Apple, Facebook, Tesla компанияларында қызметкерлер неше жыл жұмыс істейді?
03.05.2021, 15:22

Apple, Facebook, Tesla компанияларында қызметкерлер неше жыл жұмыс істейді?

Кремний алқабында орналасқан компанияларда жұмыс істеуді көпшілік армандайды. Бізге Apple, Facebook, Google компанияларындағы қызметшілердің жұмысы ғажап болып көрінгенімен, бұл мекемелерде мамандар орташа есеппен алғанда 2-3 жылдан кейін өздеріне басқа жұмыс орнын іздей бастайды екен. Себебін білгіңіз келсе, 7kun.kz редакциясы ұсынған мақаланы оқып шығуға кеңес береміз.

Uber 

1.8 жыл 

Фото: the-steppe.com

Кез келген кәсіпті бастағанда, команданың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жұмыс істеуіне тікелей көшбасшы өз септігін тигізетіні осыған дейін де бірнеше мақалада айтылған. Егер бұл пікірмен келіспейтін болсаңыз, 2017 жылы Uber компаниясының қызметкерлері көшбасшыға, оның саясатына аз сенетін болғандықтан, компаниядан өз еркімен кетіп, басқа жұмысты іздеуге тура келгенін біліп жүріңіз. Uber әлемдегі 70 мемлекеттің 570 қаласында жұмыс істейді, Кремний алқабында орналасқан үздік компаниялардың бірі саналады. Дегенмен, SCGS Executive Search президенті Гийом Шампаньның айтуынша, осыдан бірнеше жыл бұрын Uber-дің қызметкерлерін басқа компанияға қызықтыру өте қиын болған. Себебі, олар компания беретін жеңілдіктермен қоштасқысы келмейтін. Алайда, Uber-дің екі қызметкері сексуалды алымсақтық құрбанына айналғаннан кейін, компаниядан кетушілерлің  саны 5-10 пайызға өскен екен. Uber қызметкерлерін тегін тамақтандырады, спортзалға абонемент, Uber және Uber Eatsжүйелеріне жеңілдіктер береді. Егер өзге компаниялар қызметкерлеріне 1 айлық демалыс берсе, Uber-де мұндай шектеу жоқ. Сіз қалауыңыз бойынша үш айға немесе алты айға демалыс алуыңызға болады. Жақсы жағдайларға қарамастан компанияда қызметкерлер орташа есеппен алғанда 1,8 жыл жұмыс істейді. 

Facebook 

2,5 жыл  

Фото: ain.ua

Әлемдік компанияларда жұмыс істеп, тәжірибе жинағысы келетін бағдарламашылардың басым бөлігі, ең алдымен FacebookGoogleAppleAmazon сынды ірі компанияларға жұмысқа орналасуды армандайды. Жоғарыда аталған мекемелердің қызметкерлері де бар ынтасымен талпынып, компанияның қызметкері атануды қалайтын бағдарламашылар үшін түрлі сайттарға мақалалар жазып, қолынан келгенше көмектесіп жатады. Бәрінен көп еңбектенген, оқыған адам ғана Facebook әлеуметтік желісінің 3 бөлімнен тұратын күрделі әңгімелесуінен сүрінбей өте алады, қалғаны өз мүкіндігін басқа ұйымдарда сынайды. Дегенмен, “Фейсбукке” жұмысқа орналасу Google сынды компанияға қарағанда оңайырақ және осында бағдарламашының қызметтік мансаппен көтерілуі үшін жақсы жағдайлар жасалған. “Фейсбуктің” қызметкерлері әлемдегі бақытты қызметкерлердің бірі дегенді естіген боларсыз. Расында, Facebook қызметкерлеріне тегін тамақ пен жоғары жалақыдан бөлек, тегін велосипедтер, тағылымгерлерге тұрғын үй тауып береді екен. Сонымен қатар, қызметкер тісі ауырса, штатта жұмыс істейтін тіс дәрігерінің көмегіне, ал денсаулығын ретке келтіріп, дене шынықтырумен айналысқысы келсе, компанияның атынан спортзалды тегін пайдалана алады. Payscal дерегі бойынша, Google мамандары компаниядағы жұмысқа 83 пайызға, ал Facebook мамандары 93 пайызға қанағаттанады екен. Әлемдегі ең танымал әлеуметтік желінің бағдарламашылары жылына 135 000 доллар, ал тағылымгерлері айына 7400 доллар табады. Ал осындай керемет компаниядағы бағдарламашылардың неліктен жанға жайлы жұмыс орнын тастап, басқа ұйымның мүшесі болуға ұмтылатынын қызметкерлер мойынға жүктелетін жұмыстың көптігімен түсіндіреді. Кейде бағдарламашыға алдағы алты айлық жұмысты орындау тапсырылады, ал алты айдан кейін оның жұмысы қажетсіз болып қалады екен. Орташа есеппен алғанда, қызметкерлер “Фейсбукте” екі жарым жыл жұмыс істейді.  

Tesla  

2,1 жыл 

Фото: stroom.in.ua

2018 жылдың наурызы Tesla тарихында күрделі айдың біріне айналды. Компания бар болғаны бірнеше аптаның ішінде екі мықты қызметкерінен, нақтырақ айтқанда қаржыға жауап беретін жетекшілерінен айрылғаннан кейін, қызметкерлердің компанияға деген сенімі су сепкендей басылды. Болашақ көлігін шығарумен айналысатын компанияның акциялары биыл 9,8 пайызға өскенімен, соңғы деректер бойынша 0,4 пайызға қысқарған. Оның үстіне Илон Масктың бүгінгі күні бір минуттың ішінде 6,5 мың доллардан айрылып жатқаны белгілі болғандықтан кейін де, ендігі кезекте қызметкерлердің басқа компаниядан жұмыс табуына ешнәрсе кедергі келтіре алмайды. Tesla қызметкерлеріне саяхаттауға жеңілдік жасап, опциондар бергенімен, көбінесе олар компанияда 2,1 жылдан артық жұмыс істемейді екен. Осыған дейін де, компания қызметкерлері Илон Маскқа жұмысқа қолайлы жағдайлар жасамағаны үшін шағым келтірген болатын.  

Apple  

Фото: osken-onir.kz

Стив Джобстың қол астында жұмыс істеп, әлемге танымал Apple компаниясының қызметкері атануды армандайтын бағдарламашы кемде кем. Компанияның қызметкерлеріне де ұсынатын жеңілдіктері мен сыйлары өзге мекемелердікінен кем түспейтінін бәріміз жақсы білеміз. Мысалы, сіз компания қызметкері болсаңыз, оның кез келген өніміне жеңілдік алып, танымал әншілердің ән кешіне тегін кіре аласыз. Сондай-ақ денсаулығыңыз нашарласа, штатта жұмыс істейтін дәрігердің көмегіне жүгінуге мүмкіндігіңіз бар. Дегенмен, бұл компанияның  қызметкерлері ұсынылған  қолайлы жағдайларға қарамастан, басқа мекемелерге еш өкінбестен ауысады екен. Бір қызығы, 2015 жылы танымалдығы әлемдік деңгейде артып келе жатқан Tesla компаниясында, 150-ге жуық Apple компаниясының қызметкерлері, ендігі кезекте Стив Джобстың емес, Илон Масктың қол астында жұмыс істей бастады.  Тіпті Apple вице-президенті Дуг Филд Macbook Air, Macbook Pro өнімдеріне өз үлесін қосса да, арманы Стив Джобстың компаниясында орындалмағаннан кейін, “Теслада” болашақтың үздік көлігін дайындаумен айналысып жүр. Көлік шығаратын компанияға, неліктен смартфон, компьютер өндірумен айналысатын мамандар қызығады? Біріншіден, “Теслаға” жұмысқа орналасатын болсаңыз, 6000 қызметкермен бірге жұмыс істеп, олармен тәжірибе алмасуға мүмкіндігіңіз бар. Екіншіден, егер 10 жыл бұрын көліктер тек 10 пайызға ғана бағдарламалық жабдықтамамен қамтамасыздандырылған болса, қазіргі таңда бұл көрсеткіш 60 пайызға дейін көтерілген. Демек, Apple компаниясынан келген бағдарламашылардың Tesla электр көліктеріне жабдықтаманы орнатып қана қоймай, оны дамытумен және жетілдірумен де айналысуға мүмкіндіктері бар. Сондай-ақ, Apple компаниясының дизайнерлері де осында сәйкесінше электр көліктің интерфейсін жасаумен айналысып жүр.  

Oracle  

7 жыл

Фото: 1.bp.blogspot.com

Бастапқы капиталы бар болғаны 1400 долларды құраған, ал бүгінгі күні бағдарламалық жабдықтама жасап, табысы жағынан “Майкрософт” компаниясынан кейін екінші орынды иемденетін Oracle компаниясында қызметкерлер орташа есеппен 7 жыл жұмыс істейді екен. Oracle қызметкері атансаңыз, сіз күнделікті тұрмысыңызға қажетті азық-түліктен бастап, телефон, компьютер сынды техниканың өзге де түрлеріне жеңілдік алатын боласыз. Сонымен қатар, кеңседе отыруды ұнатпасаңыз, үйіңізден шықпай-ақ күнделікті жұмысыңызды орындай аласыз. Қалауыңыз бойынша бір ай ғана емес, алты ай, бір жыл көлемінде демалыс алуыңызға болатынын біліп жүргеніңіз абзал.

Дереккөз: 7kun.kz

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер