Елбасы Астанада өтіп жатқан Орталық Азия елдері басшыларының кездесуі Ресей және Қытай сияқты аймақтағы үлкен елдермен қарым-қатынасына әсер етпейтінін айтты.
– Әрине, біз Орта Азия елдері ғана жиналып алып, бұл мәселелердің шешімін тауып отырған жоқпыз. Біздің үлкен көршілеріміз бар, ол – Ресей мен Қытай Халық Республикасы. Бұл елдермен де үлкен қарым-қатынастамыз. Транспорт ісіне Ресеймен тығыз байланыста болсақ, Жібек жолына қатысты Қытаймен бірге жұмыс істеп келеміз. Біз бұл үлкен көршілерімізбен ары қарай да тығыз қарым-қатынаста боламыз, болғымыз да келеді. Баршамыз Ресейдегі сайлаудың жақсы өтуіне тілектеспіз және Владимир Владимирович Путин мырзаға үлкен жетістік тілейміз, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Айта кетейік, Орталық Азия елдерінің басшылары ТМД, ШЫҰ, ҰҚШҰ, Ислам конференциясы ұйымы, БҰҰ немесе ЕҚЫҰ тәрізді ірі ұйымдар аясында жиналатын, оның бәріне Ресей де қатысатын. Ал бұл жолғы кездесу Ресей басшысының қатысуынсыз өтіп жатыр.