Бұл сөздің айтылып жүргеніне біраз уақыт болды. Бірақ, нақты шешім шыққан емес. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» дегендей, желдің қай тұстан шығып жүргенін қайдам, бірақ анау-мынау қауесетті он орап алатын бұл әңгіменің ара-тұра айтылып қалатыны рас. Жалпы, Түркістанды облыс орталығы еткісі келетіндер мен алақандай ауданға ондай мәртебені қимайтындардың қайшыласқан пікірі қай кезде де қатар жүретіні – заңдылық. Бірі екі дүние есігі, ер түріктің бесігі саналатын киелі қаланы «облыс орталығы болуға лайық» деп санаса, енді бірі оның өңір орталығында емес екенін алға тартып, шалғайдағы аудандар одан сайын алыстап кететінін айтады. Бүгін-ертең облыс орталығын көшірейін деп жатқан ешкім жоқ, десек те осы бір қызу пікірталасқа сұранып тұрған тақырып төңірегінде айтылатын әралуан сөздерді реті келгенде біз де салмақтап көруге тырыстық.
Рас, күллі мұсылман халқы үшін киелі саналатын Түркістан-ның танымалдылығына талас жоқ. Арғы тарихы Шауғар, кейіннен Яссы, ал бүгін Түркістан деген атымен әлемге танылған көне қалаға алыс-жақыннан ат шалдырып келетіндер де аз емес. Осы тұрғыдан алғанда, егер Түркістанды облыс орталығы етер болсақ, оның көркейіп-көріктенуіне де кең жол ашылар еді. Бұл – бір. Екіншіден, қанша дегенмен облыс орталығы деген статус берілсе, көптеген мемлекеттік мекемелерді орналастыратын жаңа ғимараттар бой көтеріп, заманауи құрылыстар да қарқын алар еді. Білетіндер бұған дейін төбесі көк тіреген зәулім үйлердің Түркістанда салынбауын қасиетті Қожа Ахмет Яссауи кесенесінен биік тұратын ешқандай нысан болмауы керек деген пікірмен түсіндіреді. Кім білсін, бірақ ел экономикасы еңсе тіктеген кешегі күнге дейін басқа қалаларда да көп қабатты үйлер сирек салынды емес пе? Биіктігі аспанмен таласып тұратын 9-10 қабатты үйлер тек ел астанасы сияқты үлкен қалаларда болмаса, шағын қалалардағы жаңадан салынып жатқан үйлердің барлығы дерлік төрт-бес қабатпен шектелетін. Енді, міне, Түркістанның өзінен төбесі көк тіреген 9 қабатты екі үй салынып, таяуда тұрғын үй ретінде пайдалануға берілді. Әрине, Түркістан үшін қасиетті Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің орны бөлек. Яғни, ол екеуін бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Сол себепті де қасиетті қаланың төрінде Әзірет Сұлтан мұражайы тұр.
Ал, жаңадан салынып жатқан үйлер қаланың кіреберісіндегі мөлтекаудандардан бой көтеруде. Бәрі де бүгінгі архитектуралық талап үдесінен шығатындай өзара үндесіп жатыр.
Бастапқы тақырыпқа қайта оралатын болсақ, Орта Азияның кіндігінде жатқан Түркістанды тек облыс орталығы ғана емес, ел астанасы етуге де лайық көретіндер бар. Тәуелсіздіктің елең-алаңында ел астанасын көшіру туралы Елбасымыз Н.Назарбаев бастама көтергенде қазақ елінің Ордасы болуға лайық қалалардың бірі ретінде Түркістанның да аты еміс-еміс естіліп қалғаны жасырын емес. Алайда, қазақ елінің Астанасы орталықтан болуы керек екенін ескерген Елбасы ақыры Ақмола қаласын таңдады. Онысы өте дұрыс шешім болғанын бүгінде ел айтып жүр. Есіл өзенінің бойынан бүкіл ел тамсанып қарайтындай қала салынады дегенге кім сенген...
Түркістанды облыс орталығы еткісі келетіндердің тағы бір алға тартатын тұсы – оның сауда-саттық орталығы ретінде жақсы жолға қойылғандығы. Ар жағындағы Қызылорда халқы негізінен осы Түркістанға келіп сауда жасайды. Күні-түні үзіліссіз жұмыс істейтін базары бар. Яғни, келім-кетім көп. Барыс-келіс пен алыс-беріс бар жерде қала өздігінен дами беретіні белгілі. Оған облыс орталығы деген мәртебе берсек, онсыз да тіршілігі қыз-қыз қайнап жатқан рухани астананың әлеуеті артып, аз уақыттың ішінде адам танымастай болып дамып кетер еді.
Ал, енді әр нәрсенің жақсы жағымен бірге жаман тұстары да қатар жүреді дегенді ескерсек, бұл бастамадан анау айтқандай зиян шегетіндер көрініп тұрған жоқ. Егер елдегі үшінші қала болудан үмітті Шымкент облыс орталығы деген аттан айырылып қалса, қолы біраз қысқарып, келім-кетімі де әжептәуір азайып қалады деп алаңдайтындар болса, оған бола сары уайымға салынудың жөні жоқ. Айталық, Алматы қаласы облыс орталығы болмаса да, жыл өткен сайын көркейіп, үлкен мегаполис ретінде танылып келеді. Сол сияқты Шымкент те өз алдына енші алып шықса, бүгінгідей шым-шытырық мәселеден біраз арылып, өз бетінше дамып, елдегі үшінші қала ретінде еңсе тіктеуіне жол ашылады емес пе?! Қайта бірер құжатқа бола алыс аудандардан ат арытып келетін адамдардан біршама тазарып, есесіне көшедегі көлік кептелістері де азайған болар еді. Сондай-ақ, «облыстық» деген аты бар басқармалар мен департаменттер, түрлі мекемелер көшіріліп, қала тынысы кеңейіп қалады. Көшіріліп демекші, аталмыш басқарма-департаменттермен бірге мүйізі қарағайдан біраз басшы-шенеуніктер де өкше көтеруге мәжбүр болады. Бұл, әрине, оларға ұнамаса керек. Кім жасыл-желекті қаладан ірге үзгісі келеді дейсіз? Оның үстіне әбден бауыр басып қалған қаласын көзі қиып кете қоюуы да қиын-ау. Осы тұста Елорданың Алматыдан Ақмолаға көшірілген жылдары еріксіз еске түседі. Сол жылдары да біраз шенеунік әсем Алматыны қимай қиналған еді. «Талай қазақ көшіп барады Ақмолаға, Ақмолада басыңа бақ қона ма?» дегендей, қоғамдағы қозғалыс әр нәрсені жүрегімен қабылдайтын ақын-жазушылардың қаламы арқылы өлең болып өріліп жатты. Бірақ бүгін бәрі басқаша. Масасы маза бермейтін Ақмолаға да үйренді.
Егер алда-жалда айтқанымыз келіп, облыс орталығы Түркістанға көшірілетін болса, онда оның «минус» жағы тек осынау ақ жағалылырға ғана жағымсыз әсер етуі мүмкін. Онда да уақытша...
Аман Жайымбетов
Дерек көзі: www.korr.kz