- Әскери қызметшілер жұмыс күндері мемлекет есебінен тамақтануы мүмкін. Бұл туралы Мәжілісте «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қорғаныс және әскери қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында ҚР Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов айтты, деп хабарлайды Вaq.kz.
Оның айтуынша, заң жобасы арқылы 18 заңға толықтырулар мен өзгерістер енгізіледі.
«Облыстар, Алматы мен Астана қалалары әкімдіктері жанындағы аумақтық қорғаныс басқармаларын аумақтық әскерлер басқармасына өзгерту арқылы оларға әскери бөлімшелер мәртебесін береміз. Оларды Қарулы күштердің құрамына қоса отырып, аумақтық қорғанысты елдің жалпы қорғаныс жүйесіне интеграциялауға қатысты өзгерістер енгіземіз», - деді Сәкен Жасұзақов.
Қорғаныс министрі жаңа заңда Әскери қызметшілерді мемлекет тарапынан тамақтандыру нормасы қарастырылғанын атап өтті.
«Заң жобасында ұдайы жауынгерлік әзірлік бөлімдеріндегі офицерлік, қатардағы және сержанттық құрамдағы әскери қызметшілерді жұмыс күндері мемлекет есебінен тамақтандыруға мүмкіндік беретін норма енгізіліп отыр», - деп түйіндеді министр.
26.10.2016, 14:45
Әскери қызметшілер мемлекет есебінен тамақтанады
Пікір жазу