Ақпарат көзінің дерегіне қарағанда, бұған дейін өзге өңірлерден қоныс аударған халықты шенеуніктер мектебі жабылғалы тұрған шағын ауылдарға қоныстандырып келген. Ондағы ойы халқы бытырап кеткен ауылдарды сақтап қалу болыпты. Сәйкесінше оларға жұмысты тек жергілікті шаруа қожалықтары ғана ұсынатын болған. Бұл – қоныс аударушылардың еңбекақылары қолдарына тек күзгі жиын терімнен соң ғана тиеді деген сөз. Енді Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда және Маңғыстау өңірінен көшіп келетін ағайын барлық мәдени, әлеуметтік нысандары бар ірі елді мекендерге ғана орналастырылатын болады.
"Бұдан былай ешқандай әлеуметтік нысаны жоқ шағын ауылдарға оңтүстіктен келген ағайынды қоныстандыруға тыйым саламын. Олар басқа жерден жұмыс таппай ертең бір серіктестік иесінің қолына ғана қарап қалады. Сондықтан алдағы жылдан бастап облысқа қоныс аударатын отбасылар тек ірі елді мекендерге ғана жайғастырылсын" деп атап өтті СҚО әкімі Құмар Ақсақалов.
Айта кетейік, екі жыл бойы жүзеге асып жатқан бағдарлама аясында теріскейге осы уақытқа дейін 300-ден астам отбасы көшіп келіпті. Ит жылы бұл көрсеткіш екі есеге артпақ.