнің жетегінде Жүкең, Жұмабек Кенжалин қазіргі қазақ журналистикасының майталмандары қатарынан орын алды. Солайша ол біздің бәріміздің де мақтанышымызға айналған тұлға дәрежесіне көтерілді.

Қазақ кім десе, ойланбай-ақ мынау деп көрсететіндей азамат еді-ау Жұмекең! Парасатты да пайымды, әрі қабілет-қарымды, әрі іскер ұйымдастырушы, әрі адамдық асыл қасиеттерге бай азаматтан айырылу оны білетіндердің қай-қайсысына да өте ауыр тиді. Әсіресе курс­тастар үшін оның орны ойсырап қалды. Бүгінде ол туралы жазылып жатқан достар мен әріптестердің жүректен шыққан жазбаларын тебіренбей, терең сезімге берілмей оқу мүмкін емес.

Жүкең қоғам қайраткері, шаруасы көп үлкен ұжым басшысы болса да курстастарға қатыс­ты іс-шаралардың бел ортасынан табылатын кішіпейіл де үлкен жүректі азамат еді. Ол біздің ұйытқымыз, арқа сүйеріміз, бас көтереріміз болатын. Әрине, ондай жанның орны ойсырамағанда қайтеді?

Жүкеңнің бейнесі қашан да біздің көз алдымызда, жүрегімізде, жадымызда тұрары анық. Біз сені ұмытпаймыз, Жүке! Сен енді біздің сағына еске алатын адамымызға айналдың! Өзің туралы әлі талай-талай естеліктер жазыла берері де сөзсіз.

Жаның жәннатта болсын, курстас-дос!

Бекем бол, Әлима! Қазаның арты қайырлы болсын!

Иса ОМАР

© zamana.kz

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер