– Жаңа ұрпақтың дүниеге келуі және халқымыздың көбеюі – мемлекетіміздің басты стратегиялық мақсаты. Әйелдер жетістікке жете алмайтын ешқандай сала жоқ. Сіздер кәсібилік пен спорттың, ғылым мен саясаттың шыңдарын бағындыра аласыздар. Қазіргі таңда үш мыңға жуық докторанттың 60 пайызы – әйелдер. Мәжіліс депутаттарының үштен біріне жуығы – қыз-келіншектер. Жалпы, мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлес салмағы елу пайыздан асады. Мұны мемлекетті басқару ісінің тиімділігін арттыруға септігін тигізетін дұрыс үрдіс деп санаймын, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі барлық ер-азаматтардың атынан әйелдер қауымын мерекелерімен құттықтап, оларға бақыт, махаббат пен бақ-береке тіледі.
Соңында Мемлекет басшысы Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғыны, көп балалы ана А.Түзелбаеваны «Алтын алқамен» және Астана тұрғыны Р.Аяғанованы «Күміс алқамен» марапаттады.