Төреші ысқырығы естілісімен біздің құрама ойын тізгінін өз қолына алып, бірінші номермен ойнауға тырысты. Қатарынан бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырған Какау шәкірттері көп ұзамай өз дегендеріне жетті. Қазақстан құрамасының су жаңа ойыншысы Тайнан соққысы діттеген жеріне жетіп, ойынның небары үшінші минутында есепте алға шықты.
Бұл голдан кейін де біздің жігіттер ойын тізгінін уыстан шығармады. Ойындағы екінші голды Сүлейменов пен Оразов ұйымдастырды. Алғашқысы алыс бұрышта тұрған жас ойыншығы дәл пас берсе, соңғысы мүмкіндігін мүлт жібермей ресми ойындағы Қазақстан құрамасы үшін алғашқы голын соқты. Бірінші таймда Қазақстан құрамасы тағы екі гол соққан. Ұлттық құраманың үздіктерінің бірі Серік Жаманқұлов пен Першин бірден гол соғып бірінші таймдағы Қазақстан құрамасының басымдығын төрт допқа жеткізді.
Ойынның екінші бөлігінде Польша құрамасы бірінші таймға қарағанда ширақ бастады. Тіпті біздің қақпаға бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырып, Игита қорғаған қақпаны жиі мазалаумен болды. Ойын есебін поляктар екінші таймның ортасында қысқарта алды. Солецки соққан гол Польша құрамасына қосымша күш бергендей көрінді. Бұл голдан соң қарсылас Қазақстан құрамасын бірнеше минут бойы қақпа маңында қорғануға мәжбүрледі. Дегенмен, Дуглас бастаған қорғаныстың қас шеберлері талай шабуылдың бетін сәтті тойтарып, реті келгенде қарымта шабуылды да ұйымдастырып отырды.
Топтық кезеңдегі екінші ойынын өткізіп жатқан Польша құрамасы ойын соңына қарай аздап шаршап қалды. Шабуылда ширақ қимылына қарағанда қорғанысында қателік көбейді. Дәл осы тұста Дуглас есептегі Қазақстан құрамасының басымдығын тағы да төрт төпқа жеткізді.
Бұл жеңісінен соң Қазақстан құрамасы топтағы екінші ойынның нәтижесіне қарамастан Еуропа чемпионатының ширек финалына шықты. Енді біздің құрама Ресеймен топтағы бірінші орын үшін ойнайтын болады.
Футзалдан Еуропа чемпионаты
В тобы
Польша — Қазақстан 1:5
Голдар: Тайнан 3 (0:1), Оразов 9 (0:2), Жаманқұлов 20 (0:3), Першин 20 (0:4), Солецки 29 (1:4), Дуглас 38 (1:5),
Ескерту алғандар: Кризель 17 — Дуглас 9
Польша: Калужа, Заставник, Лютецки, Миколаевич, Поплавски — Видух, Кубик, Девуцки, Цыман, Гладчак, Мизгайски, Солецки, Кризель, Войцеховски
Қазақстан: Игита, Довгань, Есенаманов, Дуглас, Нургожин — Шамро, Тайнан, Жаманқұлов, Сүлейменов, Першин, Таку, Тұрсағұлов, Акбаликов, Оразов
Төрешілер: Алехандро Мартинес Флорес (Испания), Хуан Галлардо (Испания), Богдан Сореску (Румыния).
Батыр Баян Журналист, prosports.kz