Полиция қызметкерлері Алматы – Дели рейсінен екі Үндістан азаматын шығарып алды, деп хабарлайды көліктегі ІІД баспасөз қызметі. Ұшақта тәртіп бұзушылар туралы "Эйр Астана" өкілі Алматы әуежайындағы ішкі істер бөліміне хабарлапты. Анықталғандай, 42 жастағы екі Үндістан азаматы мас күйінде ұшаққа мініп, өздерін дөрекі ұстаған, балағат сөздер айтып, ескертулерді құлақтарына да ілмеген. Әуежайға жеткен көліктегі полиция қызметкерлері оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тәртіп бұзушыларды ұшақтан түсіріп алды. Медициналық сараптама қорытындысы бойынша, қос азамат жеңіл дәрежеде мас болған. Оларға қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, әрқайсысына 5 АЕК (12 025 теңге) айыппұл салынды.
Дереккөз: Sputnik