Қостанайлық студенттер жеңілдетілген жолақы енгізуді сұрайды
02.02.2018, 14:03

Қостанайлық студенттер жеңілдетілген жолақы енгізуді сұрайды

Қостанайлық студенттер жеңілдетілген жолақы енгізуді сұрайды www.inform.kz

Қостанайлық жастар қалада студенттік жолақы билетін енгізуді сұрап отыр. Бұл туралы «Жас Отан» Жастар қанатында өткен басқосуда мәлім болды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 

Жиынға келген студенттер жолақының қымбаттауын тілге тиек етті. Ал «Жас Отан» ЖҚ облыстық филиалының төрағасы Ерлан Төлетаевтың сөзінше, автобуста жүру құны студенттер үшін 80 теңге болып қалуы тиіс.

«Қазірдің өзінде студенттерге оқу орнына барып келу үшін кемінде 160 теңге кетеді. Бұл бір айға шаққанда 14 мыңға тең. Мемлекеттік грантта оқитындар айына орта есеппен 16 мың теңге алады десек, басқа да шығындарға небәрі 2000 теңге артылады. Мен Қазақстанның барлық өңіріндегі жолақы құнын қарап көрдім. Ең қымбаты - Қостанайда. Сондықтан студенттерге жеңілдіктерді қарастыру керек»,- дейді ол.

Жастар жағы жолақы құнымен қатар автобустардың қызмет көрсету сапасын да сынға алды. Мәселен, КСК шағын ауданында тұратын Назигүл Досмағұлова №9 автобустың жұмысына көңілі толмайтынын айтады.

«КСК шағын ауданына бес ай бұрын отбасымызбен көшіп келдік. Ғафу Қайырбеков көшесінен үш автобус жүреді. Баратын жеріме №9 автобуспен жетемін. Алайда, аталған маршруттың жұмысы көңілімнен шықпады. Автобус жиі кешігеді. Аялдамада 20 минутқа дейін тұрамын. Әсіресе, қыста қиын. Бірде аязды күні автобустың артқы есігі жабылмай қиғылық салды. Іштегі жолаушылар тоңып-жаурап межелі жерге әрең жетті. Автобустың жүрісін, техникалық жағдайын қадағалап отыратын жауапты адамдар болу керек»,- деп базынасын айтты Назигүл Досмағұлова.

Айта кету керек, күні кеше ғана студенттер мен түрлі ұйымдардың өкілдері петицияға қол қоюды бастады. Олар аталған құжатта Қостанай қаласының әкімі Базыл Жақыповтан қоғамдық көліктерге студенттік билет енгізуді сұрайды.

«Осы петицияға қазірдің өзінде 2000-дай студент қол қойды. Бұл тізім көбейері сөзсіз. Билік өкілдері жастардың өтінішін есепке алады деген ойдамыз», - дейді Аянат Меңдібаева есімді студент.

Еске салсақ, ақпан айынан бастап Қостанайда қоғамдық көлік ақысы 100 теңгеге дейін қымбаттайды. Себебі, тасымалдаушы компаниялар қала әкімдігіне тарифті көтеру туралы бірнеше рет ұсыныс жасаған. Олардың айтуынша, қоғамдық көліктердегі қалыпты баға 125 теңге болуы тиіс.

Осы тұста автобус жүргізушілері де өздерінің ойын ортаға салды.

«Тарифті көтеруге жағармай мен қосалқы бөлшектер бағасының өзгеруі басты себеп. Қазір барлығы қымбаттап кеткенін білесіздер. Оның ішінде жанар-жағармайдың, аккумуляторлар мен қосалқы бөлшектердің бағасы да бір орнында тұрған жоқ. Бір жағынан, техникаларды жаңарту үшін жолақыны қымбаттатуға мәжбүрміз», - деді №38 автобустың жүргізушісі Андрей Богдан.

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер