Қазақстандық делегация Қысқы Олимпиада ойындарының ашылуында спортшылар шеруіне шықты. Бұл туралы Sputnik Қазақстан-ға сілтеп, Stan.kz хабарлайды.
Пхенчхандағы қысқы Олимпиаданың ашылу салтанатында шорт-трекші Абзал Әжғалиев Қазақстанның туын “Алтын адам” бейнесінде алып жүрді.
Ұлттық олимпиада комитеті хабарлағандай, ту ұстаушының костюмін жас қазақстандық дизайнерлер тіккен. Ол “аң” стилінде ою-өрнекпен безендірілген.
«Бәріне таныс Алтын адам костюмінің әдемілігін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Есік маңындағы өнер туындысы «Алтын Адам» жиынтығын жасап шығуға үлкен шабыт берді»,-дейді ҰОК.
Сондай-ақ, бас киім атақты «Қыз-Жібек» фильміндегі Төлеген батырдың дулығасына негізделіп жасалған.
Алғашқы мыңжылдықта пайда болған «аң стилі» Жетісу аймағында өмір сүрген жануарлардың пішінін сипаттайды.
Айта кетейік, Пхенчханда өтіп жатқан 2018 жылғы қысқы Олимпиада 25 ақпанға дейін созылады. Қазақстаннан 54 лицензияны жеңіп алған 46 спортшы қатысады.