Баршаға белгілі, өткен аптада Бас мүфти ауысты. Атап айтқанда, Алматыда өткен Қазақстан мұсылмандарының сегізінші құрылтайында Серікбай қажы Ораз Бас мүфти болып сайланды.
Ақпарат көзінің дегеніше, құрылтайға азаматтық қоғам және дін істер министрі Нұрлан Ермекбаев, Президиум мүшелері, аймақтан келген дін қызметкерлері мен теолог-ғалымдар қатысқан. Жиында Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасының төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы 5 жылда Бас мүфти қызметіне атқарған жұмыстарына есеп берген көрінеді. Осы аралықта өзге діннің жетегінде кеткен 5 мың мұсылман исламға қайта оралыпты. Дін саласында жасалған басқа да істерін қорытындылаған Малғажыұлы өзінің орнына, яғни Бас мүфти қызметіне Серікбай қажыны ұсынды. Оны 300 делегат қолдап дауыс берді.
Серікбай Ораз Сатыбалдыұлы 1975 жылы дүниеге келген. Үйленген. Жеті баласы бар. Бұған дейін Астана имамы, Дін істер басқарамасы төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған ол дін саласында жиырма жылдан астам еңбек еткен.