Енгізіліп отырған өзгерістерге сәйкес, Түркістан қаласының облыс орталығы болуы кезінде қала әкімдігіне қарасты 12 ауыл округі Кентау қаласы әкімдігінің қарамағына өтетін болады. Шымкент қаласының аумағы өзгеріссіз қалып, облыстың аумағынан жеке бөлініп шығуына байланысты облыстың аумағы қысқармақ. Сонымен қатар, әлеуметтік, әкімшілік нысандардың орналасу жағдайы мен инфрақұрылыммен, оның ішінде, ауыз сумен, газбен, автомобиль жолдарымен, байланыс желілерімен қамтылуы, ағын сумен қамтамасыз етілуі, жер жағдайы, олардың халыққа ыңғайлы болу мәселелерінің барлығы ескерілген.
Сессия жұмысына қатысқан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев баршаны Шымкент қаласы тұрғындарының 1 миллионға жетуімен шын жүректен құттықтады.
«Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қашан да ұлт руханиятының алтын ұясы, қазақ тарихының түп тамыры – Оңтүстікке айрықша көңіл бөліп келеді. Тәуелсіз Қазақ елінде тұңғыш рет миллиондық қаланы межелеу, оған арнайы мәртебе беру ісі 2014 жылдан басталды. Бүгінде көзделген мақсат орындалып, Шымкент қаласы тұрғындары 1 миллионға жетіп отыр. Біз Сіздермен бірге Шымқалаға республикалық мәртебе берумен қатар, жаңадан облыс орталығын таңдау бақыты бұйырған тарихи сәттің табалдырығында тұрмыз. Мұндай орталық ретінде Қазақ елі үшін ғана емес, исі түркі әлеміне ортақ, қасиетті Түркістанның таңдалуын халықтың зор ықыласпен қабылдауын қуанышпен атап айтқым келеді. Мұны Түркістан, Кентау қалаларының шекараларына өзгерістер енгізу барысында тұрғындармен жүргізілген қоғамдық тыңдаулар мен өздеріңізбен талқылау барысында айқын сезініп отырмыз»,-деді аймақ басшысы.
Аталған мәселе бойынша Үкімет жанынан құрылған арнайы жұмысшы топпен бірлесе бөлудің экономикалық тиімділігіне, оның облыстың, Шымкент, Түркістан, Кентау қалаларының әлеуметтік-экономикалық дамуына әсері жан-жақты талданды.
Жоғарыда аталған ұсынысты қолдаған халық қалаулылары Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы облыс әкімдігі қаулысы мен мәслихаттың шешіміне қол қойды.
Жалпы, қаланың инженерлік-инфрақұрылыммен қамтылу деңгейі жоғары болып табылады. Бұл көрсеткіштер Шымкент қаласына ерекше мәртебе беруіне толық мүмкіндік береді.
Қазақта «қос тойың қабат болсын, екі дүниең абат болсын» дейтін керемет сөз бар екенін айтқан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Ұлы Тұран даласының темірқазығы, Ұлы түркі бабалардың түпқазығы саналатын қасиетті өлке Түркістанды облыс орталығы ету ұсынысы баршаға ерекше ой салатынын жеткізді.
«Түркістан - Рухты қайрап, Алашты арқаландырып, тағдырлы кезеңдерде Қазақ дейтін елді сақтап, берекесін арттыра білген қасиетті жер. Санаға сілкініс туғызып, отаншылдық сезімді тереңдететін тың бастама Рухани жаңғырудың жарқын көрінісі болары анық. Осы орайда Түркістан туризм саласы бойынша Самарқанд, Бұхара, Хиуа сияқты қалалармен бәсекелесіп, Түрік әлемінің астанасы және облыс орталығы ретінде әлемдік аренада Қазақстанның беделін биіктетіп мәртебесін асқақтатады деп есептеймін»,-деді қорытынды сөзінде облыс әкімі.