Бертінге дейін бізді орыстандыру саясаты жүргізілді жəне бұл белгілі бір дəрежеде жүзеге асты – жемісін берді.
«Дәл қазір біздің тіл, дін деп зар қағып, тілді де, дінді де қалпына келтіре алмай, ұзақ сарсаңға түсуіміз – осы кеңестің дәуірдің ұлы жемісі», – дейтін Шерхан Мұртазаның сөзі бар.
Патша үкіметі, одан кейін де Кеңес үкіметі қазақты орысқа айналдырудың сан түрлі амал-тəсілін пайдаланды. Бұл отарлау саясатынан кейін басталған үрдіс-тұғын. Тəуелсіздік алғаннан кейін тежелді. Ұлт ретінде біз жер бетінен жоғалмасақ едік, бізді орысқа айналдырып тынар еді. Біржолата. Біздің атымыз Андрей, сіздің атыңыз Сергей болар еді. Бұл да жоғалудың бір белгісі.
Тəуелсіздік қазақты біржолата орысқа айналдырудан құтқарып қалды. Орыстанған ұлтқа айнала жаздап аман қалдық. Əйтпегенде қазір Ресейдің қолтығында жүрген өлі-тірісі белгісіз автономды ұлттардың күйін кешер ме едік, кім білсін,?! Көріп жүрміз ғой…
Ресейдің қарамағындағы аз ұлттар автономды деген аты болмаса əлдеқашан өз «менінен» айырылған. Олар өздерін орыс немесе ресейлік санайды жəне мұнысына арланбайды. Орыстанғанның ендігі бір белгісі – осы.
Орыстану. Ол неге тоқтаған жоқ?
Орыстану үрдісі Тəуелсіздік алғаннан кейін тоқтауы, тоқырауы керек еді. Себебі, орыстандыру саясатының күлі көкке ұшқан-тұғын. Тоқтамады. Біз əлі де болса орыстану үстіндеміз.
Оның нақты көрсеткішін мына мысалға қарап бағалауға болады: Алматыдағы 140-қа тарта мектептің 70-і орысша.
Орысша мектеп – орыстанған ұрпақ. Орыстану үрдісінің үзілмей отырғаны содан.
«Орыс тәрбиесін алған бала ұлт қызметкері бола алмайды». Жүсіпбек Аймауытов бекер айтпаған ғой.
Солтүстік өңірлердегі қазақтардың үлесі əлі де болса 30-40 пайыздан асқан жоқ. Құдай біледі, осы отыз-қырық пайыздың қаншамасы орыстанғанын. Орыстанған өңірлерде орыстану үрдісі де басым жүреді. Орыстанған қазақтар əлі де бар, əлі де көп, анығы. Олардың балалары да өздеріне ұқсайтын болады. Сабақтастық үзілмейді. Олардың қатары өзгеріп, толығып жатқаны содан. Атадан балаға беріледі. Қанмен емес, тәрбиемен. “Ұлтсыздар ұрпағы”. Айталы айтқан.
«Кеңестік жүйе ұлт болмысын ұлтсыздыққа қарай бейімдеп, ақ сүт берген анасының омырауын кесетін ұлтсыздар ұрпағын өмірге әкелді» дейді Амангелді Айталы.
Орыстанғандардың пайым түсінігі бізбен үйлеспейді. Кейбірінің пиғылынан қорқасың – соншалықты лас. Онысын жария қылып жүргендер бар. Орыстану үрдісін қалай тоқтатамыз? Орыстанған қазақтарға адасып жүргенін қалай жеткіземіз? Білмейміз. Білеріміз, орыстанғандар қазақтанудан өлердей қорқады. Олардың ұлтқа, тілге қатысты дүниелерге қарсы шығатыны да қорқыныштан туған.
Қазақтандыру қашан жүргізіледі?
Осы уақытқа дейін еліміздегі қанша ұлт өкілдерін қазақтандыра алдық? Жалпы, бізде мұндай саясат жүргізілді ме? Жоқ, əрине. Бұл біздің көпұлтты ұстанымға сай емес, өйткені.
Осы уақытқа дейін қазаққа айналған орысты немесе басқа ұлт өкілдерін көзіміз көрмепті. Көрсек те сирек. Сирек болғандықтан өзге ұлттың өкілі қазақша сөйлей қалса айналып толғанамыз, асты-үстіне түсеміз. «Ол сөйлеуі тиіс жəне бұған таңғалатын түк те жоқ» деген түсінік бізде əлі қалыптаспаған.
Бүгінгі биліктің көзі тірісінде қазақтандыру саясаты ешқашан жүргізілмейді, белгілісі. Біз бүгін де, ертең де, болашақта да орыстанғандармен алысып өтуіміз әбден мүмкін. Себебі, орыстану əрдайым оңай, ал қазаққа айналу – соншалықты қиын.
Дерек көзі: dalanews.kz
Пікір