– Біз сіздерді күттік және келгендеріңіз үшін қуаныштымыз. Қазақстан қырғыз делегациясы көтерген кез келген мәселені шешуге дайын. Біз тәуелсіз елдер ретінде 26 жылдан бері көрші болып келеміз. Осы уақыт аралығында мен Қырғызстан туралы бірде-бір рет жаман айтқан емеспін, жаман әрекет жасағаным жоқ. Бұл дұрыс. Біз келеміз, кетеміз. Ал, бауырлас екі ел бізге дейін де, бізден кейін тату болып қала бермек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев қырғыз президенті Сооронбай Жээнбековке.
Сооронбай Жээнбеков Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстанға ресми сапармен келуге мүмкіндік туғызғаны үшін және өткен сайлаудағы жеңісімен құттықтағаны үшін алғыс айтты.
– Менің Қазақстанға бірінші сапарым қос мерейтой – елдеріміз арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 25 жылдығы мен Мәңгілік достық туралы шартқа қол қойылуының 20 жылдығы қарсаңында өтуде. Біздің тарихымыз да, тіліміз де, дініміз бен мәдениетіміз де бір, – деді Қырғызстан Президенті.
Мемлекеттер басшылары кездесу соңында бүгінгі келіссөздер мен олардың қорытындысы бойынша қол қойылған құжаттар екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға септігін тигізетініне сенім білдірді.