Кәсiпқой боксшы Қанат ИСЛАМ: «Атажұрт арманым едi...»
22.11.2016, 13:40

Кәсiпқой боксшы Қанат ИСЛАМ: «Атажұрт арманым едi...»

Бейсенбi күнi қазақ спортындағы жұлдызды жiгiттердiң бiрi, кәсiпқой боксшы Қанат Ислам Оңтүстiк Қазақстан педагогикалық институтында студенттермен кездесу өткiздi. Әсерлi жүздесудi институт ректоры Оңалбай Аяшев жүргiзiп отырды.

– Бұл iс-шара ел Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығына және ҚР Тұңғыш Президентi күнiне орай ұйымдастырылып отыр. Қазақ үшiн Қанаттың жөнi бөлек. Бауырымызды өз заманының Махамбетi десе болады, – дедi Оңалбай Аяшев.

Әуесқой бокста да атын әлем құрметтеген, кәсiпқой бокста да өзiн мойындатып үлгерген тарлан қонақжай Оңтүстiк жұртшылығына ризашылығын бiлдiрiп, жанкүйерлер қойған сұрақтарға жауап бердi.

 – Қытайдағы Алтай облысында, қара Ертiстiң бас жағындағы қазақ ауылында дүниеге келдiм. Бағыма қарай мықты бапкерге, ұстазға тап болдым. Бала кезiмде Қытайдағы бiр жарыстың финалында төрешiлердiң бұра тартуы салдарынан жеңiлiске ұшырадым. Ызадан жылап жiбердiм. Сол кезде ағам бапкерiме жолығып, «балаға неге қиянат жасайсыңдар?» дедi. Бапкер «сендердiң мына тiрлiктерiң баланың ойыны ғой. Мықты болса сағы сынбай, өзiн дәлелдесiн» дедi. Бапкердiң осы сөзi жүрегiме тиiп, көз жасымды сап тыйдым. Мықты болуға тырыстым. Бiрде бокс үйiрмесiне барсам, бапкер «сендер неге келдiңдер?» деп сұрады. «Чемпион болғым келедi» деп едiм, ол кiсi «чемпионды даярлай аламын. Бiрақ, маған ең алдымен адам тәрбиелеу керек. Чемпион болу оңай, алайда, сол атаққа сай азамат болу қиын» дедi. Ұстазымның осы сөзi есiмде сақталып қалды. Бапкерiм бiзге тек бокспен шұғылданбай, кiтап оқуымызды, бiлiмдi болуымызды талап еттi. Сол ұстаныммен өмiр сүрiп келемiн, – деген Қанат батыр «Қазақстан сiз ойлағандай ел болып шықты ма?» деген сұраққа да жауап бердi.

– Қытай құрамасы сапында Бейжiң Олимпиадасында қола жүлдегер атандым. Жетiстiктерге жеттiм. Бiрақ, көкейiмде бәрiбiр атажұртқа деген сағыныш тұрды. Дамир Буданбеков, Нұрғали Сафиулин ағалар да тәлiм-тәрбиесiн берiп, елiмiз туралы жиi айтатын. Қазақстанға көшетiнiмдi айтқанда ағам «Ол жақта сенi кiм күтiп тұр? Кiм керек қылады?» деген едi. Мен «Бiреудiң керек қылғаны қажет емес. Атажұртта өмiр сүргiм келедi. Егер Қазақстанда көше сыпырушы болып жұмысқа тұрсам, ең үздiк сыпырушы боламын, егер малшы болсам, ең бай малшы боламын» деп жауап бердiм. Ал, менiң кейбiр қандастарым, шыны керек, тәуелсiздiктiң қадiрiне жете алмай жүр. Қытайдан көшерде бапкерiм спорт басқармасын басқаруды да ұсынды. Бiрақ, бас тарттым. Сол кiсi «Менiң зәулiм үйiм бар. Бiрақ, одан не пайда? Жердiң үстi ғана менiкi, асты маған тиесiлi емес. Тәуелсiз елiм болса, сол бақыт қой» деп айтып отыратын. Аллаға шүкiр, елiме оралдым. Жердiң асты да, үстi де менiкi. Өз Отаным. Сiздермен тәуелсiз елде бас қосып, дидарласқаныма шын бақыттымын. Мақсатым – қазақ халқына қызмет ету, iнi-қарындастарыма үлгi тұтарлық азамат болу, – дедi Қанат Ислам.

  Кездесуде «Егемен Қазақстан» газетiнiң облысымыздағы меншiктi тiлшiсi Бақтияр Тайжан мен «Қазақстан–Шымкент» телеарнасының директоры Уәли Қыдыр чемпион туралы лебiздерiн бiлдiрсе, ОҚМПИ-дiң талантты студенттерi Қанат ағаларына арнаған өлеңдерiн оқыды. Айтыскерлер жырдан шашу шашса, әншiлер әннен алқа тақты. Кеш соңында ОҚМПИ ректоры Оңалбай Аяшев Қанат Исламға шапан жауып, сый-сияпат жасады.

 

Суреттi түсiрген Қайсар Шерiм

Дерек көзі: okg.kz

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер