Өр мінезді, таудың рухы болып табылатын ай мүйізді арқарымыз туралы сөз қозғамай тұрып алдымен Адам мен Арқарға байланысты мына бір аңызды мысалға келтірейік.
Қазақ пен қалмақтың жер таласы үшін жаугершілік, Ақтабан –шұбырынды заманында қазақтар қалмақтан жеңіліп жер ауып бара жатады. Емшектегі баласынан, қартайған кемпір-шалына дейін басы ауған жаққа көшкен қазақтың байтал түгілі бас қайғы дейтін шағы еді, бұл заман. Зұлмат заманның зардабын шегіп, ішерге ауқаты жоқ, «Елім-ай» деп зар жылаған емшектегі баласы бар келіншек жүдеп-жадап, өз баласын көтеріп жүруге әл-дәрмені қалмай қалған соң, күйеуі:
— Бала белде, қатын жолда — дейді қазақ, қайтесің, қалдыр баланы, ілес көшке, бір жотаның басына баланы тастап кет, әйтпесе көштің соңында қаласың деп, келіншекті өз баласын амалсыз қалдырып кетуге мәжбүрлейді.
Әйел баланы қимай тұрса да, тастың басында жылап-сықтап жөргекке ораулы сәбиін көзі қимай, жатқызып кетеді.
Біраз ұзаған соң, жүрегі бала деп соғатын ана баласын ойлайды. Не болды екен, деген оймен күйеуінің барма дегеніне қарамастан, тастап кеткен жеріне оралады.
Балаға жақындай бергенде, бір жануарға ұқсас нәрсе баланың қасынан ұзай береді. Жақындап келсе, арқардың аналығы аш баланы емізіп, сүтке тойдырып кетіпті.
Әйел қуанғанынан баласын қолына алып, көшті қуып жетіпті. Сол аман қалған баланың есімі — Мотыш екен, ол адам әулие өте ақылды, абыройлы ел атасы болған.
Кейіннен ол кісі Семейдің Ұлы Абай жерінде Тобықты елінің үлкен бабасы болып, одан үлкен еліне қадірлі Мотыш деген рулы ел тарайды.
Бүгіндері бұл Арқардың басым түрлері, тек Қазақстанда сақталып қалған. Себебі, қазақ ежелден көшпелі халық болғандықтан жануарлар дүниесіндегі аңдармен үйлесімді өмір сүрген. Аңшылық саяткерлік жасағанның өзінде де, ерекше аңшылық мәдениеті қалыптасқан. Жеріміздегі мекендейтін жан-жануарлар санының жойылып кету қаупін төндірмей, тепе-теңдікті сақтап отырған.
Оған дәлел, ежелгі қазақ аңшылары аң аулау кәсібімен айналысқанның өзінде қасқыр, шибөрі, аю секілді қауіпті зиян келтіретін аңның түрі болмаса, аңшылық кәсіпте мылтықты аса пайдаланбаған.
Малмен бірге көзін ашып өскен қазақ баласына жан-жануарға қатыгездік қиянат жасау жоқ нәрсе.
Қоршаған ортаның табиғатына және жануарлар дүниесіндегі алуантүрлікке, мейірімділікпен қарап оларды қорғап өсімін өсуіне жағдай жасап отырған.
Ұлттық аңшылық жасау тәтібі ерекше сақталып отырған, жылдың мезгіліне сай уақытына байланысты, қандай аң түрін аулау реттеліп отырған.
Олардың негізгі аңшылық жасауға, жүйрік атпен саятшылық жасап, аң аулау әдісі негізіне енген, тазы немесе төбет иттерді, бүркітті, ителгіні, ақсұңқарды, лашынды қосу дәстүрге айналған.
Бұл ұлттық кәсіби аңшылық дәстүр сабақтастығы болып қалыптасқан, ерте заманнан аңшылықпен айналысу түрі азаматтарымызды өжеттікке, батырлыққа, патриоттық сезімін оятуға тәрбиелеу, атадан балаға беріліп отырған.
Ежелгі Сақ дәуірі заманында арқар елдігіміздің рухты символы болып танылған. Оның айғағы – Есік қаласының маңынан табылған Алтын адамның бас киімінің ең жоғарғы бөлігіндегі алтыннан құйылған арқар мүсіні. Сондай-ақ Шығыс Қазақстандағы көне Берел қазбаларынан, көшпелі көне тайпалардың ескерткіштерден арқардың, көкбөрінің, аққудың бейнесіндегі мүсіндерді кездестіруге болады. Тіпті арқар, адырна, сазген, қобыз, шертер секілді саз аспаптарында да бейнеленген. Қарап отырсаңыз, жеріміздегі таулардағы тастар мен жартастардың бетінде арқарлардың петроглифтері бейнеленген суреттер өте көп кездеседі.
Арқар қазақ табиғатына біртабан жақын жануар. Қазақ қойға ұқсас жануар ретінде оны жоғары бағалалаған, және аса мейірімділікпен қараған. Бүгінгі күнге дейін келген өзіміздің дәстүрлі киіздерде, текеметтерде, кілемдерде арқардың мүйізіне ұқсас ою-өрнектер кеңінен орын алған.
Арқарлар дүние жүзіндегі ең ірі қой тұкымдас жануар, олардың құлжаларының салмағы 170-200 кг. дейін жетеді. Негізінде таулы аймақтарда ұсақ жоталарда, бұйраттарда, қыста қары аз азықтары мол далалық белдеулерді мекендейді.
Маусымды қоныс ауыстыруы да қызық. Көктемде бір не екі қозы табады. Ал қыста биік таудан төмен түсіп, көршілес аласа тауға қоныс аударады, негізінен қысы жайлы жерге бейім. «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар», дейді атам қазақ.
Қорғалмаған табиғи аумақтарда мекендейтін арқарларға, кейде адамның өзі де қауіп төндіреді. Адам факторынан туындаған келеңсіз жағдайларға байланысты арқарлар бұл күндері басқа жаққа ауып кетуге мәжбүр болып бара жатыр. Тағы бір мәселе, жеке меншіктегі мал бағушылардың арқарлар жайылатын жерлерге мал жаюы. Малымен бірге иттері, техникалары, басқа да қондырғылардың дыбыстары тыныштықты бұзуы салдарынан, арқарлар жазғы жайылымға таудан түсе алмай, қыста жайылатын жерінде еріксіз қала беруі орын алуда.
Өкінішке қарай, арқар жайылатын тау-жоталарда өсетін емдік шөптерді жинаушылар және туристердің рұқсатсыз келуі оларды емін — еркін жайылуына кедергі келтіріп отыр.
Қазіргі Англия, АҚШ, Германия секілді дамыған мемлекеттерде марал, бұлан, елік тәрізді жануарлар адамнан қорықпай қолға үйретілген мал секілді адаммен араласып, жайылып жүреді. Бұл адам мен жануардың бірге үйлесіп өмір сүріп келе жатқан, мәдениеті жоғарғы сол елдің табиғат қорғау заңын бұлжытпай орындайтын ел екенін дәлелдейді.
Жалпы, арқар Орталық Азияның он бір мемлекетінде мекендейді, оның ішінде Ауғанстан, Қытай, Үндістан, Қырғыз, Қазақстан, Моңғолстан, Непал, Ресей Федерациясы, Тәжікстан, Өзбекстан елдерінде кеңінен тараған. Бүкіл Орта Азияда мемлекеттерінде арқардың он түрі мекендесе, соның бес түрі Қазақстан жерін мекендейді.
Бұл жануарлар дүниесіндегі, ол ұлттық байлығымыздың үлкен жетістігі деп тану керек және жеріміздің ерекше мақтанышы болып табылады..
Жеріміздегі мекендейтін Арқардың түрілері, атап айтсақ, Қазақстан арқары, Алтай арқары, Қаратау арқары, Тянь-шань арқары,Үстірт арқары. Қызылқұм арқары бұрын болған, бірақ бұл арқардың түрі көршілес Өзбекстан мемлекетінде ерекше қорғалатын аумақтарда сақталып қалған, кейде біздің шекаралас жерден Қазақстан жеріне кіріп, кетіп жүреді.
Айта кету керек, ерте заманда қазақ жерінде жосып жүретін жабайы түйе, жабайы сиыр (тур), солтүстік бұғысы, жабайы жылқылар-тарпан, тұран жолбарысы сияқты аңдар бұл күндері толық жойылып кеткен түрі.
Аталған арқар түрлерін қорғап сақтап қалу үшін әлі де мемлекет тарапынан ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды шұғыл арада ашу және табиғат қорғау жұмыстарын одан әрі күшейту керек. Әсіресе, Шығыс Қазақстандағы Тарғабатай таулары, бұл аймақ әлі де толық зерттелмеген, табиғаттың алуантүрліктеріне өте бай аймақ, оның ішінде арқар мен маралдардың шоғырланған жері, аю, сілеусін бар, қар барысы болуы мүмкін деген жорамалды жоққа шығаруға болмайды, өйткені қар басқан биік Тарғабатай таулары бір шеті Алтай тауларымен ұштасса, екіші шеті Жоңғар Алатауымен ұштасады, бұдан басқа осы тауларда тарихи ескерткіштер де өте көп кездеседі.
Арқардың 2015 жылдың қортынды санағы бойынша, Қазақстандағы арқарлар саны 15710 басқа жетті, және алдыңғы жылдарға қарағанда 7 пайызға өскен.
Жаhандану заманында, шет мемлекеттерімен өзара қарым-қатынас нығая түскендіктен шетел бизнес өкілдерінің және жұмысшы ресурстарының жерімізге көптеп келуіне байланысты, табиғат байлығын оның ішінде жануарлар дүниесінің сақтап қалу жұмыстары күрделеніп, алаңдатушық тудыруда.
Мысалы кейбір елдерде, әсіресе Қытай мемлекетінің фармацевтикасы бойынша киіктің мүйізіне, бауырмен жорғалаушыларға сұраныс көп, браконьерлерді астыртын қаржылындыру арқасында, киіктерге және басқа да аңдарға браконьерлік фактілер азаймай тұр.
Бұл нарықтағы сұраныс көбейген сайын, браконьерліктің де өршуіне жағдай туғызып отыр деген сөз.
Сол сияқты, арқар мен киіктің мүйізі мен етіне кызығушылықтың арқасында браконьерлік фактілер тіркеліп тұрады. Браконьерліктің тыйылмайтын себебі, табиғат қорғау заңдарының әлсіздігі, ұсталған жағдайда оңай жауапкершіліктен құтылуы. Соның салдарынан браконьерлік жолға түсіп ұсталған адам, екінші рет сол қылмысты жасап, қайталап ұсталып жатады.
Жанға бататыны, браконьерлер астыртын қаржылай көмек көрсету арқасында, заманға сай жол талғамайтын көліктермен, алыс қашықта ататын дүрбілі ойық ұңғылы мылтық, сан-түрлі заманауи техникамен, байланыс құралдары мен жақсы жабдықталып, ұйымдасқан топтар құрып, жануарлар дүниесіндегі байлығымызға қол салуда.
Браконьерлермен күресті одан әрі жандандыру үшін және табиғат қорғау қызметін жаңа деңгейге шығару заманымыздың талабы, табиғат қорғау қызметінің одан әрі жетідіру керек, бұл мақсатқа жету үшін, табиғат қорғау қызметін жаңа ұсыныстарды іске асыру керек:
табиғат қорғау саласындағы қызметкерлерді мемлекет жағынан заманға сай техникамен және байланыс құралдармен жабдықтау;
жануарлар дүниесіндегі пайда болатын аурларды зеттеу және профилактикалық шараларды қолға алу;
жеке инвесторларды тарту арқылы аңшылық шаруашылықтарды ашу және туристік рекрациялық аймақтарды үлкейту;
мемлекеттік ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың санын көбейту.
Орман шаруашылығы жануарлар дүниесі комитетінің
жануарлар дүниесі және аңшылық шаруашылығы
басқармасының сарапшысы
Игілік Әмірғалин