Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай шет мемлекеттердің басшыларынан құттықтау жеделхаттар келіп түсті.
Иран Ислам Республикасының Президенті Хасан Рухани өзінің хатында: «Соңғы жылдары ортақ мақсат пен мүдденің арқасында біздің екіжақты қарым-қатынасымыз жемісті дамып келе жатыр. Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы өңірдегі ынтымақтастық пен қауіпсіздікті нығайту ісіндегі сенімді серіктес болып саналады», – деп атап көрсеткен.
Морокко Королі VI Мұхаммед жеделхатында өзара құрмет пен достыққа негізделген екі ел арасындағы қарым-қатынастарға жоғары баға беріп, оның әрі қарай табысты дами түсетініне сенім білдірді.
Австралияның генерал-губернаторы Питер Косгроув өзінің жеделхатында: «ЭКСПО-2017» көрмесінің Астана қаласында табысты өтуімен құттықтаймын. Бұл шара үкіметтеріміздің өкілдері мен білім саласындағы мамандарымыздың кездесулер өткізуіне мүмкіндік берді», – деп атап өткен.
Мемлекет басшысына және Қазақстан халқына өзінің құттықтауларын Швеция Королі Карл XVI Густав пен Бруней Сұлтаны Хаджи Хассанал Болкиях жолдап, бақ-береке тіледі, сондай-ақ еліміздің өсіп-өркендеуіне ниеттестік білдірді.