Қылмыстық іс материалына сүйенсек, қызметтік өкілеттілігін асыра пайдаланған полиция капитаны 2017 жылдың желтоқсаны мен ағымдағы жылдың қаңтары аралығында бірнеше адамның орнына «емтихан» тапсырған.
2017 жылдың қараша айында бұрын 9 айға жүргізуші куәлігінен айырылған Байғараев таныстары арқылы полиция қызметкеріне 20 мың теңге мен құжаттарын берген. Кейін айыпталушы А.Саршин барлығы 40 сұрақтың 36-на дұрыс жауап беріп, Байғараев тапсыруы тиіс емтиханнан өтеді. «Емтиханнан өтті» деген құжатқа қол қойып, иесіне қайтарған. Кейін осы жолмен Н.Нұрбаев, Е.Әуезов, О.Замирайло, Е.Қарашаев, Ж.Жаманов, М.Баймұрзин, Д.Есжанов, Б.Тілеубаев, К.Сатыбалдин, Д.Жанәділов мен В.Гельвихке құжат жасап берді. Бірақ Мұғалжар аудандық ішкі істер бөлімінде жүргізуші куәлігін алатын адамдардың емтихан парақшасы мен теориялық емтихан тапсырғаны туралы ешқандай құжат тіркелмеген. Қылмыстықтық істі қарау кезінде айыпталушы Нұрдәулет Саршин процессуальды келісімге келіп, өзіне тағылған айыпты мойындады.
Мұғалжар аудандық соты айыпталушы Нұрдәулет Саршинді Қылмыстық кодекстің «Лауазымдық өкілеттіліктерді теріс пайдалану», «Қызметтік жалғандық жасау» баптары бойынша айыпты деп танып, екі жылға бас бостандығынан шектеу жазасын тағайындады. Ол өмір бойы мемлекеттік және құқық қорғау саласында жұмыс істей алмайды. Сонымен қатар, полиция капитаны шенінен айырылды.