Ағылшындар Ақтөбедегі террорлық қауіптен қорқып отыр
24.09.2016, 11:34

Ағылшындар Ақтөбедегі террорлық қауіптен қорқып отыр

Ағылшындар жастар құрамасын Қазақстанға жіберуге қорқып отыр. Олар Ақтөбедегі террорлық қауіптің әлі де сейілмегендігін алға тартып, сескенуде. Бұл туралы sportsffa.kz The Independentке  сілтей отырып хабарлайды.

Қазақстан жастар құрамасының 6 және 10 қазан күндері Англия және Норвегия құрамаларына қарсы ойындарының Ақтөбе қаласында өтетіндігі туралы тамыз айының басында белгілі болған. Содан бері ағылшындардан маза кетіп, түн ұйқыларынан айрылған секілді. Маусымның 5-і күнгі сол оқиғаны есімізге де алғымыз келмейді. Бір топ террорист Ақтөбеде қару сататын екі дүкенді тонап, тапа-тал түсте әскери бөлімге басып кіреді. Қалада бірден антитеррорлық шаралар ұйымдастырылып, 18 басқын ұсталды. Өкінішке қарай, сол террорлық шабуылдардың кесірінен сегіз адам қаза тапқан. Қалада бірден террорлық қауіптің «қызыл» белгісі жарияланды. Дегенмен, Республика бойынша «сары» белгісі әлі де 2017 жылдың 15 қаңтарына дейін жалғасады.

«Ресеймен шекаралас Ақтөбе қаласы маусым айында террорлық шабуылдардан зардап шеккен. Соның салдарынан 19 адам қайтыс болған. Кейін Қазақстан Президенті бұл террактіге «Ислам мемлекеті» лаңкестік тобының қатысы бар екендігін де айтқан. Сол оқиғалардан кейін шаһарда әлі де қауіп бұлты сейілген жоқ. Англияны неліктен бұл қалаға шақырып отырғанын түсінбей далмыз», - деп жазады The Independent. 

Сондай-ақ, Ұлыбританий Сыртқы істер министрлігіне сілтеме келтірген аталмыш басылым Қазақстан – Англия матчын тамашалауға баратын жерлестеріне Ақтөбеде абай болып жүрулеріне, кез келген қауіп жағдайында елшілікпен хабарласып отыруларына және қандай да жаңалықтарға құлақ түрулеріне кеңес береді. Дегенмен, Ақтөбе қаласының басшылығы барлық жағдайды өз бақылауларында ұстап отырғандықтарын айтып, жастар құрамасының алдағы матчтарын ұйымдастыруға барлық күштерін салып жатқандықтарын жасырмады.

– Мен біздің аймақты тынышсыз деп айтпас едім, - деді осы ойындардың ұйымдастыру жұмыстарына байланысты өткен баспасөз мәслихатында Ақтөбе облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ескендірбек Маханов. – Қазір қаламызда жағдай тынышталған. Дегенмен, мұндай масштабтағы матчтарда қосымша қауіпсіздік шараларын күшейтеміз. Мұндай жоғары деңгейдегі матчтарды бірінші рет ұйымдастырып отырған жоқпыз. Бұған дейін де Ақтөбе Қазақстан жастар құрамасының бір кездесуін жоғары деңгейде ұйымдастырған. 

Естеріңізге сала кетейік, 2007 жылы Ақтөбеде өткен Қазақстан – Грузия жастар құрамалары арасындағы матчта Евгений Яровенко жаттықтырған жастарымыз қонақтарды 4:1 есебімен ойсырата жеңген. Ерзат Кенбаев пен Азат Нұрғалиев қос-қостан гол соққан. Ал Англия мен Норвегия құрамаларынан біз осы іріктеу додасында екі рет кездесіп үлгеріп, алғашқысынан 0:3 есебімен ойсырай ұтылсақ, «викингтерге» 1:2 есебімен жол бергенбіз. Әлбетте, әлем футболындағы ең тәкәппар құрамалардың бірі Англияның жағдайын жақсы түсінеміз. Олар өз футболшыларын қызғыштай қорғап, кез келген қауіп-қатердің алдын алып отыруға тырысады. Әрбір нәрсеге алаңдап, әрбірінің қамын жасайды. Міне, сондықтан олар осы топта көш бастап тұрса, ал біз өз жастарымызға жаттығуға жағдай жасап бере де алмай отырмыз.

 

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер