Былтырғы жекпе-жекте екі боксшының ұпай сандары тең түскенде жанкүйерлер наразылық білдірген еді. Көбі жеңіс Головкиндікі деді. Мамырда өтетін кездесу осы өкпе-назға нүкте қояры сөзсіз. Әзірге Today.kz Геннадий Головкин туралы сіз естімеген қызықты деректерді назарларыңызға ұсынады:
- Геннадий Головкин мультфильмдерді қатты жақсы көреді. Оның балалық шағы кеңестік дәуірде өткендіктен сол кезеңдегі анимациялық фильмдерді ұнатады.
- Гена бокстан бұрын футбол, тенниспен шұғылданған. 10 жасында өзінен 15 минуттан кейін туылған егізі Максиммен бокс залына келіп, жаттыға бастаған. Алғашқы кездесуін 11 жасында өткізіп, жеңіліп қалған. Ал егізі Максим – Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген жаттықтырушысы.
- Осы уақытқа дейін кумирі болмаған. Тіпті, Генаның бокста да кумирі жоқ. Оның ойынша адамның кумирі болмағаны әрі өзі де біреуге кумир болмағаны абзал.
- GGG өмірдегі ең бақытты күнін сегізінші сәуір деп есептейді. Бұл күні Геннадий Головкин өмірге келген.
- Астана қаласында жекпе-жек өткізу Генаның арманы.
- Геннадий Головкин отбасымен Лос-Анджелесте тұрады. Ал Қазақстанда оның туыстары мен ата-анасы тұрады. Геннадий Головкин 2012 жылы отбасымен Германияда тұрғандықтан ағылшын тілінен бөлек, неміс тілін де жақсы меңгерген.
- Генаның жұбайы Алина ешқашан күйеуінің жекпе-жегін тамашаламаған. Алина мен Геннадийдің Вадим есімді ұлы бар.
- Геннадий Головкий "Нұр Отан" партиясының депутаты.
- "Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, менен көбісі ұлтым туралы сұрайды. Сонда мен "Әкем - орыс, анам - кәріс, мен - қазақпын" деймін" деген Генаның сөзі қоғамда танымал тіркеске айналды.
- Геннадий туралы америкалық тележурналист "Оның түріне қарасаң періште сияқты, бірақ бәрін өлтіруі мүмкін" деген пікір білдірді.
Жазба авторы:
Тойгүл Нұржанқызы